Жаңаөзен қаласында дүйсенбі күннен бері жауған қалың нөсер салдарынан қала орталығында бірнеше көшені су басты. Толассыз жауған жаңбырдан қалаға қарасты ауылдардың да біраз бөлігін су басып, тұрғындарды әбігерге салуда. Әсіресе, Бостандық, Рауан шағынауданы мен Рахат, Теңге ауылының бірнеше көшелерінде тұрғын үйлер жауын суынан зардап шегіп жатыр. Тұрғындар қолдарынан келгенше судың алдын бөгеп бағуда. Бірақ жауын үдемесе басылар емес. Қолдарына күрек ұстап, судың алдын топырақпен бекітуде. Бірақ бұл әрекеттерінен еш нәтиже шықпай жатыр. Сейсенбі күні жауын-шашынның салдарынан қаланың шетінде орналасқан 6-шы шағынауданы, 9 үйдің жертөлесінде құбыр жарылып, аталған үйдің бірінші қабаттағы пәтерлерге су өтіп кеткен. СЕРІК ШЫРТАНОВ, 6-шы шағынаудан, 9 үйдің тұрғыны: - Бүгін мен тұратын үйде таңғы сағат 7-де жертөледе құбыр жарылып, үйді су алып кетті. КСК басшысы мен жауапты мамандарға телефон шалдық, олар сағат түскі 3 те келді. Енді суды арнайы техникамен сорып жатыр. НҰРДАУЛЕТ САТТЫҚОВ, қалалық төтенше жағдайлар бөлім бастығы, подполковник: - Қалада үш күннен бері жауын жауып жатыр. Әсіресе, Бостандық пен Рауан шағынауданы, Рахат ауылының үй алдында су жиналып қалған. Қалалық төтенше жағдайлар бөлімінен 20 жеке құрам, 3 көлік, қалалық №13 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінен 2 техника, «Өзенмұнайгаз» АҚ-нан 3 техника бөлініп, су алған көшелер мен жертөледегі суды тазартып жатырмыз. Қала әкімінің басшылығымен төтенше жағдай комиссиясы құрылып, жауапты мамандар тағайындалды. Ауа райын болжау орталығы мамандарының айтуынша, Маңғыстау облысындағы жауын-шашын мамыр айының соңына дейін жалғасуы мүмкін. Рахат-1 ауылының 5 көше тұрғындары жергілікті билікке наразылығын білдірді, өйткені оларға көмекке ешкім келмеген соң тұрғындар техниканы өз ақшаларына жалдап, топырақ шашып, суды сорғызып алуда. Жалпы қала бойынша және Рахат, Қызылсай, Теңге ауылдарына «Бұрғылау», «TENGEOILGAZ» ЖШС, №2 МГӨБ және басқа да мекемелер арнайы техника бөліп, суды сору жұмыстарын жүргізуде.
Гүлсім МҰРЫНОВА