©
Іскер әйелдер қауымдастығының Түпқараған ауданы бойынша төрайымы Назира Миірман бастаған қыз-келіншектерден құралған аудан кәсіпкерлері Гүлбану Нұрбай, Айгүл Хасанова, Альфия Биманова Жеңіс күніне орай аудан орталығы Форт-Шевченко қаласында тұратын тыл ардагерлері Жібек Бозахарова мен Қантөре Нәбиеваны арнайы құттықтап барды.
Маңғыстау облысы бойынша іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Сәуле Салихова атынан құттықтауын жеткізіп, кәсіпкер қыз-келіншектер өздері дайындаған мерекелік дастархан дәмдерінен қоржындарын аналарға тарту етті. Ақ жаулықты аналардан алғыс арқалаған қыз-келіншектер мұндай шарада белгі үшін емес, алғыс үшін қол ұшын созу парыз деп есептейді.
- Жеңіс күнін бізге жақындата түскен осы аналарымыздың жаулықтары жалпылдап, тынымсыз тылда еткен еңбектері арқасында біз бүгін бейбіт күннің берекесін көріп, кәсібімізді дөңгелетіп отырмыз. Сондықтан бұл аналарға басымызды иіп, алғысымызды жеткіземіз!Мереке қарсаңында аналарға көңілімізді бөлуді жөн көріп жатырмыз. Бізге қосылып аналарды қуантуға асыққан кәсіпкер қыздарға да алғысымды білдіреміз, -дейді Назира Мейірман.
- Менің шалым соғысқа аяғы кем болып алынбады. Соның орнына бізді тылдағы еңбекке жіберді. Қыз-келіншектер болып шұлық тоқыдық, қолымызға күрек алып жер қаздық. Әйел мен ердің ісі демей бел жазбай еңбек еттік. Қазір ұмытып отырмын. Өзім 10 құрсақ көтерсем, солардан бүгін бір ұл мен ір қыз қалды. Сол балдардың қазасы мені қажытып кетті,- дейді соғыстың салқынына төзсе де бала қайғысы жеңдірген 87 жастағы ақ жаулықты ана Нәбиева Қантөре көзіне жас алып.
- Мен батыр Ораз Бозахаров аталарыңның қарындасымын. Ол үлкен ағам. Үйдегі екі ағам соғысқа аттанды. Одан қара қағаз алдық. Біз тылда еңбек еттік. Қазір алтын алқамды да тақтым, Жеңістің 70 жылдығына да алқа тақтық. Еленіп жатырмыз, әуелі Алладан кейін мына ел басшымыздың саясаты деп есептеймін, жағдайымыз шүкір, тек тыныштық тарқамасын. Енді міне сіздер келіп жатырсыз, бізге осыдан асқан не құрмет керек?! Мың алғыс айналайындар!-деп ақ тілегін ақтарды тыл ардагері Жібек Бозахарова.
Милана ЕЛЕУСІНОВА