Мен жастарды жұмысшы мамандығын меңгеруге шақырамын. Жұмысшы мамандықтарын меңгеру керек. Елбасы Н.Назарбаевтың «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсім, реформалар, даму» Жолдауынан
Жергілікті халықты жұмыспен қамтуға бағытталған «Жаңа серпін» өңірлік бағдарламасы жемісін бере бастады. Аталмыш бағдарлама аясында 1 ай бұрын «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағында орналасқан кәсіпорындарға мамандар даярлау қолға алынған-ды. Дүйсенбі күні осы берекелі бағдарламаның шапағатын көріп, жұмысшы мамандықтарын игерген 9 жас азаматқа салтанатты түрде сертификат табысталды.
«Жаңа серпін» орталығының директоры Қайрат Рыспаев мерейлі сәтте жастарды қуанышымен құттықтады.
- Ақтау және Жаңаөзен қалаларынан, Қарақия ауданынан келген жастар жоғары және орта деңгейдегі инженер, оператор мамандығын меңгерді. Кәсіпорынның таңдауына сәйкес, оқытушыларды Ресейдің Санкт- Петербург қаласынан шақырттық. Даярланған мамандарымызды оқытуда теориядан гөрі өндірістік тәжірибе алуға басымдық берілді. Осы уақытқа дейін әр кәсіпорынға 2-3 маманнан ғана дайындаған болатынбыз. Бүгін үлкен жетістікке жетіп отырмыз. Жастарды оқытуға жергілікті бюджеттен 8 млн.теңге қаржы бөлінді. Жастар оқыған-тоқыған білімдерін өлкеміздің өсіп-өркендеуіне, дамуына жұмсайды деген сенімдемін,-деді «Жаңа серпін» орталығының директоры Қайрат Рыспаев.
Білімі мен білігін жетілдіріп, белгілі бір мамандық иесі атанған жастар енді полиэтилен тұрбаларын өндіретін «Каспио Пласт» ЖШС-на жұмысқа тұрды.
- Аймақтық «Жаңа серпін» бағдарламасы арқылы тегін білім алуға мүмкіндік туды. Инженер-технолог мамандығын алғанымды растайтын сертификат алдым, қуаныштымын. Ертеңнен бастап, жұмысқа құлшына кірісеміз,-деді «Жаңа серпін» бағдарламасының қатысушысы Игілік Мұханбетов.
«Жаңа серпін» орталығының директоры Қайрат Рыспаевтың айтуынша, ағымдағы жылы «Жаңа серпін» бағдарламасын жүзеге асыруға жергілікті бюджеттен биылға 75 млн. теңге қаржы бөлінген. «Ақтау халықаралық теңіз сауда портын солтүстік бағытқа кеңейту жобасына» 32 маман даярлауға сұраныс келіп түскен. Болашақ теңіз саласының мамандары келесі айдан бастап Санкт-Петербургтегі арнайы орталыққа оқуға жіберіледі.
Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