©
Жемқорлық - қауiптi iндет. Сондықтан онымен күрес - ұлттық қауiпсiздiкке төнiп тұрған қауiп-қатермен күрес. Жемқорлық - тұтастай мемлекеттердiң экономикасын күйретiп қана қоймай, мемлекет туралы терiс пiкiр туғызады.
Сол үшiн жемқорлықпен күрес науқандық шара болмауы керек. Сондай-ақ ол тек құзырлы мекемелердiң ғана мiндетiне жатпайды. Онымен бүкiл қоғам болып күрескенде ғана оң нәтижеге жетуге болады. Жемқорлықпен күрес жөнiндегi нақты, әрi кешендi шараларды жүргiзу мәлiметтермен алмасу, сыбайлас жемқорлық әрекеттерiнiң алдын алу үшiн бiрлескен түрде жұмыс iстеу, насихат жұмысына ден қойып, баспасөз құралдарымен тығыз байланыста болу өз нәтижесiн бермек. Осыған орай мақаламның мән-мағынасын жемқорлық пен пара сөздеріне түсінік беру арқылы, барша қауымды адамдық жолына нұсқаған Ұлы Абайдың сөздерімен жеткізгім келеді.
Сыбайлас жемқорлық сөзi латынның “corruptio” деген сөзiнен шыққан. “Параға сатып алу, пара” деген мағынаны бiлдiредi. Ал, пара – жасырын түрде өз мүддесі үшін заңсыз төленетін ақы, ауыз бастырық. «Порэ» сөзінің шығу төркіні парсы тілінен аударғанда – ұсақ тиын, теңгенің бір бөлігі, ал «хур» - парсының «хурдан», «жеу», «жұту» деген етістігінің негізгі түбірі, демек, «порэхур» - «ұсақтап жеу» деген мағынаны білдіреді екен.
Абай: «Ар ұялар іс қылмас ақыл зерек», деп, «ар» ұғымы арқылы нені айтпақ? «Ар артық па, әлде, ана артық па» дейтін салыстырмалы ұғымның қарапайым түрі, түн ұйқысын төрт бөліп мәпелеп өсірген аяулы анаңды қадірлейтін «ана артықпен» шектелетіні рас. Арың болғанда ғана анаңды тани аласың, бар жақсылық ананы танудан басталса, Отан анаға деген сүйіспеншілік көкіректегі намысты қозғайды. Өмірдің алдамшы, баянсыз екенін Абай «Сұм дүние тонап жатыр, ісің бар ма?» деген өлең жолдарында: Ет жүрексіз ерніңнің айтпа сөзін,
Тіл үйренген нәпсінің қу мінезін.
Тілде сүйек, ерінде жиек бар ма?
Шымылдық боп көрсетпес шынның жүзін – деп, жүрекпен емес, ерінмен сөйлейтін заманның ықпалына көніп, қылығыңмен ар-ожданды аттап өтіп, замандастарыңа қадірсіз болма «Пайда ойлама, ар ойла», -деп ескертеді.
Абай сөзін нысанаға алып, бүгінде біздің еліміздегі жемқорлықтың қысқаша анықтамасы рулас, туысқандық, біреудің ығында болу, өзгеге арқа сүйеп күн көру сияқты жиіркенішті әрекеттерден жиреніп тәуелсіздігіміздің замандастарына Абай айтқандай: «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, еңбегің мен ақылың екі жақтап» дегім келеді. Өскелең ұрпақты еңбексіз келетін жеміске емес, еңбектеніп, тер төгу арқылы келетін адал еңбекке, ел жандылыққа тәрбиелегеніміз жөн.
Тленов Айдарбек Шапағатұлы
Маңғыстау облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы