Аяғын сылтып басып, ойын жинақтай не ойындағысын толық жеткізе алмай, тәнінің мүкістігімен күресіп күн өткізгендерді қоғамда мүмкіндігі шектеулі жандар деп мүсіркей қарап жатамыз. Сауап алу үшін кейбіреулер жәрдем етеді. Туғанынан сұғанақ көздің сұғынан қымсынып өскен сол жандардың кейбірінен былайғы жұрт үлгі алуға да боларлық. Олардың мүмкіндігі шектеулі болғанымен, өмірге құлшынысы шексіз, көздері сұлулықты көреді, жүректері жылылықты сезеді. Сондықтан болар тағдырдың тас қамытын ерте кигендердің көбі он саусағынан өнер тамған шебер болады не салған суреттері таңданыс тудырар әсерлі келеді.
Тектілердің тал бесігі Маңғыстауда да талай жан тағдырына мойымай, қолынан келген ісімен көпшіліктің таңданысын тудырып жүр. Бірнеше жыл бұрын өткен «Бәріміз бірдейміз, кемсітуді білмейміз» мүмкіндігі шектеулі жандардың алғашқы республикалық конкурсына ауданымыздан барлық номинациялар бойынша үміткерлер қатысты. Осыдан-ақ мүгедек жандардың да өнерден алар өз үлестері барына анық көзің жетеді. Конкурстың «Ең тату отбасы» аталымы бойынша облыстан үздік шығып, Астанада өткен байқаудан ынталандыру сыйлығын алып келген қызандық Сәрсенғожиндер отбасын қалай мақтасақ та, қай тұсынан үлгі тұтсақ та болар. Ауданымыздан шыққан қос шебердің Астана төрінде байрақ алғаны зор мақтаныш. Отағасы Сәрсенғожин Қылышбек темірден түйін түйген шебер, оның қоғамға қосқан үлесі жеті мүшесі сау жандардан кем емес. Тепсе темір үзетін жігіттердің өзі «жұмыс жоқ» деп ата-анаға алақан жайып отырғанда оның өзін өзі жұмыспен қамтып, отбасын асырауы қоғамға тигізген бірінші пайдасы болса, темірден күнделікті тұрмыста пайдаланатын құрал-жабдықтар жасап қолжетімді бағамен сатуы ауыл-аймақтың қажетіне жарап отыр. Қылышбектің қолынан шыққан шелек пен күректің базардан сатып алған түбіне тас тисе тесіліп қалатын шелектерден әлдеқайда сапалы екенін айтады ауыл тұрғындары. Бел, от салғыш, шаттауық, мұрындық, таға мал ұстамайтын біз үшін өткен күндерді еске салғанымен ауыл адамдары үшін зәру дүние.
Алайда, тек темірден ғана емес ағаштан да тұрмыстық бұйымдар жасайтын шебердің алғашында қажетті құрал-жабдықтары жоқ болды десек өтірік айтқанымыз емес. Балға мен қысқаштан артық құралы жоқтығы кәсібін көсілте дамытуға кедергі келтіргені тағы шындық. Бірнеше жыл бойы «Ашыққанға балық берме қармақ бер» деп ұрандатып жүрген «Көмек командасы» да көмекке келмеді, ал айдарынан жел ескен кәсіпкерлердің бірде бірі оларды көрмеді. Бірер жыл бұрын жарық көрген мақаламызды оқыған жанашыр жандар көмек қолын созуға ұмтылды, тігін машинасы мен қол бұрғысы сынды жабдықтар алып берілді, шағын шеберхана салып беру туралы бастама да көтерілген, алайда аяқсыз қалды. Ал, шебердің ішкі арманы кәсіптерін одан әрі жетілдіріп, шағын шеберхана мен тігін цехын ашу. Отанасы Жұманазарова Маржангүлдің қолынан шыққан құрақ көрпе мен қазақы оюды келістіре салған бешпенті мен камзолы көздің жауын алады. Үйде отырып ұзатылған қыздың жасау жабдығын жасап, көрпе құрайды, киім тігеді және бағасы да жанға батпайды.
Ел қатарлы айналасындағы жанды дыбыстарды естімеген соң іштегі бұлқынған сезімдері мен ренішін айта алмаған екеуі де айналадан алған әсерін жасаған бұйымдарымен білдіретін сияқты әйтеуір қолдарынан шыққан дүниелер кім-кімнің де қызығушылығын оятпай қоймайды.
Кешегі өткен Алғыс айту күнінде біз алғысты осындай жандарға айтуымыз керек, ертеңгі аналар мерекесінде осындай аналарды құрметтеуіміз керек. Өйткені, олар шебер ғана емес, отбасында алтын асықтай екі ұл мен екі қыз тәрбиелеп отырған үлгілі жанұя. Бір-бірін естіп, айтарын айта салатын жұбайлардың өзі жараспай жатқан алмағайып заманда үнсіз ұғынысып, тілсіз түсінісіп жүрген осы бір ерлі-зайыптылардың татулығына ел сүйсінеді. Балалары Ә.Жангелдин атындағы орта мектептің үздік те үлгілі оқушылары, тіпті аудандық сайыстардан да жүлде алып жүрген жеңімпаздар. Олар отбасын құрып, өмірге дені сау ұрпақ әкеліп, тәлімді тәрбие бере алды, үлде мен бүлдеге орамаса да қатарынан кем қылмау үшін бар жағдайды жасай білді. Олардың өмірге деген құлшынысын көріп, ынтымағы жарасқан жанұяға Жаратқан жар болсын, өнер тамған қолдарына Құдай қуат берсін деген тілекте боласың.
Лаура ТЫНДЫРҒАНОВА