Төрт қабырға ортасында ата-анасы мен бірге туған бауырларынан басқа ешкімді көрмей, жағдайы жеткенінің терезеден сыртқа қарай телмірумен балдәурен шағы ауыртпалықпен өтіп жатқан балалар аз ба? Оларға мемлекет тарапынан материалдық көмек беріліп жатыр. Бірақ, сол балалардың жанын жадыратып, көңілдеріне шуақ түсіретін, келешекке деген үмітін оятып, сенімін арттырар рухани шаралар ұйымдастыру ешкімнің қайғысына бей-жай қарай алмайтын, маңындағыларға пайдасын тигізуді ғана мақсат тұтқан жомарт жүректі жандардың ғана қолынан келсе керек. Өткен жылы, ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында Маңғыстау облыстық «Іскер әйелдер қауымдастығының» төрайымы, облыстық мәслихаттың депутаты, облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшесі, Жаңаөзен сүт зауытының директоры Сәуле Жақаеваның ұйымдастыруымен Жаңаөзен қаласында «Үміт бер» акциясы басталған-ды. Мүмкіндігі шектеулі балалардың мүмкіндігін паш етіп, олардың өздеріне деген сенімін қалыптастыруға және болашақта кәсіп иеленуіне жәрдемдесу мақсатында ұйымдастырылған осынау шараға жергілікті әкімдер мен халық қалауылары, кәсіпкерлер тартылған. Сахнада ән шырқаумен қатар он саусағынан өнер тамған шебер балаларды қоса қамтыған «Үміт бер» фестивалі Қарақия ауданының Құрық ауылында жалғасты. Жиналғандар алдында сөйлеген аудан әкімі Әділбек Дауылбаев жүрек жылытқан қайырымдылық кешіне қатысып отырған балаларға сәттілік тіледі. -Егеменді елімізде қайырымды азаматтардың осындай қайырымды кештерінің өтіп жатуы—жақсылықтың белгісі. Әлсізге көмектесу деген біздің ата-бабамыздан келе жатқан қасиеттірдің бірі,-деді әкім.-Соңғы 2-3 жыл ішінде барлық мкемелерде дерлік пандустар орнатылды, мүгедектер үшін қажетті құра жабдықтар қойылуда. Алдыңғы жылы Құрық гимназиясы жанындағы әдемі ғимаратта «Ерсай» мекемесінің, «Дарын» қорының демеушілігімен мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған сыныптың ашылуы да осындай қайырымды шаралардың бір көрінісі. «Үміт бер» акциясын ұйымдастырып жүрген кәсіпкер әйелдерге алғыс айтамын. Жыл сайын қайырымдылық шараларын өткізіп келе жатқан Сәуле Бердіханқызы келесі фестивальдің Бейнеуде болатынын айтты. -Ана бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тертебетеді екен. Акциямызды «Үміт бер» деп атағанды мақсатымыз да сол, жаны жабырқау балалар мен оларды бағып отырған аналарына үміт беріп, алға қарай талпындыру. Біз анамыз, біздің баламыз—біздің болашағымыз. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы айтандай, біз елімізді балаларымызбен, ұрпағымызбен жаңғыртамыз. Біздің болашағымыз бірлікте. Бұл балаларды барлығымыз бірігіп демеуіміз керек,-деген ол акцияның осы фестивальмен аяқталмайтынын, ары қарай жалғаса беретінін жеткізді. Сондай-ақ халық қалаулысы фестиваль жеңімпазы болған он шақты баланы «ЭКСПО-2017» көрмесіне қатысу үшін билет алып беретінін сүйіншіледі. Сахна шымылдығын республикалық, халықаралық конкурстардың жүлдегері, облыстық филармонияның әншісі Екпін Толқынхан «Менің елім» әнімен түрді. Дәстүр бойынша кезек бұған дейінгі фестивальдерде жеңімпаз атанған өнерпаздарға берілді. Түпқараған ауданында өткен «Үміт бер» байқауының жеңімпазы Әмина Тәуірбаева өзге құрбыларымен бірге мектепке барып, ойнап-күліп жүрді. Алайда аяқ астынан тап болған ауру салдарынан үйде отырып қалған оның мектебіне деген сағынышы басым. Кішкентай қыз жұдырықтай жүрегінде тұрған мектебіне деген сағыныш сезімін өзі орындаған «Мектебім» әнімен сездіргендей еді. Одан кейін Мұнайлы ауданынан келген жеңімпазы Қадірбек Досжан, Маңғыстау ауданындағы байқаудың жеңімпаздары Айханым мен Дәлубай әсем әндерімен сахнаның сәнін келтірді. Мұнайлы ауданының екінші жеңімпазы Жәнібек Тұрғанбаев, Жаңаөзен қаласындағы байқаудың Бас жүлде иегері Өсербай Өскінбай танымал әншілер репертуарынан әндер орындап, көрермендер көңілінен шыға білді. Жүлдегер балалар өнерінен соң Құрық және Жетібай ауылдарының өнерпаздары ән салып, терме айтып, өлеңдер оқыды. Акция аясында ұл-қыздардың шебер қолдарынан шыққан тоқыма, ағаштан қашап жасаған, мата қиындыларынан құрап тіккен, алуан әшекейлермен безендірілген әдемі бұйымдар да келушілердің назарына ұсынылды. Балалардың барлық өнерін әділ бағалаған әділқазылар алқасының ұйғарымымен Бас жүлде Құрық өнерпазы Жайнагүл Мұратқызына бұйырды. Бірінші жүлделі орынды жетібайлық Амангүл Қосдәулетова мен Құрық ауылынан Ақбөбек Искендирова бөлісті. Жетібайдан келген Жанна Дүйсенбай мен Жұмалы Алдиярға екінші орын берілсе, үшінші орынды олардың ауылдастары Мәди Досхан иеленді. Жеңіпаз балалар ақшалай сыйлықтар мен тиісті дипломдармен марапатталды және фестивальға қатысқан барша өрімдей өнер иелеріне ескерткіш сыйлықтар мен Жаңаөзен сүт зауытының өнімдері тапсырылды. Бұйырса, алдағы күзде жас өнерпаздар облыс орталығында өтетін фестивальға жиналып, тағы да бір бас қоспақ.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА