©
Өзім ауылшаруашылығы маманы болғандықтан, көп жылдар жер мен елге қызмет жасадым. Сондықтан мұндай мәселелер мені де айналып өтпейді. Бұл жөнінде баспасөздер де жарыса жазып жатыр. Өкінішке қарай, халықтың бәрін саяси жағынан және заң тұрғысынан сауатты дей алмаймыз. Маңғыстау облысында жер көп. Бірақ оның көпшілігі пайдаланып жатқан жоқ. Бұрынғы кеңшарлар, совхоздарға тиісті жерлер олар тарап кеткеннен кейін өз алдына қалып қойды, бос жатыр. Олардың бәрі суармалы жер емес, көпшілігі жайылымдар. Ол жерлерде бұрынғы мал суаратын су көзі жоқ. Сондықтан халық пайдалана алмай отыр. Соны көргенде кейде осы жерлердің иесі болса ғой деп жанымыз ашитын кездер де болады.
Соңғы кезде тамшылап суару арқылы пайдаланып жүрген азғантай жерлер бар. Маңғыстауда су тапшы. Осыған дейін тұщы су емес, ащылығы да бар сулармен де жер суарылып, ол жерлерді 1-2 жыл пайдаланғаннан кейін тастап кетіп, жердің тозған фактілерін мен көріп жүрмін. Себебі, оларда дренаж жоқ, басқа да жағдайлар жасалмаған. Жер сорланып, ақ топырақ болып, өз-өзінен тозып барады. Мұндай жағдайда да жерге қамқорлық керек. Сондықтан біз жерді сату, не сатпау жайын қарастырғанда, алдымен қайткенде жеріміз тозбайды, оны қалай тиімді пайдалануға болады деген сауалдарға жауап іздегеніміз жөн. Мысалы, Маңғыстаудың жылдық жауын мөлшері биылды есептемегенде 150-200 мм-ден аспайды. Бұл жерде құнарлы шөп бірде шықса, бірде шықпайды. Оны пайдаланудың өзі де қиын. Міне, осындай жағдайларды ескере отырып, жеке суармалы жерлерді пайдаланып отырған кісілерге жекеше сатуға болады деп есептеймін. Ал, басқа жайылымдарды сатуға болмайды, оны аукционмен ала да қоймайды, себебі ол біздің жағдайымызға келмейді.
Әрине, жер тек жергілікті халыққа ғана сатылуы керек. Оны шетелдіктермен бөлісуге болмайды. Үкіметтің өзі айтып отыр ғой, шетелдіктерге сатылмайды деп. Не болғанда да жер тозбау керек. Біздің жастарға, халқымызға айтатынымыз, ел әлем үрдісінен қалуға болмайды. Бірақ, осындайды сылтауратып кейбір отқа май құятын адамдарға еріп, бүліншілікке бармау керек. Президентті де, депутатты да өзіміз сайладық, оларға сену керек. Десек те, жердің бәрін жаппай сатып жібермей, әуелі байқау керек. Себебі, оның арты қандай нәтиже беретінін ешкім білмейді. Егер халыққа пайдасы тиетін нәрсе болса, біз қуанамыз.
Екінші мәселе - жер сатылатын жағдайда, жер астындағы байлық туралы болашаққа кіргізілуі керек. Ертеңгі күні сатылған жердің астынан байлық шығатын болса, қожайындыққа таласу жарамайды. Жер астының байлығы мемлекеттікі болып қалуы керек. Тек қана жердің беті сатылу керек және сатып алған кісі оны өз дәрежесінен жоғары деңгейде ұстауы, тиімді пайдалануы, одан шыққан өнімді ортаға салуы керек! Сондай шарттармен ғана жалға берілу керек.
Келіп жеткен Бірлік пен Береке мерекесі құтты болсын! Қай мәселені де жеті өлшеп, бір кескен текті халықтың ұрпағымыз ғой, бұл мәселе де өз шешімін табар, тек сол күнге аман-есен жетейік.
Оңаш ЕПЕНОВ,
Баянды ауылының тұрғыны, ауылшаруашылығы саласының еңбек ардагері