©
Қазақта «туған ана – ана емес, баққан ана - ана» деген даналы сөз бар. Туған анадан баққан ананың артық болатындығы сияқты шаңы шыққан қу тақыр болса да, туған жердің топырағына ештеңе жетпейді. Сол секілді, аты басқа болса да, заты қазақ Викториямен әңгімелескеннен кейін менде осындай ойлар туды.
22 жастағы дағыстандық қыз Виктория Гасангусейнова көз ашқалы Маңғыстауда тұрады. Осы өңірде өмірге келіп, Маңғышлақ стансасындағы балабақшаға, Қызылтөбедегі №2 орта мектепке оқуға барды. Сол мектептен түлеп ұшып, қазір Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжирининг университетінде мұнай және газ факультетінің 4 курсында оқиды. Анасы Ольга Аравиди гректің қызы. Ол №2 орта мектепте орыс тілі және әдебиет пәнінің мұғалімі. Сол мектептің оқу ісінің меңгерушісі. Әкесі жеке кәсіпкер екен. «Қыз өссе – елдің көркі» дегендей, Викторияның биязы күліп, баппен сөйлеуі, сыпайы сыйласуы оның нәзіктігін, сүйкімділігін көрсетіп тұрды.
─ Анам бізді жалғыз асырағандықтан, қалтқысыз жұмыс жасауына тура келді. Мені өзімнен үлкен ағаларыммен бірге бір жарым жасымда қазақ балабақшасына берді. Тәрбиешілер де, бірге ойнайтын бөбектер де қазақ болғандықтан, тілім қазақша шықты. Орысшаға шорқақпын, - дейді кейіпкеріміз.
Викторияның айтуынша, бет әлпетіне қарап оны көбі орыстың қызы деп ойлайды екен. Менде алғашқыда дәл солай топшылағанмын. Ал, оның судай таза қазақша сөйлегенін көріп, іштей қуандым. Бір қызығы, Викторияның ата-анасы да өз ұлттарының тілінде әліпті таяқ деп білмейді. Бұл әжуалау не тұқырту емес. Дұрысында, ерлі-зайыптылардың екеуінің де кіндік қаны Қазақстанға тамған. Өңкей қазақтардың бел ортасында жүріп, солармен қоян-қолтық араласқаннан кейін Қазақстанның тіліне, дініне, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүріне әбден сіңісіп кеткен олар 1982 жылдан бері Маңғыстауға қазық қақты. «Үйдегі тілім де, түздегі тілім де қазақ тілі. Тіпті, жүрегім де қазақ деп соғады. Шыны керек, мен өз ұлтымның салт-дәстүрінен бейхабармын. Керісінше, қазақ халқының дәстүрімен етене таныспын. Егер басқа елде бой түзесем, қазақтың қыз ұзатуы, тұсау кесуі, шілденехана, бесік тойы мен үшін таңсық болар еді. Ал, мен бұлардың бәрін кішкентайымнан көріп өстім. Және бұл елдің адамдарынан ешқандай жамандық көрген жоқпын. Керісінше, қазақ тілін жетік меңгергенім үшін бәрі мені жақын тартады, - дейді Виктория Магомедқызы. Ол қазақ тілін еркін меңгерген өзге ұлтты жастар арасында аудандық, облыстық, республикалық байқауларға қатысып, жүлделі орындардан көрініп жүрген аудандың бетке ұстар аруы десек артық айтқандық емес. Ондай сайыстарға қатысу Викторияға еш қиындық тудырмайды. Мемлекеттік тілді үйрену үшін ақша жұмсап, арнайы оқытушы да жалдамайды. Себебі, қазақ тілінде еш кемшіліксіз, ана тіліндей жатық сөйлейді. Виктория Гасангусейнова өнер десе ішкен асын жерге қояды. 2010 жылдан бері «Кәусар» тобының құрамында ән айтып келеді. Аудан аумағында өтетін іс-шаралардан шет қалмай, бір кісідей ат салысып жүретін ол жуырда өткен «Жаңа есім - 2016» жобасында «сазгер - 2016» номинациясын иемденді. «Адамдардың көбі менен «болашағыңды қазақ жігітімен елестете аласың ба?» деп сұрайды. Мұндай сұраққа кереғар жауап айта алмаймын. Керісінше, өзге ұлттың жігіті үйлену туралы ұсыныс жасайтын болса, ойланып қалуым немесе мүлде бас тартуым мүмкін. Десек те, біздің үйде қатып қалған қағида жоқ. Жақында үйге армян қызы келін боп түсті. Ол қазақша сөйлей алмайды және өз елінің салт-дәстүрін ұстанғысы келеді. Оған ешқандай тосқауыл қоймаймыз. Себебі, біз барлық салтты бірдей қабылдаймыз. Әр төртінші күні жеті нан тарқатып, қонақ келсе міндетті түрде ет асамыз»,-деген Виктория «өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» қағидасын берік ұстанатындығын айтты. Өйткені, ол Қазақстанды бірлігі мен ынтымағы жарасқан, тату-тәтті, егеменді ел ретінде таниды.
Әсел ТАҢАТАРОВА