Жақсы адам құрметке лайық
Мәртебелі мейрамдар барысында қолға алынған игі шаралардың бірі – өңірімізге белгілі азамат, Ақтау қаласының құрметті азаматы Жаздырхан Сейдалыұлы тұрған үйге ескерткіш тақтасын орнату рәсімі болды. Аймағымыздың ғана емес, еліміздің қоғамдық-саяси өміріне белсенді атсалысып, су шаруашылығын дамытуға елеулі үлес қосқан ол өмірінің көп жылдары Ақтаудағы 12 шағынауданның 48 үйінде тұрған. Салтанатты шараға ел ағалары, жақын-жуық ағайындар мен қала тұрғындары жиналды.
Бірқатар жылдар облыстық ауыл шаруашылығы кәсіподағы комитетінің төрағасы, агроөндіріс комитеті, облыстық көші-қон бөлімінің басшысы қызметтерін абыроймен атқарған Жаздырхан Сейдалыұлы «Парасат» қозғалысын және «Халық келісімі» қоғамдық кеңесін құруға қатысқан. «Елеулі еңбегі үшін» орденін иеленіп, Ақтау қаласының құрметті азаматы атанған. Тірлігінде талай істерге мұрындық болып, ерен еңбек еткен абзал азаматтың есімін ел жадында қалдыру мақсатында оның ұзақ жылдар тұрған үйіне ескерткіш тақтасын орнату бастамасы «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемесінен түскен. Биылғы жылдың 5 ақпанында Ақтау қаласының әкімдігі қаулы қабылдап, ескерткіш тақта орнату жұмысы қолға алынған. Игі шараны жақын-жуық пен отбасы мүшелері қуана құптаған.
- Ақтау қаласының тұрғындары мен әкімдігі бүгін марқұм Жаздырхан Сейдалыұлына зор көрсетіп жатыр деп есептеймін. Ағамыздың есімі ел аузынан кетпес, жарқын жүзі жақындар жадында мәңгі сақталар. Дегенмен, мемориалдық тақта арқылы оны білетіндер мен білмейтін жас ұрпақ аға рухына табынып, атын есте сақтайды деп ойлаймын. Жаздырхан аға мұндай құрметке өте лайық, өйткені, оның өз өмірінде еткен еңбектері ұшан-теңіз. Бүгін Жакеңнің рухы да риза шығар. Бұл бір жақсы адамға лайық жақсы іс болды деп санаймын, - деді Ақтау қаласының тұрғыны Қ.Жұмабайұлы.
- Мен елге есімі ізгі істерімен тараған Жаздырхан Сейдалиевтің көп інілерінің бірімін. Бүгінгі ескерткішті тақтаның ашылу салтанатына келіп, қатты қуанып отырмын. «Алуан-алуан жүйрік бар, әліне қарай шабады» демекші, Жаздырхан ағам да тірлігіндеоблыстық, тіпті, репсубликалық дәрежедегі үлкен ақсақал еді. Мен өмірінің соңғы жылдары қасында көп жүрдім. Жакеңнің көп еңбектерінің бірі – Маңғыстау облысын суландыру барысында тер төкті. Суландырудың нәтижесінде өңірімізде егіншіліктің негізі қаланды, - дейді Ғ.Алдабергенов.
1935 жылы түрікмен жеріндегі Ташауыз облысында өмірге келген Жаздырхан Сейдалыұлы 1957 жылы Түркменістандағы ауыл шаруашылық институтын бітірген. 1965 жылы Түркменстан Орталық партия комитетінде нұсқаушы, 1966-1973 жылдары су шаруашылығы саласында түрлі басшы қызметтер атқарған. 1973 жылы Маңғыстау облыстық су шаруашылығы басқармасының бас инженері, 1986-1992 жылдары агроөндіріс комитеті саласында жұмыс жасаған.
- Біздің Жаздырханымыз қазір жанымызда жоқ, бірақ, ол біздің жүрегімізде. Кеңестер Одағының қиын да қысылтаяң кезінде Жаздырхан досымыздың ата-анасы бас сауғалап, түрікмен жеріне кеткен. Бірақ, өзінің айтуынша, ол ес білгелі, жүрегі Маңғыстауым деп соғыпты. 70 жылдары өзге жерде жақсы қызмет атқарып жүрсе де, қанатын қомдап, өңірімізге оралады. Өте кішіпейіл, салқынқанды, сондай-ақ, адамдармен тіл табысқыш жан еді. 40 жылғы өмірі көз алдымда өтті. Оның бір ерекшелігі – кім-кімді болса да, танып-білуге талпынып тұратын. Жұрттың бәрін дос, туыс көретін, - деп еске алды Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, Маңғыстау облысының және Ақтау қаласының құрметті азаматы Д.Әріп.
Маңғыстауының болашағы үшін барын салып еңбек еткен Жаздырхан Сейдалыұлы 2015 жылдың 19 маусым күні өмірден өтті. Бүгінде жапырағы жайылып, ұрпағы өсіп жетіліп, оның артында ұл-қыздарынан тараған немерелері қалды.
Анар Шамшадинова
Суретті түсірген автор