Кешегі қан майданда жаумен айқасқан ер қазақтың бірі – 1915 жылы Маңғыстаудың Дәрмен деген жерінде туған Ермекбай Ақтөлеев деген азамат еді. Ермекбайдың әкесі Ақтөле Еспембетұлы ашаршылық жылдары Маңғыстаудан Қарабұғазға талап іздеп барып, Стаханов атындағы колхозға қоныстанып, жұмысқа араласады. Шешесі Қаралақ кішкентай балалары Зәуре, Таңбай, Ізтұрғанды бағып, үй шаруасымен айналысқан. Ата-анасына қолғанат болуға жарап қалған үлкен ұлы Ермекбай 1933 жылы Қарабұғаз кәсіпшілігінің Химтресінде механикалық шеберхананың көмекші-жөндеушісі болып жұмысқа араласады. Кейін аудандық милиция бөлімшесіне кіші командир болып ауысады. Осы кезде Шағала, Қызылкүп маңында басмашылармен болған қақтығыстарға қатысып, қарапайым адамдардың барымтаға түскен малын өздеріне қайтарып, қолға түскен қыз-келіншектерді қарақшылардың құрығынан босатады.
1938 жылдың аяғында тапсырылған іске жауаптылығымен, пысықтығымен көзге түскен Ермекбайды жергілікті басшылық Қаршы ауылдық кеңесінің хатшылығына бекітеді.
1939 жылдың сәуір айынан бастап, комсомол жұмыстарына тартылып, Қарабұғазкөл қалалық ұйымдастыру-үгіт бөлімінің жетекші инструкторы, «Жұмысшы» газетінің жауапты хатшысы қызметтерін атқарған.
Соғыс басталысымен, тамыз айында әскерге 1941 жылы шақырылып, оңтүстік-батыс майданының 72-запастағы полкінің жауынгері, 1942 жылдың наурызына дейін 78-арнайы атқыштар бригадасының қатардағы жауынгері, содан кейін 130-ыншы, 121-інші инженерлік батальонының бөлімше командирі болып ұрысқа қатысады.
3-Украин майданының 64-минаіздеушілердің арнайы инженерлік батальонының бөлімше командирі Ермекбай Ақтөлеев шайқаста жарақат алып, 1944 жылдың ақпан-наурыз айларында Днепроперовск қаласының госпиталінде емделеді.
Аға сержант Ермекбай Ақтөлеев 1 рота, 669545 әскери бөлімшеге қарасты 64-інші минаіздеушілердің арнайы инженерлік батальонының взвод командирі болып ұрысқа қатысқан.
КСРО Жоғарғы Кеңесінің 1945 жылдың 26 қыркүйектегі бұйрығымен елге 1945 жылдың 16 қарашасында Красноводск қаласында тұратын отбасына қайтып оралған.
Красноводк қалалық партия комитетінің нұсқауымен теңіз портына диспетчерлік жұмысқа орналасады. 1949-54, 1966-75 жылдар арасында порттың кәсіподақ комитетінің төрағасы болып сайланып, жұмысшылар жағдайын жақсартуға үлес қосады.
Е.Ақтөлеев 3 рет Красноводск қалалық Кеңесінің депутаты болып сайланып, қоғам қайраткері ретінде танылады.
1975 жылы зейнет демалысына шығады. Әйелі марқұм Маңдайлы, соғыс жылдарында Қарабұғазкөлдегі интернатта тәрбиешілік қызмет атқарған, еңбек және тыл ардагері. Үлкен қызы Бөбек аспаз, нан пісіруші жұмысында істеп, зейнетке шығып қайтыс болған. Кіші қызы Бақыт қазір Ақтауда тұрады. Бақыт әке жолын қуып, «Ақтау халықаралық теңіз сауда порты» Ұлттық акционерлік қоғамында экономист қызметінде істейді.
Майдан шебінде неміс басқыншыларымен болған ұрыста басшылықтың тапсырмасын мүлтіксіз орындап, ерлік көрсеткені үшін «Қызыл жұлдыз», Югославия үкіметінің «Храбрость» ордендерімен, «Ерлігі үшін», «Кавказды қорғағаны үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Будапешті алғаны үшін», «Белградты азат еткені үшін», «Венаны алғаны үшін» медальдарымен наградталған.
Сонымен бірге Пятигорск, Минеральные воды, Бендеры, Белгород-Днестровский қалаларын азат ету үшін болған әскери іс-қимылдарында үздік көзге түскені үшін алғысқа ие болған Ермекбай Ақтөлеев 1979 жылы қайтыс болған.
Үміт ЖӘЛЕКЕ