Маңғыстаудағы татарлардың басым бөлігі аймақтағы «қара алтын» өндірісі басталған жылдары келген деседі. Өлке мұнайын игеруге жан-жақтан ағылған жұмысшылар арасында бұрғылаушы, барлаушы, басқа да мұнай-газ, құрылыс саласының мамандары ішінде татар ұлтынан да болған екен.
Солардың бірі-қазір Атамекен ауылында тұратын Фантал Сахыбгалиевтің маңғыстаулық атануына себепкер Файруза Сахыбгареева. Фандаль Фаттахаддинұлының Маңғыстауға 1984 жылы алғаш рет табаны тиіпті. 21 жастағы жігіт Жаңаөзен қаласындағы апасы Файрузанікіне қонаққа келеді. Апасы ол уақытта мұнайшылар қаласындағы ГПЗ-ға жолдамамен жіберілген газ зауыты жұмыскерлерінің бірі болатын. «Отбасымыз Уфа қаласында тұратын, 5 ұл, 3 қыз едік. Апам алған білімі бойынша мұнайшылар шаһарына жұмыспен келіп, қазақ жігітіне жар атанды. Бейтаныс елде, білмейтін ұлтқа келін болған бауырымның тұрмыс-жағдайын білу үшін келген маған да бұл жердің «ауа-райы» ұнап қалды. Маңғыстау - киелі өңір дегені осы шығар, қазыналы түбектен сол келгеннен ұзап кете алмадым. Ал апам мен жездем қазір Орал қаласының тұрғындары»,-дейді бұл туралы Фандаль аға. Содан ол бұрғылау басқармасына бұрғышының көмекшісі болып орналасады. Жұмыста жүріп жүргізуші-механик мамандығын алып, ендігі кәсібін білім алған бағыты бойынша жалғастырады. 1987 жылы Форт-Шевченко қаласына көшіп, бірнеше мекемеде жүргізуші-механик болып еңбек етеді.
[caption id="attachment_1926" align="alignleft" width="200"] Фандаль Фаттахаддинұлы[/caption]− Бұрын көрмеген, естімеген елге келіп, ортаға араласқанан кейін менің қазаққа деген ықыласым ауғаны соншалық, апам қазақтың келіні болған болса, мен күйеу баласына айналдым. Мені ең алдымен қазақ ұлтының қонақжайлылығы мен кеңпейілділігі тәнті етті. Сондай қасиеттері арқылы адамдары бірден баурап алды. Тез тіл табысып, сіңісіп кеттім. Кейін ата-анамыз елге қайт дегенде де өзге ұлттың баласын жатсынбай, құшақ жая қарсы алған елді тастап кетуге қимадым. Достарым да осында еді. Әрі екі ұлттың ұқсас тұстары көп екен. Осылайша Маңғыстауда қалып, Кеңес Одағы тараған жылдары этно-мәдени орталықтарды құру жұмысына араластым. 1988 жылы татар этно-мәдени орталығын қалыптастырып, 1990 жылдары заңды түрде тіркеттік. 1992 жылы Елбасымыздың этно-мәдени ұйымдарды республика көлемінде үлкейтіп, Ассамблея құру керек деген сөзі бізді қазақтардың бауырмалдылығына тағы бір рет көз жеткізді. Қазақстан жерінде жүріп өз салт-дәстүрімізді насихаттау, ұрпағымызға үлгі етуге мүмкіндік туғанына қуанышымыз қойынға сыймады. Сол мерзім ішінде жексенбілік мектеп ашып, сабантой мерекесін өткізуді жолға қойдық. Биылғы сабантой 28 мамырда болады деп отырмыз. Бұл мереке жұртқа тыныштық пен егінге береке болсын деген мағынада тойланады. Халық жиылып күрес, ат шабыс, түрлі ойындар ойнап, тамақ пісіріп, келіншектер су тасып жарысады. Ал жексенбілік мектепте татар ұлтының жасы мен кәрісі тілі, тарихымен қатар мемлекеттік тілді, тарихты үйренеді. Мектеп жұмысы Ақтау қаласындағы №6 мектепте ұйымдастырылады. Қазір аймақта жалпы саны 2 мыңға жуық татар ұлты тұрса, соның 30-ы жексенбілік мектептің тыңдаушылары,-дейді ол. Оның айтуынша, құда тұсу, қыз ұзату салты татар халқында да бар. Біздегі бесбармақ олардың да сүйікті асы. Ерекшелігі сорпасымен бірге тартылуында. Сөз осы туралы өрбігенде Ф.Сахыбгареев «Біз де өзге ұлттар сияқты өз құндылықтарымызды ерекше қадір тұтамыз. Чакчак, бәліш, пәрәміш дейтін қамырдан жасалатын ұлттық тағамдарымыз бар. Қонаққа бірінші болып қолдан кесілген кеспемен сорпа тартып, сыйлаймыз. Бұрындары бұл тамақты жаңа түскен келіндерды сынау үшін де қолданған. Кеспені қалай кесіп, дайындауына байланысты жас келіннің ептілігі байқалған»,-деді. Қазір қазақ тілінде еркін сөйлейтін Ф.Фаттахаддинұлы бастапқыда қазақша білмегенін айтады. «Жүре келе байқасам екі халықтың тілінде біраз ұқсас тұстары бар екен. Сондықтан тілім тез жаттықты. Әрі осы елде тұрып, тілін білмеуді ұят санап, білуге ұмтылдым»,-деп өзі тұрып жатқан елге деген құрметін жеткізген ол бүгінде кәсіппен айналысады. Отбасын жетілдіріп отырған шағын дүкеніне «Бақыт» деп ат тағыпты. Мұның астарында да достас халықтардың жақсылыққа жорудай ұқсас амалдары жатыр дейді.
