Жуырда облыс әкімдігінде облыстық төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссиясының кезекті отырысы өтті. Жиынға облыс әкімі Ералы Тоғжанов, оның орынбасарлары, мемлекеттік мекемелердің басшылары қатысып, аудан әкімдері онлайн режимде қосылды. Комиссия отырысында облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Қуанар Базарбаев орман және дала өрттерін жою жұмыстарына дайындықты баяндады. – Бейнеу ауданында ғана бар сексеуіл орман қоры 241 мың гектар аумақты алып жатыр. «Қазгидромет» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының ақпараты бойынша осы аймақта шілде, тамыз айларында ауа- райы ыстық болады. Бейнеудегі және Самдағы орман және жануарлар дүниесін қорғау мемлекеттік мекемесінде өрт сөндіру көліктері және өртке қарсы мұнаралар бар. Ағымдағы жылы Таушық, Сенек ауылдарына халықты төтенше жағдайлардан қорғау мақсатында автоцистерна пайдалануға берілді. Аудан әкімдерімен өрт сөндіру көліктерін орналастыратын орындар белгіленді. Сондай-ақ өрт сөндіру жұмысына қатысуға ерік білдіргендер жеделдетілген оқыту курстарынан өтіп, іске машықтанды. Аймақта 3 өрт сөндіру қызметінің толықтай жұмыс істеуі үшін жергілікті бюджтеттен 13,7 млн.теңге қажет, – деді облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Қуанар Базарбаев. Ол өз сөзінде ғарыштан бақылау өрттің бастапқы кезеңінде жедел қызмет ету үшін және теңіздегі табиғи, техногендік апаттарға мониторинг жүргізуде басымдыққа ие екенін атап өтті. Бұл жұмыстарға жылына 4 млн.теңге қажет етіледі. Бүгінде облыс бойынша өрт талаптарына толықтай жауап бермейтін 15 ауыл бар. Ақшұқыр ауылында өрт сөндіру бекеті қаржының тапшылығынан толық қуатында жұмыс істеп тұрған жоқ. Облыс әкімі Ералы Тоғжанов аймаққа ғарыштан бақылау жүргізуге, Қарақия мен Түпқараған аудандарындағы өрте қарсы жұмыс істейтін еріктілердің қызметін қалыптастыруға мәслихат сессиясында бюджетті нақтылау кезінде қолдау көрсетілетінін жеткізді. –Бейнеу ауданының географиялық орналасуы, климаттық жағдайы, ахуалы дала өрттерінің болу қаупін төндіріп тұрады. Бейнеудің солтүстігіндегі Атырау,Ақтөбе облыстары және оңтүстігіндегі Маңғыстау ауданының арасы кеңістік, елсіз дала. Өрт ұдайы болып тұрады. Бұл мәселе біздің қаперімізде. Ауданда бір өрт сөндіру мекемесінің 3 автокөлігі бар. Мұнай компаниялары өрт сөндіру техникасымен қамтамасыз етілген. Өрт сөндіру депосының құрылысын салу 2018 жылғы жоспарға енгізілді. Аудандағы екі орман шаруашылығы өрт қауіпсіздігінің талабына сай техникамен, адам күшімен, қажетті қаражатпен қамтамасыз етілген. Өткен жылы аудан орталығынан 90 шақырым жерде мемлекет қорындағы 400 га жерді өрт шарпыды. Мұнайшылардың көмегінің арқасында Төлеп ауылын өрттен аман алып қалдық. 2016 жылы күзге салым ауданнан 25 шақырым жерде өрт шығып, уақытында ауыздықталды. Ағымдағы жылы дала өртінің қаупі бар. Биыл жауын шашын нормадан 4 есе, өткен жылғыдан 9 есе аз жауды. Жағдай тұрақты бақылауымызда, – деді Бейнеу ауданының әкімі Басшы Әзірханов. Онлайн түрінде байланысқа шыққан Маңғыстау ауданының әкімі Жармағанбет Айтуаров жоспарға сәйкес жұмыстар жүргізіліп жатқанын, ауылдарда ерікті өрт жасақтары құрылғанын жеткізді. Өрт орын алған жағдайда өрт сөндіру мекемесіне аудан аумағындағы «Кен- сары», «Коммұнай», «Қаламқасмұнайгаз», «Қарақұдықмұнай» өндірістік компаниялары көмекке келетінін айтты. Жиын барысында Каспий теңізі жағалауында, демалыс базаларындағы судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары да талқыланды. –Облыста қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған 4 жедел- құтқару құрылымы бар. Халық суға түсу маусымы кезінде белгіленген 20 жағалау аймағына және 10 демалыс орнында демала алады. Ақтау қаласы әкімдігінде өткен жиында суға түсу маусымы 25 мамырда ашылатыны туралы шешім ышғарылды. Қазіргі таңда жағажайларда, балалар лагерінде, демалыс базаларында құтқарушылар, медицина қызметкерлері, судан құтқару құрылғылары бар. «Шора» су каналы, Ақтау қаласынан 43 шақырым, 15 шағынаудандағы «Айдын» кафесінен бастап 1 шағынаудандағы «Шағала» шипажайының арасы, Қарақия мен Түпқараған аудандарындағы жағалауалар қауіпті аймақтарға қатарына жатады. Өткен жылы жедел- құтқару қызметіне 33 млн.теңгеге құрал-жабдықтар сатып алынды, – деді облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысының орынбасары Манарбек Мұханбетов. Жиын қорытындысында облыс әкімі Ералы Тоғжанов Приморский-1- де құтқару стансасы құрылысының жобасын қолдап, аудан әкімдеріне, облыстық төтенше жағдайлар департаментіне бірқатар тапсырма берді.
Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