Ақтау қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің математика пәні мұғалімі Светлана Озған 30-сәуір мен 4 мамыр аралығында Мәскеудегі «Математика және жобалау» атты Х ғылыми байқауында жоба жетекшісі ретінде І орынға ие болды. Биыл оныншы рет ұйымдастырылған байқау М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде өтті. Ол «Оқушылардың ғылыми зерттеу және жобалау іс-әрекетін ұйымдастыру» секциясында «Математика сабағында оқушыларға жобалық оқыту әдісін қолдану және ғылыми зерттек іс-әрекетін ұйымдастыру» тақырыбында жоба қорғады.
- Байқауға қатысушылар бірнеше елден келді. Біздің секцияда оннан аса қатысушы болды. Барлығымыз баланы зерттеу жұмысымен айналысуға қызықтыру үшін қандай әдістер қолдануға болатындығын көрсеттік. Математика қиын болғанымен оны да қызықтырып көрсету арқылы, тез түсіндіруге болады. Мәселен, мен жоба қорғау барысында балаларға бұрыштарды түсіндіру тақырыбына қандай тың әдіс қолдануға болатынын көрсеттім. Бұрыштарды түсіндіру үшін пән тақырыбы ретінде «Ақтау қаласының геометриясы» деген тақырыпты алдым. Ақтау қаласында әр түрлі формада орналасқан ғимараттардың суретін алып, мысал ретінде түсіндірдім. Менің жобамның басты жаңалығы математика сабағын өткізудің өзін жоба ретінде жасақтау болды. Бұдан басқа да әдістерім қазылар алқасын ерекше қызықтырды деп ойлаймын, - дейді Светлана Тұрашқызы байқау жайлы.
Ұйымдастырушылар Светлана Тұрашқызына жобасын ғылыми әдістемелік материал ретінде жинақтауды ұсынды.
Сондай-ақ, аталған байқауда Светлана Озған жобасына жетекшілік еткен 11-сынып оқушысы Зинурқызы Аида да жүлделі 3-орынға ие болды. Ол аталған байқауда «Теңсіздіктерді функциялардың бірқалыптылығы арқылы шешу» тақырыбында ғылыми жоба қорғады.
Рысгүл РАМАЗАНОВА