Ал келесі кейіпкеріміз – татар қызы Зәкия Құдашева болса қазақ жігітімен ынтымағы жарасып 45 жыл отасқан, 5 перзент сүйіп, 18 немере, 13 шөбере көріп отырған бақытты кейуана. Оның қазақ халқымен біте қайнасуы 1952 жылдан, Ұлы Отан соғысынан кейінгі ауыр жылдардан басталған. Сол кездерді еріксіз еске алған ақжаулықты «Ұрыстан соң ауыл-шаруашылығында техника да, ат та жоқ. Колхозда тұратынбыз, шаруалар үшін өмір оңай емес еді. Оның үстіне 1948 жылдың тамызында қар жауып, барлық егін су астында қалды. 1949 жылға келіп азық-түлік қоры азайып, аштық басталды. Үлкен апам Фахрузиян майданда бірге болған досымен хат-алысып тұратындықтан соны паналап Түрікменстанға кетті. Өзі жұмысқа орналасқан соң, мені де шақыртты. Ол 1952 жылы еді, 20 жастағы бойжеткенмін. Соғыста үлкен ағамыз хабарсыз кеткен, мүгедек болып оралған әкеміз де көп ұзамай өмірден өткен ауыр кезең болатын. Запыранды жылдар ерте есейтіп, үлкендерге еріп тауық фермасында, қызылша егілетін алаңда жұмыс жасап, әр үйге міндеттелетін тоқыма бұйымдарын тігіп жұмыстың ыстық-суығына әбден үйреніп алған едік»,-дейді.
[caption id="attachment_1927" align="alignright" width="300"] Зәкия Құдашева[/caption]Сөйтіп Түрікменстанның Ташауыз облысына келіп, сол жердегі зауытқа лаборант болып жұмысқа тұрады. 2 жылдан кейін жолдасы Өтебаймен кездесіп, басқосады. Бір елден басқасына келіп, өзге бір ұлттың босағасын аттаған қыз үшін үлгілі келін атану бірден оңайға соқпайды. Әжей өмірінің осы тұстарын былай баяндайды: «Мен түскенде үйде қайын атам мен оның екі әйелі және үш қайынсіңлім болатын. Өзім тамақпен су ішуге әдеттенгендіктен, бастапқыда шәй құйып, жұрттың ішіп болуын күту қиын еді. Көпшілік адам шәй ішіп болғанша қара терге шомылатынмын. Кейін оған да көндіктім. Келі түйіп, тандырға нан жауып, сиыр саудым. Ошаққа от жағып, лампаға май құйып, бәрін де жасадым. Қазақ келінінің жүріс-тұрысы қалай болу керек, қай уақытта қандай ырым-жоралғыларды қолданады бәрін білуге тырыстым. Бірақ бір қызығы мұны маған өмірдің өзі үйретті Аталарымыздан бірінің аты Титан екен. Келіп болып жаңа келген кездерім, «титанда су қайнап тұр екен, титаннан су алайын деп жатырмын» деп айта беріппін. Әйелдердің атаңның атын атап жатсын дегеніне - атамның атын айтпадым, титан дедім деп тағы да қайталаппын. Енді бірде самаурындағы су қайнамай кеткендіктен күйеуіме «анау жерден балтаны алып, отын майдалап берсеңші» деп бірнеше рет айтыппын. Сөйтсем Балта атты үлкендеріміз бар екен, олардың атын айтпау керек екенін қайдан білейін? Сондай сәттерден сабақ ала жүріп, жетілдік. Кейін барлық әдет-ғұрыпты біліп, қайнылардың жеңгесімен ойнағанына да етіміз үйренді». Әжей бүгінде марқұм болған үлкен ұлының шаңырағында тұңғышынан қалған немерелерімен бірге Басқұдық ауылында тұрады. Немере келіндерінің қызметін көріп, шөберелерін қызықтап отырған оның отбасы көштің басын елге 2005 жылы бұрыпты. Ата жұртына оралған жастар жағы бүгінде оқып-білім алып бір-бір кәсіптің тұтқасын ұстаған. Құрылыс, медицина, кәсіпкерлік, білім салалары мен мемлекеттік қызметте аймақтың өркендеуі жолында еңбек етуде.
Шахида ЖҰМАН