Алла тағала адамдарға өзге жаратылыс иелерінен артықшылық берген. Ол – адамның он сегіз мың ғаламның сырын ашып, білім ала білу мүмкіндігі. Адам барлық нәрсеге қанағатшылық жасауы керек. Тек бір ғана нәрсеге – білуге қанағатсыздық танытуға болады. Бұл жөнінде халқымыз «Білгенің – бір тоғыз, білмегенің – тоқсан тоғыз», - деп тақпақтайды.
Әр заманның білім алуға байланысты өз мақсаты және талғамы бар. ХІХ ғасырда қазақ халқы балаларының қара танығанына шүкіршілік етті. Ата-аналар балаларының не оқып жатқанын да білмеді. Балалар құр сүрелерді жаттағанымен, мағынасын түсінбеді. Ал оқытқан молда «Аңқау елге арамза молданың» кері болып, қойды қозысымен алып, келесі ауылға жөнелетін. «Балам білім алды» деп әке мәз, ештеңе үйренбесе де күнде шыбық сынғанша дүре соғатын молдадан құтылып бала мәз. Бұл күндер де өтті...
Одан соң Абай заманы келді. Ұлы бетбұрыс заманы. Абайды әкесі 3 жыл арабша оқытып, 3 ай орыс мектебіне беріп, оқудан шығарып алатыны бар. Әдетте, «Приходская школадан» шығарып алуын біз әкесінің Абайды ел ісіне араластырғысы келгендігімен түсіндіреміз. Шын мәнінде, Құнанбай баласының орысша оқығанын қаламады. Орыстанып кетеді деп қорықты. Құнанбайдың Абайды «орысшылсың» деп сөгетіні бар. Сондағы Абайдың жауабы: «Заман орыстікі, ол жеңген, біз жеңілген елміз. Ендігі күнде алысатын дұшпанның айласы мен әдісін білу керек. Мен орыстың өзін сүймесем де, өнері мен ебінен үлгі аламын».
ХХІ ғасыр...
Дәл сол жағдай қазір біздің басымызға да келді. Тек орыс тілінің орнында – ағылшын тілі тұр. Қазіргі кезде халықаралық тілдер ішінде басты орынды испан және ағылшын тілі алады. Яғни, қай халықтың болсын, әлемдік білім аренасына шығуы үшін халықаралық тілдің бірін меңгеруі керек. Болашағын бағдарлай білетін елдер бұл мақсатта бағдарламалар даярлап жатыр. Қазақстан осы елдердің алдыңғы қатарында. Оған Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Үш тұғырлы тіл» идеясы дәлел. Осы мақсатта біздің білім саласына үлкен өзгеріс келе жатыр.
Мұғалімдер арасында, жалпы қоғамда бұл «үштілділік» туралы қайшы пікірлер көп. Бірі «Қазақ тілі шет қалады» десе, бірі «Біз олай жасай алмаймыз, ағылшын тілін біз қалай үйренеміз» десе, бірі «Мұнда бір үлкен саясат жатыр» деп ойлайды. Бұлай болуы заңдылық болар.
Мен биыл 1 наурыз күні Астана қаласында «Білім беру мазмұнын жаңартудың маңызды шарты ретінде үштілді білім берудің Жол картасын жүзеге асыру» тақырыбындағы халықаралық конференцияға қатыстым. Республиканың әр түпкірінде «үштілділік» бағыты бойынша жасалып жатқан жұмыстарды көрдім. Ағылшын тілінде еркін баяндама жасаған әріптестерді көріп, көз қуанды. Қазақ тілі үшін қорқынышымыз да болды. Қазақ тілі тасада қалып қойғандай күй кешкенім тағы бар. Бірақ бұл - заман талабы.
Заманың түлкі болса, тазы боп шалмақ керек. Ендігі біздің, қазақ тілі мамандарының алдына қойған мақсаты қандай болуы керек? Мақсат айқын: ағылшын тіліне басымдық берілетін білім бәсекесінде қазақ тілі мәртебесін сақтау. Бағдарлама жоспарында қазақ тілі және әдебиеті
сабақтарында ағылшын тілін кіріктіру талабы жоқ. Дегенмен, ана тіліміздің байлығын, сөздік қоры мен грамматикалық тұлғаларының мол екендігін көрсету үшін ағылшын тілімен салыстырмалы түрде түсінік берсек дұрыс болар деп ойлаймын. Мысалы: Қазақ тілінде 42 әріп бар, ағылшын тілінде 26. Ол нені көрсетеді? Қай тілді үйрену қиын? - деген сұрақтарға жауап іздеп, қазақ тілінің әмбебап қасиетін, артықшылығын танытып, әр сабақта болмаса да, реті келген сабақтарда түсінік жүргізіп отырсақ, жаман болмас еді. Және тағы бір айта кететін жәйт - Н.Ә.Назарбаевтың «Үш тұғырлы тіл» саясаты тіл білімінде аударманы жетілдіруді қажет етеді.
Біздің білуімізше, М. Әуезовтың «Абай жолы» роман- эпопеясының ағылшын аудармасы сын көтермейді. Көлемінің аз екендігін еске алмағанда, сөздер дұрыс, нақты мағынасында аударылмаған. Тіпті «арыстандай» деп берілетін Құнанбайға қатысты сөзді «қорқаудай» деп аударады. Тіпті көп сөзді аудара алмай, сол күйінде ағылшынша дыбыстай салады. Яғни, бұл сөздерді аудару үшін ағылшын тілінің сөздік қорында балама жоқ. Сондықтан бұл шығарма қайта аударуды қажет етеді. Қанша айтылып келе жатса да, қайта аударуға ешкімнің жүрегі дауаламайды. Менің ойымша, бұл шығарма ағылшын тілін білетін қазақты күтіп жатыр. Мен бұл шығарманы аударатын бала біз бен сіз дайындайтын, үш тілді еркін меңгерген шәкірттер арасынан шығады деп сенемін.
«Үш тілділік» бағдарламасының мақсаты қазақ тілін төмендету емес, керісінше, өсіру, қолдану аясын кеңейту, мерейін көтеру екенін маман ретінде дұрыс түсінгеніміз жөн.
Кенжегүл ТУЛЕМБЕТОВА Құрық орта мектеп-гимназиясы