©
Бүгінгі таңда өлкемізде «Даму» дем беріп, берекелі бағдарламалардың шарапаты тиген әлеуметтік саланың әлеуеті әлденіп келеді. Қазақстан халықтарының бірлігі күні мерекесі қарсаңында Маңғыстау ауданының орталығы Шетпе селосында жаңа жеке меншік емхана мен балабақша ел игілігіне пайдалануға берілді. Осы әлеуметтік маңыздағы нысандардың ашылу салтанатына облыс әкімі А.Айдарбаев, облыс әкімінің аппарат басшысы А.Рзаханов, облыстық мәслихат хатшысы Б.Жүсіпов, облыстық басқарма басшылары қатысып, шетпеліктердің шаттығымен бөлісті.
Емхана- ел игілігіне
81-қадам. Жекеменшік медицинаны дамыту, медициналық мекемелерге корпоративтік басқаруды енгізу. Бәсекелестік есебінен қызметтің қолжетімділігі мен сапасын көтеру мақсатында әлеуметтік медициналық сақтандыру жағдайындағы бастапқы медициналық әлеуметтік көмекті қаржыландыру- бәсеке есебінен медициналық ұйымдардың корпоративтік басқару қағидаттарына көшуін қамтамасыз етеді. Мемлекеттік медициналық ұйыымдарды жекешелендіруді ынталандыру, мемлекеттік емес ұйымдар арқылы тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемін беруді кеңейту.
«Ұлт жоспары-100 нақты қадам»
Аудандағы алғашқы жеке меншік емхана көз тартар келбетімен Шетпенің шырайын келтіре түскен. Жан жадыратарлық жаңалықтан шет қалмай, жаңа нысанның ашылуына келген ауылдағы ағайын құтты болсын айтып, шашу шашты. Облыс әкімі Алик Айдарбаев жергілікті жұртшылықты Ащыбұлақ ауылынан бой көтерген еңселі «Өркен» емханаcының ашылуымен құттықтады.
-Құрметті, ауыл тұрғындары! Сіздерді Қазақстан халықтарының бірлігі күні мерекесімен құттықтаймын! Елімізді сан түрлі ұлт пен ұлыс мекен етіп, тату-тәтті ғұмыр кешуде. Айтулы мереке қарсаңында қуанышты сәтте жүздесіп отырмыз. Соңғы жылдары Маңғыстау ауданының өзінде 7 селолық медициналық нысан халық игілігіне берілді. Бұл ғимараттар мемлекет қаражатына салынса, «Өркен» жеке меншік емханасы Мемлекеттік-жеке меншік әріптестік заңының тетігі бойынша бой көтерді. Осы емхананы ашқан азамат Байқадам Құсымбаевқа алғысымды айтамын. Емхана ұжымы халыққа сапалы, уақытылы қызмет көрсететініне сенемін,-деді облыс әкімі А.Айдарбаев.
Осы емхананың заманауи құрал-жабдықтармен жасақталуына жағдай жасаған «Қазақстан Халық банкі» АҚ Маңғыстау облыстық филиалы директорының орынбасары Бибігүл Орынбасарова көпшілікті қуанышымен құттықтап, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-мен бірге жаңа жобаларды жүзеге асыруға дайын екендігін жеткізді. Салтанатты сәтте облыс әкімі Алик Айдарбаев пен ардагер ұстаз Рашид Нұртілеуов денсаулық сақтау мекемесінің лентасын қиды. Облыстан келген қонақтар мен ауыл тұрғындары ғимараттың ішіне кіріп, жаңа нысанды аралап көрді.
-Мемлекеттік медициналық мекемеде кезек көп болып, көмек кешеуілдейтін жағдайлар болады. Сондықтан да «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында жеке емхана салуды қолға алдым. Мұнда халыққа кардиолог, хирург, балалар дәрігері, тіс дәрігері қызмет көрсетеді. Соңғы үлгідегі ультрадыбыспен зерттейтін, рентгенге түсіретін және қан алатын құрал-жабдықтар бар. Осы құрылғыларды «Дамудың» және «Қазақстан Халық Банкі» облыстық филиалының көмегімен субсидияға алып, ғимаратты өз қаражатыма салдым,-деді «Өркен» емханасының директоры Байқадам Құсымбаев.
Алдағы уақытта жайлы әрі талаптарға сай келетін денсаулық сақтау мекемесі бір уақытта 15-20 адамға медициналық қызмет көрсете алады. Ем алуға келген әрбір тұрғын дәрі-дәрмек іздеп сабылмас үшін емхананың ішінен дәріхана да ашылған. Емхана директоры Байқадам Алдоңғарұлының айтуынша, мұнда 4 дәрігер,3 медбике, 2 зертханашы, 2 фармацевт және өзге қызметкерлерді қосқанда 13 тұрғын жұмысқа алыныпты. Емделетін зейнеткерлерге жеңілдік қарастырылған.
