©
Ұлы Жеңіске биыл 72 жыл толып отыр. Жеңіс! 1945 жылдың 9-мамыры күні дәл осы шаттық хабарды естіп тұрып, бүкіл әлем теңселіп кетті. Жер жүзі халықтарының жүректері қуаныштан лүпіл қақты. Кеңес Одағының тұрғындары 5 жыл бойы күндей күркіреген соғыста - 1418 күн мен түндерде, бүкіл жігерімен Жеңіске ұмтылған...
Жеңіс күнін жақындатқан, қаратүнек фашизмге қарсы жан аямай күрескен әрбір жауынгерге қарыздармыз. Ұлы Жеңіс - біздің халқымыздың орасан зор құрбандықтарымен келген қасіретті арифметикасы. Соғыс салған зардап әлі күнге дейін толық жойылған жоқ. Олардың Отан үшін қан кешкен әрбір қадамы, жеңісті жақындата түскен әрбір күні ұмытылмайды. Өйткені, ерлік шежіресі ұрпаққа ұлағат, ертеңгі күнге үлгі боларлық сабақ.
Біз, бейбіт, Тәуелсіз елде туған ұрпақ Ұлы Отан соғысы жылдарындағы аға ұрпақтың жанкешті ерлігімен мақтанамыз. Кеңесбай Еңсегенов ақсақал 1943 жылы Форт-Шевченкодан Совет әскері қатарына аттанған. Ол 4 Украина фронтының атқыштар полкінде соғысқа қатысып, сонау Берлинге дейін барып келген. Бірнеше орден, медальдармен марапатталған ол 1946 жылы туған топырағына оралған. Қазақта «жасында көргені жоқтың, өлгенде айтары жоқ» деген қанатты сөз бар. Кеңесбай ақсақалдың кемел жасына лайықты көргені мен түйгені бар. Бақытты өмір сүруден - абыройлы өмір сүру әлдеқайда қиын, әлдеқайда биік мұрат. Қария өткен өміріне көз жүгіртіп отырса, кейбіреудей арын саудаға салған жері жоқ, өткен өміріне өкпесі де жоқ. «Ата» деп қаумалаған немерелердің өзі бір қауым ел.
- Құдайға шүкір, қазір қой үстіне бозторғай ұялаған кезеңдеміз. Жастарымыз имандылыққа бет бұрды. Бүгінгі тыныштығымызға шүкір етіп, қазіргі күннің қадір-қасиетін білуіміз керек. Алла Тағала жасымды берсін бәріңе, шырақтарым. Денсаулықтарыңды күтіңдер. Денсаулық болса, барлығы да болады. Бейнетімді бермесін. Болашағымыз жарқын болсын. Бейбіт өмір кешейік, - деп тілек білдірген Кеңесбай Еңсегенов қарияның деніне саулық тілейміз.
***
«Адамның басы - Алланың добы» дегенді қазақ бекер айтпаған екен. Бүгінде 90-ға келіп, немере, шөбере сүйіп отырған Ұлы Отан соғысының ардагері Қуанбай ақсақал қай жердің дәмін татпады десеңізші?
1944 жылы қыркүйекте Өзбекстанның Қаттақорғанындағы №211 атқыштар полкінде болып, 7 желтоқсанда ротаға артиллерист болып соғысқа жіберіледі. Қуанбай ақсақал Чехословакияның астанасы Праганы азат етуге қатысып, Венгрияның орталық қаласы Венаны жаудан тазартып, Германияның Дрезден қаласында соғысты аяқтайды. Соғыста ерлігі үшін өңіріне «Отан соғысы» медалі тағылады.
- Қазір болашағы жарқын, бағыты айқын Тәуелсіз елде өмір сүріп жатырмыз. Бүгінгі ұрпақ азаттықтың қалай келгенін біледі. Қазіргі таңда қаншама елдің бірлігінің бұзылған уақытында тату-тәтті ғұмыр кешіп жатқан біздер, шынымен де бақыттымыз. Тәуелсіздік - менің Отаныма берілген тәңірдің сыйы. Аналар да, балалар да жыламасын, даламыз жұтамасын. Ұланғайыр кең даламды соғыс өрті шарпымасын. Бұл, барлық адам баласының арман-тілегі! - деп өскелең ұрпаққа ақ тілегін білдірді.
«Қазақ деген мал баққан елміз, ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз. Елімізден құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп найзасына жылқының қылын таққан елміз. Дұшпан басынбаған елміз, басымыздан сөз асырмаған елміз. Досымызды сақтай білген елміз, дәм-тұзын ақтай білген елміз» деп Қазыбек би қазақтың батырлығын, қайтпас қайсарлығы мен ержүректілігін сипаттаған. Соғыс атауы құлаққа жағымсыз, тіршілікті қан жылататын, асты қайғы-қасіретке толы қаралы сөз. Неміс фашистерінің аңсап келген арманына 4 жыл ішінде батырларымыз қажымас ерліктерімен тосқауыл берді. Ендеше, бір кездері сіз бен біздің бақытымыз үшін жаумен арыстандай алысып, бүгінде шау тартқан ардагерлерімізге қанша құрмет көрсетсек те жарасымды. Қазақ «төріңнен қарт кетпесін» деп тілеген халық. Ендеше, Қуанбай Бөбекбаев секілді қазыналы қарттарымыз әманда аман болсын деп тілейміз.
Асқар СӘТМАҒАНБЕТ
Сурет сайттың архивінен