Адам баласы шыр етіп дүние есігін ашқанда алғаш іздейтіні де Ана, өмір бойғы қорғаны да Ана екендігі баршаға аян. Еркелігімізді, шалалығымызды көтеретін бірден бір адам ол тек ғана Ана!
Әр перзент үшін өз анасынан асыл әулие жоқтығы аян. Алтын құрсақ аналардың бәрі бірдей құрметке лайық екендігіне айтар дауым жоқ болғанымен ер етігімен қан кешкен сұрапыл жылдары өмірге келіп, өмірге перзент әкеліп, ер-азаматтармен үзеңгілес жүріп елдік іс атқарған сол кездегі аналардың біз жібін де есе алмайтынымыз анық.
Ерекше ізгі қасиеттерді бойына жиып, отбасының ғана емес, бүкіл әулеттің ардақтысына айналған батыр ана Әбілдікова Қанбибі осыдан 78 жыл бұрын Жармыш ауылында қарапайым отбасында дүниеге келді. Ұлы аналардың жолымен келе жатқан Қанбибі анамыз бір әулеттің берекесін кіргізіп, айрандай ұйытып отырған жан. Оның өмірге келуі Ұлы Отан соғысымен тұспа тұс келіп, әкесі соғыстан оралмай, шешесі Момынның қолында тәрбиеленеді. Сұрапыл соғыстан кейінгі қайта қалыпқа келтіру тұсында балалық шағы өткен Қанбибі анамыз «Қызыл әскер» деген жерлерде ел қатарлы әріп танып, білім алады. Уақыт өте келе, 1960 жылы жұбайы Бисенғалимен отау тігіп, 10 құрсақ көтерген оның 2 нәрестесі кішкентай кезінде шетінеп, бүгінде 8 ұл – қызы құтты орындарына қонған, 5 бала - келін, 2 қыз – күйеуден 31 немере, 19 шөбере сүйіп отырған үлкен әулет. Олар қиын қыстау уақытқа қарамастан балаларының білім алуына жатпай-тұрмай жағдай жасаған ата-ана.
Өңірімізде Бисенғали Әбілдіковты білмейтін жан кемде – кем шығар. 40 жылдан астам уақыт бойы шәкірт бойына білім нәрін құйып, тәрбие беріп, бүгінгі таңда сексеннің сеңгіріне шыққан асқар таудай әке, үлкен абырой иесі. Өнегелі ісімен өңірге сыйлы, тәлімді ұрпағын жұрт үлгі тұтатындай дәрежеге жеткізген Бисенғали ата «ҚР халық ағарту ісінің үздігі», облыс, ауданымыздың «Құрметті азаматы», ардагер ұстаз.
«Атадан жақсы ұл туса – патшадан болмас кемдігі», - деп бабаларымыз айтқандай алтын құрсақты анадан туған ұл – қыздары әке – шеше үмітін ақтап, Тәуелсіз елімізге қызмет етіп жатыр. Тұңғышы ұлы Жүсіп «ата көрген оқ жонар» демекші білікті ұстаз, оқу ағарту ісінің үздігі. Ал, қолындағы келіні Әлия Сүндет Онды орта мектебі басшысының орынбасары болып қызмет жасайды. Жоғарғы оқу орындарында білім алып жатқан немерелері болашақта аталарының жолын қуып, ұлағатты ұстаз болуды армандайды. Алдыңғы арба қайда жүрсе, артқысы сонда жүретіндей текті отбасынан шыққан бірінің артынан бірі білім қуып, бірі ұстаз болса, екіншісі мұнай саласында және мемлекеттік қызметтерде абыройлы қызмет етіп, үлкен арман жолымен жүріп келе жатқандары ата – ананы қуантады.
Ағаш жапырағымен көрікті болса, адам өрелі өмірімен, өркен жайған ұрпағымен дәулетті. Мәуелі ағаштың тереңге жайған тамырындай аяулы ана, ұл – қыздарынан өрбіген немере – шөберелерінің тәрбиесін назардан тыс қалдырмай, мән беріп келеді. Ана болу дегеніміз ұрпағының бүкіл өміріне ұлы рухани күш пен ерен еңбекті сіңіру болып табылады. Осы тұрғыдан келгенде, Қанбибі анамыз бүкіл ғұмырында бақ бесігін тербеткен ардақты ана атына мәртебелі жолмен келді. Үлкен жүрегімен, аялы алақанымен бүкіл бір әулетті нұрландырып отырған анамызды 8 – наурыз халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтап, деніне саулық, отбасына амандық тілейміз.
Мұратбек КӘДІРБАЕВ