Сейсенбі күні облыстық мәслихаттың құрамында жұмыс істейтін экономика және бюджет мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның отырысы өтті. Облыстық мәслихат депутаттарынан құралған жұмысшы тобы «Бәсекеге қабілетті ауылшаруашылығы өнімдерін өндіру үшін қайта өңдеу қуаттарын дамыту және кеңейтуге жағдай жасау» мәселелерін талқыға салды.
Жиында облыстық ауылшаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Қанат Серікбайұлы өткен жылы салада атқарылған жұмыстардан хабардар етіп, алдағы міндеттерді түйіндеп өтті.
-Маңғыстау облысы бойынша ауылшаруашылығының ішкі өнімінің көлемі 2015 жылы 11,7 млрд.теңгені құрап, 2014 жылмен салыстырғанда 29,1 пайызға артты. Өткен жылы мал шаруашылығы саласы бойынша өндірілген өнім көлемі 9,7 млрд.теңгені құрады. Облыста ешкі малының азаюы - күтіп-бағу, қыста жем-шөп тапшылығынан, 2013-2014 жылдардағы қуаңшылықтың салдарынан, бақташылардың жоқтығынан туындап отыр. 2015 жылы 48,9 тонна ірі сояулы шөп дайындалып, жоспар артығымен орындалды. Сондай-ақ мал шаруашылығы саласында 84,2 млн.теңге субсидия қаржысы игерілсе, биыл жергілікті бюджеттен 80 млн.теңге көлемінде субсидия қарастырылды.Соңғы жылдары мал шаруашылығымен айналысатын шаруалар саны артты. Биыл облысымызда егін шаруашылығын дамытуға жергілікті қазынадан 174 млн.теңге қаражат бөлінді. Өткен жылы ауылшаруашылығы дақылдарының анықталған егістік алқабы 1087 гектар болса,тамшылата суару әдісін пайдаланатын жер көлемі 893,5 гектар. Бұл – өткен жылғы көрсеткіштен 250 гектарға артық,- деді Қанат Серікбайұлы.
Аталмыш басқарма басшысының орынбасары Қанат Серікбайұлы ауылшаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу өндірісін кеңейту және дамыту бағытында атқарылған жұмыстарға тоқталды. Ол сөз соңында түйе шаруашылығын дамытуға арналған бағдарлама қабылдау немесе «Құлан» бағдарламасына кірістіру қажеттігін ұсыныс етті. Сондай-ақ ауылшаруашылығы тауар өндірушілерінің өнімдерін өндіру үшін пайдаланатын электр энергиясының құнының қымбаттауына байланысты осы мақсатта шығатын шығындарды субсиядиялау механизмі жасақталу қажеттігін жеткізді. Облыстық мәслихат депутаты Нұрпейіс Сәрсенбай ұсақ шаруашылықтарды ірілендіру бағытындағы жұмыстарды жүйелі жолға қою, республикалық нормативтерді Маңғыстау өңірінің ерекшеліктеріне қарай реттеу қажеттігін, су көздерін тиімді пайдалану мәселелерін көтерді. «Нұр Отан» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Халила Нұрғалиева облыста жыл аяғында өзгеріс енгізілетін «Аймақтарды дамыту» бағдарламасына түйе шаруашылығын дамыту бағытын кірістіріп, ұсыныстар беруге болатынын жеткізді. Халық қалаулысы Жаңбырбай Дәрменов малға беретін жем-шөп тапшылығы мәселесін қозғады.
