Қазіргі кезде ең көп айтылып жүрген тақырыптардың бірі, шешімі табылмай тұрған - діни экстремизм мен терроризм мәселесі. 1990 жылдардың соңына қарай пайда болған бұл түсініктен дені үрейлене қарайтыны жасырын емес. Күн сайын дүние жүзінде болып жатқан жан түршігерлік қылмыстан қалай қорғану керек?, көкейдегі сұрақтарды кімге қою керек және бастысы кімге сенуге болады? Бұл кез-келгенімізді ойландыратын тақырып. Аталған мәселеге байланысты "Ақтау қаласындағы Ауған соғысы ардагерлері" қоғамдық бірлестігі бұл сауалдарға жауап беру үшін білікті имамдармен Маңғыстау ауданындағы ауылдарды аралап, көпшілікпен кездесіп қайтты.
Ашық деректерге сүйенсек, 2014 жылдың өзінде әлемде террористік актілерден 32658 адам қаза болған. Деректерді ұсынған Лондон экономика институтының өкілдері бұл 2013 жылғы статистикадан 80% көп екендігін айтады (2013 жылы 18 111 адам). Террорлық әркеттердің көбеюіне Қазақстаннан аттанған азаматтар да атсалысып жүр. ҰҚҚ дерегінше, Қазақстаннан 2015 жылдың өзінде 300-ге жуық адам шекара асып Сирияға аттанған. Өз жерін тастап өзге елге соғысқа аттануға себеп қандай? Құзырлы органдардың баяндауына сүйенсек, аттанушылар бірнеше топқа бөлінеді. Бұлардың бірінші тобы—әлеуметтік жағдайдың қиыншылығын тартып, Түркия, Европа елдеріне жұмыс іздеп барып, бірақ жұмыс таппай біреулердің арбауымен Сириядан шыққандар. Екінші топ—дін жолында адасып, теріс уағыздың ықпалымен барғандар. Үшінші топ—саналы түрде соғысқа аттанған фанатиктер. Айта кетейік, өз елін тастап, өзге елдегі соғысқа аттануға кеткендер егер қайтып оралған жағдайда қатаң түрлде жазаланады. Осы қылмыстарды жасаушылар ислам дінін жамылып, жастарды алдау-арбау жолымен өзге жерге соғысқа шақырып жүргендігі бар. Біздің «Діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуға өз үлесімізді қосайық» атты Шетпе, Жынғылды, Шайыр, Тұщыбек, Жармыш Онды, ауылдарда өткізген кездесуімізде де жастардың басқа ағымдағы діни жолға түсіп кетпеуі талқыланды. Белгіленген күндері ауыл тұрғындары жиналып терроризм мен экстремизм мәселесіне қатысты көкейдегі сауалдарын қойды. Олар білікті имамдардан дін мәселесіне қатысты нақты жауаптар алып риза болды. Желтоқсанның 24-і күніне Шайыр селосының тұрғындарымен жоспарланған кездесу ауылдағы мәдениет сарайында өтті. Жиынға Ақтаудан Ауған соғысы ардагерлері қоғамдық бірлестігі төрағасы - Шаулиев Мәтжан Рамазанұлы, Мұнайлы ауданының бас имамы - Мүталиев Айдос Жамбылұлы және десантшылар ұйымының төрағасы Нұрекешов Самат Қүштібайұлы бардық. Кездесуге ауыл тұрғындары, мекеме қызметкерлері, жоғарғы сынып оқушылары қатысты. Шайыр ауылының тұрғындарына Мүталиев Айдос Жамбылұлы дәстүрлі дінімізді түсіндіріп, оның адамды имандылыққа, тәрбиеге, бірін - бірі сыйластыққа шақыратынын айта келіп, ауыл тұрғындары С.Тілегенов, Н.Арықбаев, А.Тәжиев, Қ.Тәжиевтердің кейбір діни тұрғыда түсінбей жүрген сұрақтарына нақты жауап берді. Сонымен қатар Самат Қүштібайұлы жастарды патриоттыққа тәрбиелеу мақсатында біршама мағлұматтар берді. Қазіргі жастардың әскер қатарына барғысы келмейтінін айта келе, оларды өз Отанын қорғауға отбасына қорған бола біліп, адал азамат болуға шақырды. Ауыл тұрғындары ауылға келіп кездесу өткізіп, ашық сөйлесіп, кейбір түсінбей жүрген сұрақтарына тұшымды жауап беріп келген топ мүшелеріне ризашылықтарын білдіріп тарасты. 1979-89 жылдары Ауған соғысында интернационалдық борышын өтеген кез келген ардагерді терроризм мен экстремизм мәселесі толғандырмай қоймайды. Өйткені олар қазіргі жүріп жатқан соғысты көзімен көріп, ортасында от кешті. Соғыс ардагері ретінде қазіргі жастарды экстремизм мен терроризм, фанатизмнен сақтау, өсиет айту, рухани әңгімелер айту үлкендерге міндет болуы тиіс. Өйткені бейбіт елде өмір сүру сүрмеуді өзіміз ғана шешеміз.
«Бауырлас жауынгерлер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мәтжан ШАУЛИЕВ