Дүниежүзілік ЖИТС-тан (жұқтырылған иммун тапшылығының синдромы-СПИД) қайтыс болған науқастарды еске алу күні орай Ақтау қаласындағы «Мейірбике» колледжінде шара өтті. Облыстық ЖИТС –тің алдын-алу және оған қарсы күрес жөніндегі орталық қызметкерлері болашақ дәрігерлерге лекция оқып, аты «жаман» аурудан сақтану жолдарын түсіндірді. Сондай-ақ, орталықтың мейірбикесі Гүлнара Батырқұлова анонимді және конфеденциалды экспресс-тестілеу арқылы колледж студенттеріне АИТВ-ны (адамның иммунитет тапшылығының вирусы) анықтау мақсатында қан тапсыруға мүмкіншілік сыйлады.
Облыстық ЖИТС-тің алдын-алу және оған қарсы күрес жөніндегі орталықтың дәрігер-инфекционисті Агия Тулееваның айтуынша осы уақытқа дейін облыста 36 адам айықпас дерттен көз жұмған. Қазіргі таңда аймақта диспансерлік есепте 114 адам тұр, оның ішінде балалар саны-2.
- ЖИТС-тан көз жұмған 36 адамның 19-ы түрмеде отырған, бас бостандығынан айырылған азаматтар екенін айта кеткім келеді. Жалпы бүгінге дейін өңірде ЖИТС жұқтырған 21 ана босанды. Алдын ала емін жасағандықтан дені сау балалар өмірге келген болатын... Бүгінгі шараны ұйымдастырудағы мақсат-АИТВ/ЖИТС проблемасының бар екенін қоғамның барлық құрылымдарының есіне салу, алдын-алу бағытында қандай шаралар қолдану керектігін түсіндіру. Қауіпті ЖИТС дерті қайдан бастау алғанына тоқталатын болсақ, оның жұқтырылған белгісі алғаш рет 1981 жылы АҚШ-та тіркелген болатын. ЖИТС-ке шалдығудың соңғы сатысы АИТВ (ВИЧ) инфекциясын 1983 жылы француз ғалымы Л.Монтанье ашты. АИТВ инфекциясы көп жылдар бойы адам ағзасында өмір сүріп, оның алғашқы белгілері пайда болғанша басқа адамдарға жұғуы мүмкін. Ал, ЖИТС вирусы сау адамға мынандай үш негізгі жолдармен жұғады: бірінші жыныстық қатынас арқылы, екінші адамның ауруы қаны арқылы (қан құю, ауру адамға пайдаланған шприцтер, т.б.) және үшінші ЖИТС ауруы жұққан анадан баласына ауысу арқылы. Ауру жұқтырмас үшін салауатты өмір салтын ұстанып, қарым-қатынас мәдениетіне көңіл бөліңіз,-дейді ЖИТС-тің алдын-алу және оған қарсы күрес жөніндегі орталықтың дәрігер-инфекционисті Агия Тулеева.
Венера МИРЛАН