-Елбасы Н.Назарбаев жариялаған бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 35,36,60,61-қадамдары кәсіпкерліктің көкжиегін кеңейтуге бағытталған. Жұмысшы тобы шалғайдағы шаруа қожалықтарын аралап, жағдайларымен танысып келді. Облыста сүт, жүн өнімдерін өңдеумен айналысып жүрген «Сенек» ЖШС өндірісінің өрісін кеңейтуіне кедергілер бар. Атап айтсақ, жылқы сауатын зауытты аяқтау, қымыз цехын жасақтау, мал соятын цех орнын кеңейту, қасынан арзан көтерме дүкен салу, ет сүт, көкөніс өнімдерін сататын базар ашу жоспары бар. Оның бәрі қолдауды, қаржыны қажет етеді. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретін «Мерей» шаруа қожалығында болдық. Жарты жылда 92 тонна қияр, 22 тонна волгар бұрышы, 14 тонна қызанақ алған. Қазіргі таңда жылыжай өнімінің 70 пайызын Жаңаөзен халқына, 30 пайызын Ақтау мен жақын ауылдарға сатып отыр. Жылыжай үшін су тапшылығы өзекті мәселе болып отыр. 150 тұрғынды жұмыспен қамтып отырған «Жаңаөзен» сүт зауыты жылына 110, 120 тонна сүт өнімдерін шығарады. Өнімнің тазалығы химиялық және биологиялық зертханадан тексеруден өтеді. Біз отандық өнімді дамытамыз, орта және шағын бизнеске өріс ашамыз десек, қадамын енді басқан кәсіпкерлерге назар аударуымыз керек. Мал сою және мал сақтау орындарының ветеринариялық талапқа сай болуын қадағалау, бюджеттен қаржы бөлу арқылы су тапшылығын жою, мал және егін шаруашылығы үшін жер телімдерін кедергісіз жеке кәсіпкерлерге беру немесе бақылауда ұстау,жылыжайларды көбейту,тері мен жүннен, жылқы қылынан жасалатын ұлттық бұйымдар өндіретін кәсіпкерлерге қолдау, суға және жем шөпке барынша субсидия бөлу қажет,-деді облыстық мәслихат депутаты, жұмысшы тобының жетекшісі Сәуле Жақаева.
Жиында «Ауылшаруашылығын қаржыландыру қоры» АҚ МОФ директоры Мұрат Баймағанбентов агроөнеркәсіпті дамытуға бөлінетін қаржы көлемі артқанын хабарлады. Оның айтуынша, акционерлік қоғамның көмегіне жүгінген шалғайдағы шаруа қожалықтары несие алу кезінде ауылдағы үйін, көлігін, баққан малының 50 пайызын кепілге қоя алады. Тұрақты комиссия отырысында шаруалар мәселелерін ортаға салды. «Сенек» ЖШС директоры Қалпақ Наурызмағанбетов қойдың терісі мен жүнін өткізу қиынға соғып отырғанын жеткізді. Кәсіпкердің айтуынша, Алматы облысында тері өңдейтін зауыт қой жүнінің келісін 30 теңгеден алады. Ауылда бір қойды қырқуға 400 теңге кететінін және 3 келі ғана жүн шығатынын айтады.
-1979 жылы құрылған іргелі шаруашылығымызда 2300-дей айыр өркешті түйе бар. Нарықтың талабына сай, мол сүт беретін аруана түйені баққымыз келеді. Бірнеше жауапты мекемелерге хат жазғаныммен, қолдау көрсетілмеді. Үш жылдан бері 300 млн.теңгені ала алмай жүрмін. Ауылшаруашылығы министрі Асылжан Мамытбековтың қабылдауында болғанда Түрікменстаннан аруана түйелерді әкелуге көмек көрсетуді сұрадым. Айыр өркеш түйе күніне 2 литр, аруана түйе 10 литрге дейін сүт береді.Біз өндірген шұбақа Иран, Мәскеу, Шешенстаннан сұраныс көп түседі. Эспортқа шыққымыз келгенімен, жеткілікті деңгейде өндіре алмай отырмыз. Шұбат өндіруді жолға қоюға көмектесуіңізді сұраймын. Сиыр мен түйенің сүтінің 1 литріне 55 теңгеден субсидия беріледі. Негізі сүтті өңдеп, халыққа жеткізу үшін 1 литрге 375 теңге кетеді. Түйенің жүнінен өнім өндіруді қолға алдық. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту» АҚ арқылы алған 23 млн.теңге несиеге жаңа құрылғылар әкелдік. Мемлекет тарапынан қолдау болса, цехты кеңейтіп, үлкен көлемде жүн қабылдап, өңдеуге қауқарымыз жетеді. Ақтауда ауылшаруашылығы өнімдерін сататын арнайы орын болу керек деп санаймын. Шаруашылық үшін су мәселесі де өзекті. Біз 15 жылдан бері «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-мен келісімге келіп, «Еділ» өзенінің суын пайдаланып келеміз. Бірақ соңғы жылдары өзен суы мұнай компаниясының өзіне жеткіліксіз. Күніне бір түйе 60 литр су ішетіндіктен, бізге де қиынға соғып отыр,-деді «Таушық» ЖШС директоры Айбек Қосуақов. Жиын соңында жұмыс тобы тарапынан ұсыныс-пікірлер айтылып, қаулы қабылданды.
Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН