Ақтауда жаңа университет салынады
[ 2017 ] 26 мамыр, 10:42 | Қоғам
Кеше облыс әкімі Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өткен жиында «Сәтті» ғылыми- өндірістік корпорациясының «Университет құрылысы және қосалқы инфрақұрылымдар» инвестициялық жобасы таныстырылды.
–Біз болашағы бар аймақ ретінде Маңғыстау облысында университет салуды жоспарлап отырмыз. Жоғары оқу орнымен қатар спорт кешендері, студенттер үйі, бақ және өзге де нысандар саламыз. Келешекте еңбек нарығында сұранысқа ие теңіз және денсаулық сақтау саласы және техникалық бағыттағы мамандықтарды оқытамыз. Жастар Алматы, Астана қалаларындағы үздік жоғары оқу орындарында оқығысы келеді. Біз барлық талаптарға сай келетін, келешекте алдыңғы қатардан көрінетін университет саламыз. Бұл жобаға 18 млрд.теңгедей инвестиция салынады. Бізге қолдау көрсетсеңіздер келесі жылы құрылыстың тұсаукесері өтеді деген сенімдеміз, – деді «Сәтті» ғылыми- өндірістік корпорациясының директоры Сайлау Аманжолұлы.
Жоба бойынша университетте 2500 студент білім алып, 450 мұғалім сабақ береді. Құрылыс кезінде 950-дей адам жұмысқа тартылмақ. Аталған корпорация директоры Сайлау Аманжолұлының айтуынша, жылына 100 млн.теңге көлемінде грант бөлінеді.
Бұл жобаны қолдаған облыс әкімі Ералы Лұқпанұлы салынатын жоғары оқу орны ғылыми- мәдени орталыққа айналуы керектігін, озық үлгідегі технологиямен жабдықталып, халықаралық стандартқа сай болуы тиістігін, көрші мемлекеттермен қарым- қатынасымызды, туристік әлеуетті нығайтуға жол ашу қажеттігін назарға берді.
Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ
Суретті түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ
1031
Маңғыстау Медиа
Редакциялық пікір мақала авторлары мен оқырмандардың пікірлеріне сәйкес келмеуі мүмкін. Жазба және пікірлердегі ақпараттың дұрыстығы үшін авторлардың өздері жауапты.