Елбасы 2012 жылғы желтоқсан айында жария еткен «Қазақстан-2050» Стратегиясында 2025 жылдан бастап латын әліпбиіне көшуге кірісу керектігін мәлімдеді. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында латын әліпбиінің бізге таңсық еместігін, латын қарпіне көшудің маңыздылығы мен саяси себеп-астарына үңілген еді.
Өткенге көз тастап, таяу жылдарда жүзеге асуы тиіс міндеттер қатарына латын әліпбиіне көшуді басты меже етіп қойды. «Латыншаға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ, ХХІ ғасырдағы ғылыми және білім беру процесінің ерекшеліктеріне байланысты. Мектеп қабырғасында балаларымыз ағылшын тілін оқып, латын әріптерін онсыз да үйреніп жатыр. Сондықтан, жас буын үшін ешқандай қиындық, кедергілер болмақ емес» деп атап өтті.
Осы міндет аясында еліміздің түкпір-түкпірінде тіл ғылымының мамандары, филолог-ғалымдар, академик-ұстаздар, оқу ісінің үздіктері өз ой-пікірлерін ортаға салып, қоғам талқысына ұсынуда. Маңғыстау өңірінде латын әліпбиін терең зерттеп, қазақ тілінің латын қарпіне көшуін қолдап, оң әрі кемшін тұстарын саралап, бірнеше жылдан бері осы бағытта еңбек етіп жүрген ғалымнің бірі Қуантқан Ванов. Облыстық тілдерді дамыту, мұрағаттар мен құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен өткен басқосуда ғалым өз көзқарасын білдіріп, өзндік жобасын таныстырып өтті. Басқосуға қоғам белсенділері, ардагер-ұстаздар мен қаламгерлер қатысты.
«Әліпбиіміз латын графикасына өтеді дегеннен осы бағытта бірнеше жылдан бері зерттеумен айналысып келемін. Мәселе әліпбидің әріптерін таңдаумен шектелмейді. Әуелі дыбыстарымызды айқындау, ережелеріміз бен ақпараттық техникалық құрал-жабдықтарымызды жасауды да қамтиды. Мен әліпбиден он әріпті қысқарттым. Сонда әліпби 33 әріптен тұрады. Мәселен, «в» әріпі қазақ тіліне жат. Дегенмен, тілдік қолданыста кірме сөздер көптеп кездеседі. Тіпті, тегімізге осы әріпті әлі күнге дейін жалғап келеміз. Латын қарпіне көшудегі ең негізгі мәселе әріп таңдау. Мен ұсынған әліпбидің үш ерекшелігі бар. Біріншіден, таңбасы жоқ дыбыстарға қандай әріптер алынады, екінші әліпби бас әріпсіз болады, үшінші «ү» мен «п» дыбыстарына таңба тағайындау мәселесі. Әуелі 33 дыбыстың ішінде көптеген дыбыстардың латынша таңбасы бар. Ал түйткілді мәселе латынша таңбасы жоқ «ә», «ғ», «ж», «қ», «ң», «о», «ө», «ұ», «ү», «ы», «і», «ш», «х» дыбыстарына таңба тағайындау. Қазіргі таңда аталған дыбыстарға таңба тағайындау барысында үш түрлі тәсіл ұсынылуда. Олар диакритикалық, апостроф арқылы және қосар әріппен жазу. Бұлардың бірі оқуға қиын, сөзді ұзартса, өзгесі жазылуы ыңғайсыз әрі техникалық мүмкіндігі өте төмен. Біздің мақсатымыз төл дыбыстарымыздан айырылып қалмау. Сол себепті мен дүние жүзіне ортақ халықаралық фонетикалық таңбалармен таңбалауды ұсынамын. Жазуға, оқуға және үйренуге жеңіл. Фонетикалық таңбалардың дыбысталуын тыңдауға болатындықтан кез келген адам тіпті өзге ұлт өкілі де өз бетімен үйрене алады. Ал диакритикалы, апострофты және қосар әріптерді үйренуде мұндай мүмкіндік жоқ. Көптеген таңбалар ағылшын транскрипциясындағыдай болғандықтанекі әліпбиді де оқып, үйрену оңайлайды. Әр дыбыстың арнайы таңбасы болғандықтан ажырату оңай»,-дейді Қуантқан Ванов.
Ғалымның сөзіне сүйенсек, әліпбиде бас әріптің болуы міндетті емес, ол әр елдің өзіндік ұйғарымы ретінде саналады. Мысалы, үнді, еврей және грузин әліпбилерінде бас әріп жоқ екен. Жалқы есім мен сөйлемнің басталғанын білдіру үшін « `» таңбасын қоямыз. Қысқарған сөздегі әрбір сөз бас әріптен басталатын болса, бұл таңбаға қоса сөздердің арасын нүктемен бөлеміз. Әрине әліпбидің техникалық жабдықталуы өте маңызды жайт. Халықаралық фонетикалық таңбалар Cambria, Calibri, Arial, Times New Roman, Arial Unicode MS және тағы басқа шрифтілерде бар. Қуантқан аға бұлар көпшіліктің жазу қажеттігін өтеуге жеткілікті деп ойлайды. Көркемдеу шрифтеріне 10 таңбаны жасау қиындық тудырмайтындығын тілге тиек етті.
«Ағылшын пернетақтасында біздің кейбір жиі кездесетін әріптеріміз қолайсыз орындарда орналасқан. Сондықтан теруге қолайлы пернетақта ойлап табу қжет. Сондай-ақ пернетақтада үш тілдің бірдей таңбаларының орналасуына қатысты кейбір сәйкессіздіктерді үйлестіруге болады. Пернетақтаны біз ойластырдық. Кирилл әрпін білетіндер бұл пернетақта арқылы жаңа әріптерді меңгермей тұрып та жаза береді. Сондай-ақ пернетақта әліпбиді тез үйренуге көмектеседі»,-дейді ғалым.
Басқосуға жиналғандар жаңа әліпби жобасына қатысты өз ой-пікірлерін білдірді. Барлығы дерлік ғалымның тың жобасын бір ауыздан қолдап, экономикалық жағынан тиімді тұстарын да атап өтті.
«Ағылшын тілін білетіндер үшін бұл әліпбиді меңгеру әрине оңайға соғады. Әліпбиде қолданылатын халықаралық фонетикалық таңбалар, яғни транскрипциялар сөздіктермен, аудармалармен жұмыс жасайтын шет тілін меңгерушілердің барлығына таныс. Жастар мен жасөспірімдер бұл әліпбиді үйренуде аса кедергілерге тап келмесі анық. Ең бастысы бұл әліпби өте қарапайым. Қазақ тілі жалғау және жұрнақ арқылы түрленеді, әрі ұзарады. Егер бір әріп әр түрлі дыбысталса бұл өте қиын. Сондықтан кез келген жағдайда біз оңай әрі қарапайым нұсқаны таңдауымыз керек»,-дедйі тіл маманы, шет тілдер колледжінің ұстазы Надежда.
Маңғыстаулық ғалым, тіл маманы Қуантқан Вановтың жаңа әліпби үлгісі Министрлікке жолданып, Алматы қаласындағы Тіл білімі институтында да талқыланбақ.
Голрох Жеменей Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