Шыңғыс Айтматов өзінің ұлағатты бір сөзінде былай дейді: «Халықтың мәңгі ғұмыры - оның тілінде. Әрбір тіл өзінің халқы үшін - Ұлы». Ал біздің халық үшін ұлылардың ұлысы - қазақ тілі. Өкінішке қарай, Тәуелсіздік алдық десек те, Тіл туралы заңымыз бар десек те Алаштың ерлері аңсап кеткен сол тәуелсіздігімізді, заңымызды бүгінгі күні толық түсініп, пайдаланып жүрген жоқпыз. Қазіргі таңда қазақ тілінде сөйлейтін басқа ұлт өкілдерін кездестіру жалпыға бірдей таңсық емес. Себебі Қазақстанда қабылданған тіл саясаты басқа ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілді еркін игеруіне жағдай жасап отыр. Бүгінде мемлекеттік тілде іс-қағаздарын жүргізу мәселесі көптеген кәсіпорындардың ең өзекті мәселесі. Болашақта әрбір азамат мемлекеттік тілде іс қағаздарын сауатты жүргізе білу үшін, ол қай ұлттың өкілі болмасын қазақ тілін меңгеруі қажет. Ал мұндай қадам кез-келген компанияның алға қойған нақты мақсаты мен білікті мамандардың, бірлігі жарасқан ұжымның арқасында жүзеге асары анық. Бүгінгі заман өзгерісі Қазақстан азаматтарының жаңа бағыттарда қызмет етіп, қабілеттерінің одан әрі шыңдалуын талап етеді. Мемлекеттік тілді меңгеру де, сол талаптардың ең негізгілерінің бірі. Іс қағаздарын қазақ тілінде жүргізуді енгізу, мемлекеттік қызметке тек мемлекеттік тілді меңгеретін азаматтарды қабылдау мұның барлығы қазақ тілінің дамуындағы аса маңызды үрдіс. Бүгінгі таңда мұнайлы қалада қазақ тілі бойынша мәселе жоқ деп ойлаймын. Өйткені қаламызда барлық мекемелерде іс-қағаздар қазақ тілінде жүргізіледі. Ал Алматы, Астана қалаларында қазақ тілінің жайы ақсап тұр. Үкімет деңгейіндегі шара болсын, компанияның күн тәртібіндегі отырысы болсын, орыс тілінде жүргізіледі. Бұл жазылмаған қағида. Спикер баяндамасын оқымай тұрып, алдымен қазақша амандасып, баяндама атауын қазақша айтып, көтеріліп жатқан мәселені сөз етіп бастай бергенде, ішің жылып «о, мына кісі қазақша сөйлейді» деп ойлап үлгересің, бірақ қуанышың ұзаққа созылмай- ды: «әуен» орысша жалғасады. Тіпті залда тек қазақтар отырса да солай. Спикердің ішінде ресми тілде дұрыс сөйлемейтіндер де болады, бірақ бәрібір «сөйлеу» керек, өзгелер түсінбей қалады деп ойлайды. Қазақша сөйлейтін батылдар бар, бірақ аз. Ақпаратты жедел таратуда қазақ тілді журналистердің жағдайы қиын. Шараға барады, материалды орысша тыңдап, сүзгіден өткізіп, қазақша жазады. Спикер пікірін диктофонға жазып алады, аударады, қазақшалайды, солай уақыт жоғалтады. Ал орыс тілділерге прес- релиздер, тіпті вордтағы F7-де көмекке келеді. Ең құрығанда мәтінде орысша грамматикалық қателер кетпейді. Қазақ тілінің еліміздің бүкіл аумағында, қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылуын іс жүзінде қамтамасыз ету, еңселі елмен иық тіресуді алдына үлкен мақсат етіп қойған тәуелсіз еліміздің өзекті мәселелерінің бірі болып табылады. Ал, осы мемлекеттік тілдің ең алдымен қанатын кеңге жайып, барлық салаларға енуінің бастауы, әрі тірегі - мемлекеттік органдар. Жалпы, мемлекеттік тілде іс жүргізу бүгінгі күннің өзекті меселесі. Себебі, іс қағаздарын дұрыс толтырып, әртүрлі құжаттарды сауатты жазу, яғни биік дәрежеде кеңсе ісін жүргізу - тәуелсіз мемлекетіміздің мәдениетінің маңызды көрсеткіші. Өз елімізде, өз жерімізде ана тіліміз - қазақ тілінің толық үстемдігін орнатып, мемлекеттік тіл болып қалыптасуына әрқайсымыз ұмтылуымыз қажет. Мемлекет басшысының «Қазақстанның болашағы - қазақ тілінде» деген сөзі қазіргі таңда ұранға айналғандай. Қай салада болмасын мемлекеттік тілдің өресі биік болуы тиіс. Сонда ғана, ана тіліміз қанатын кеңге жаяды. Мемлекетке қызмет ету үшін, алдымен мемлекеттік тілді жетік білген маңызды. Ал мемлекеттік тілді білу бүгінгі күннің талабы. Сондықтан, тәуелсіз елімізде өмір сүріп жатырған әрбір адам, мемлекеттік тілді құрметтеп, мемлекеттік тілде сөйлеуі - олардың парызы деп ойлаймын.
Гүлсім ЕРБӨЛЕКОВА