Теңіз жағасында әркім өзінің міндетін атқарып, күндегідей қызу жұмыс жүріп жатқан. Кенет дабыл қағылып, жұмысшылар аяқ астынан әбігерге түсті де қалды. Айтып келмейтін апат екен. Теңіз кемесінен өрт шықты лапылдап. Тез жеткен өрт сөндірушілер өртті сөндіруге кіріссе, біраз адамдар техникалармен теңіз порты акваториясындағы төгілген мұнайды жоюмен айналысуда. Өндірістік аймақта транзиттік ангардағы үйінді астында қалған жұмысшылар да бар. Көз ілеспес шапшаңдықпен қимылдап жүрген құтқарушылар оларды үйінді арасынан шығарып алып, өзге қызметкерлер және жұмысшылармен бірге көлікке отырғызып, Ақтау қаласындағы 26-шағын аудандағы №14 орта мектепке жіберіп жатыр. Жарақат алып қалғандарға жедел жәрдем алғашқы медициналық көмек көрсетуде. Қас пен көздің арасында қарбалас басталып кетті. Деміңді еріксіз ішке тартқызған қорқынышты жағдай. Бір қуанарлығы, бұл апат емес, тек дайындық қана.
Каспий теңізіндегі жер сілкінісі болған жағдайда төтенше жағдайды (ТЖ) жоюға Маңғыстау облысы Ақтау қаласының басқару органдарын және «Ақтау халықаралық теңіз сауда порты» ҰК» АҚ азаматтық қорғаныс жүйесінің дайындығы» тақырыбында ұйымдастырылған «Жер» штабтық жаттығуы осылай басталды.
Тағы оқыңыздар: Қазақстанда жаңа жол белгілері енгізіледі- Теңіз портының және жергілікті атқарушы органдардың басшыларының келісімі бойынша Ақтау қаласының азаматтық қорғау жүйесін жетілдіру мақсатында азаматтық қорғау қызметтерінің қатысуымен өткен штабтық жаттығуға 305 адам, 24 дана техника және 4 теңіз кемесі қатыстырылды. Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенат депутаты Дариға Назарбаева соңғы келгенінде Каспий теңізі айдынының азаматтық қорғау жүйесін қауіпсіздендіру және жаңғырту жайы көрсетілген болатын. Ағымдағы жылдың қараша айында Әзербайжан Республикасында Каспий теңізіндегі жер сілкінісі туындаған кездегі ТЖ жою бойынша халықаралық командалық-штабтық жаттығу өткізіледі. Оған Иран, Ирак, Түркия елдері қатысады. Сондай-ақ Маңғыстау облысының төтенше жағдайлар департаментінің жедел-құтқару жасағының қатысуы да жоспарлануда, - деді департаменттің бөлім бастығы, подполковник Бекболат Әбдіқадыров.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА
Суреттерді МО ТЖД баспасөз қызметі ұсынды
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="41789,41787,41788,41791,41790"]