Кеше облыс әкімдігінде өткен аппарат мәжілісінің күн тәртібінде облыстық еңбек басқармасы және тілдерді дамыту, архивтер мен құжаттама басқармасының жұмысы туралы баяндама тыңдалды. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Сүйіндік Алдашев төрағалық еткен жиынға аймақ басшысының орынбасарлары, облыстық мәслихат хатшысы Бекмұрат Жүсіпов, облыстық басқарма мен мекемелердің басшылары, кәсіпорындар мен БАҚ-тың өкілдері қатысты. Жиында облыстық еңбек басқармасының басшысы Әлігер Іңкәров өткен жылы және ағымдағы жылдың бірінші тоқсанында жасалған жұмыстардың есебін берді. – 2016 жылы мемлекеттік еңбек инспекторлары 800-ден аса тұрғынның арыз- шағымы негізінде 500-ге тарта ішінара және жоспардан тыс тексеру жүргізді. Ағымдағы жылдың басынан бері біздің көмегімізге 180 тұрғын жүгініп, 96 тексеру жүргізілді. Өткен жылы айлық еңбекақыны уақытында төлемеу, қауіпсіз еңбек жағдайымен қамтамасыз етпеу, жұмыс берушілер жұмыспен қамту орталығына бос жұмыс орындары және қысқарту туралы мәліметті бермеу және тағы да басқа заң бұзушылықтарға байланысты 738 факт анықталды. Осыған сәйкес 2016 жылы нұсқама мен ескерту беріліп, 144 әкімшілік жаза қолданылып, 24,4 млн.теңге айыппұл салынды, – деді облыстық еңбек басқармасының басшысы Әлігер Іңкәров. Аталған басқарма басшысы Әлігер Іңкәровтың келтірген деректеріне сүйсенсек, 2016 жылдың 1- тоқсанында 122, ағымдағы жылдың осы кезеңінде 323 еңбек құқы бұзылған. Еңбек басқармасы жүргізген мониторингке зер салсақ,биыл сәуір айының аяғындағы көсерткіш бойынша өңірдегі кәсіпорындарда 1474 ұжымдық келісім-шарт жасалған. Сонымен қатар өткен жылы өндірістік жарақат алуға байланысты 59 дерек тіркелген. Жазатайым жағдайдан 73 жұмысшы зардап шегіп, оның 12-і көз жұмған. Биылғы жылдың бірінші тоқсанында өндірістік орындарда 9 оқиға орын алып, жапа шеккен 9 қызметкердің 4-еуі қаза тапқан. Бұл оқыс жағдайларға жол-көлік оқиғасы мен жұмысшылардың биіктіктен құлауы себеп болған. – 2016 жылы айлық еңбекақыға қарызды қайтаруға жұмыстанған мемлекеттік еңбек инспекторлары мен аймақтық дағдарысқа қарсы штабтың бірігуімен 75 ұйымнан 287 млн.теңге төленіп, 1 мың 555 жұмысшының құқы қорғалды. Қарыз болған 75 заңды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 13,4 млн.теңге айыппұл салынды. Қазіргі таңда бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып жатыр. Айлық еңбекақыны төлеуде заңдық тұрғыда қарайтын өзекті мәселе бар. Бұл мәселені шешуде «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі» туралы заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізу қажет. Осы мәселені Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне жеткіздік, – деді облыстық еңбек басқармасының басшысы Әлігер Іңкәров. Жиын барысында облысымызда 14 ірі мекемеде ұжымдық еңбек шарты жасалмағаны белгілі болды. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Сүйіндік Алдашев бұл кәсіпорындардың аталған құжатсыз қалай жұмыс жасап жатқанын сынға алды. Ол облыстық еңбек басқармасының басшысы Әлігер Іңкәровке осы аптаның ішінде ұжымдық еңбек шартына отырмаған кәсіпорындардың тізімін ұсынуды тапсырды. Аппарат мәжілісінде еңбек дауы орын алған «Кеппел Қазақстан», «Техно трейдинг ЛТД» және «Бұрғылау» ЖШС өкілдері ұжымдарда қазіргі жағдай тұрақты екенін баяндады.
Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ Суреттерді түсірген Қуаныш ИСМАЙЛОВ