Заманауи талаптарға сай салынған нысанда дәрігерлер жаңа жабдықтармен жұмыс істеуге кірісіп, ауыл тұрғындарына медициналық қызмет көрсетуді бастап та кеткен.
-Мен бір-екі күн бұрын осындағы дәрігерлерге қаралып, күндізгі станционарда ем-дом алып жүрмін. Дертіне шипа іздеп келген науқасқа барлық жағдай жасалған. Байқадам бастаған ақ халатты абзал жандар халықтың денсаулығын нығайтуға атсалысып, қалтқысыз қызмет көрсетеді деп сенемін,-деді Шетпе селосының тұрғыны Әлипа Жолбаева.
Балалар «Болашаққа» қадам басты
89-қадам. «Нұрлы болашақ» ұлттық жобасын әзірлеу және жүзеге асыру. Мектептік білім берудің қолданыстағы оқу бағдарламаларына Мәңгілік ел құндылықтарын енгізу.
«Ұлт жоспары-100 нақты қадам»
Шетпедегі күрделі жөндеуден өткен тұрғын үй балалардың бал мекеніне айналды. Заманауи үлгіде жабдықталған нысан 65 орынға лайықталып, бүлдіршіндерді мектепке дейінгі дайындықтан өткізуге жағдай жасалған.Көпшілікті қуанышқа бөлеген салтанатқа қатысқан облыс әкімі Алик Айдарбаев құттықтау лебізін білдірді.
- Құрметті, Шетпе ауылының тұрғындары! Баршаңызды Қазақстан халықтарының бірлігі күні мерекесімен құттықтаймын. Қазіргі таңда Маңғыстау ауданында балабақшамен қамту көрсеткіші 85 пайызға жетті. Мемлекеттік-жеке меншік әріптестік заңының тетігі бойынша бүлдіршіндерді балабақшамен толықтай қамтуымыз керек. «Болашақ» балабақшасын салып, ел игілігіне жаратқан азаматтарға алғысымды айтамын. Балабақша ұжымының қызметі сүбелі, нәтижелі болуына тілектеспін,-деді облыс әкімі Алик Серікұлы.
Ауыл тұрғындары атынан құттықтау сөз алған Бостанғали Серікбаев: «Жаңа балабақша балғындардың шат күлкісіне толып,тәрбиешілердің өскелең ұрпақты тәрбиелеу жолындағы еңбегі өнегелі болсын» деген тілегін жеткізді. Әкеден қалған қарашаңырақты әлеуметтік нысанға айналдырып, бал мекенге лайықтаған Думан Ғайнадинұлы символикалық кілтті балабақша директоры Жақсы Жаңбыршинаға табыстады. Ағайын-туыстары балабақшаға жаңа автокөлікті сыйға тартты.
Көпшілік асыға күткен балабақшаның да лентасы қиылып, жиналған қонақтар мен ауыл тұрғындары ғимараттың ішін аралап көрді. Кең, жарық та жайлы бөлмелердің іші кішкентай жиһаздармен жабдықталған.
-Бұл сіңлім мен күйеу баламның үйі болатын. Олар басқа үйге көшкеннен кейін осында балабақша ашуды жөн деп таптық. Бұрынғы үйдің екі жағын кеңейтіп, қосымша ойын бөлмелерін және зал салдық. Қазіргі таңда 30 баланы қабылдадық. Аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмыссыздар кезегінде тұрған 25 жоғары білімді педагогты қызметке алдық.Мұнда 2-3 жас аралығындағы 15 бүлдіршін, 3-5 жастағы 50 бала тәрбиеленеді.«Балапан» бағдарламасы бойынша 50 балаға субсидия алуды жоспарлап отырмыз,-деді балабақша меңгерушісі Жақсы Жаңбыршина.
P.S.Облыс әкімі жұмыс сапары барысында Алик Айдарбаев «Шетпе-Таушық» бағытындағы автокөлік жолының жөндеу жұмыстарымен танысты. Бұл жұмысты атқарып жатқан «МКДСМ» АҚ биыл 10-12 шақырымды және шұрық-тесік жолдарды жөндейді. Қалған жолдың бөлігі келер жылы жөндеуден өтпек. Облыс әкімі Алик Серікұлы құзырлы мекеме басшыларына жолдың сапасын қадағалауды тапсырды.
Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ
Көрнекі сурет сайттың архивінен