©
Бүгінде қатерлі ісік жаһан проблемасына айналып, әлемде онкологиялық аурулар ахуалы өткір болып отыр. Біздің елімізде де жыл өткен сайын адам бойындағы қатерлі ісік түрлері көбейіп келеді. Олардың ішінде балалар арасында кездесетін қатерлі ісіктің де жыл санап көбейіп отырғаны дәрігерлерді алаңдатуда.
Осыған орай балалар арасындағы қатерлі ісікті ерте және дер кезінде анықтау, уақытылы ем-дом жасауды машықтандыру мақсатында облыстағы 50-ден астам дәрігердің қатысуымен арнайы оқыту курстары ұйымдастырылды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының қолға алуымен облыстық балалар ауруханасында өткен оқыту курсына Алматыдан келген білікті мамандар, республикалық педиатрия және балалар хирургиясы орталығы балалар онкология бөлімінің меңгерушісі Бахрам-Малик Жұмадуллаев пен профессор Күлән Омарқызы қатысып, дәрігерлерге дәріс оқып, тәжірибиелерімен бөлісті.
- Балаларда кездесетін қатерлі ісіктердің алғашқы сатыларында ерте анықтау мақсатында дәрігерлерді сол аурулардың түрімен, қалай басталатыны жөнінде жалпы мағұлматпен таныстыру үшін оқыту ұйымдастырылып отыр. Жалпы елімізде жылына үлкендер арасында 30 мыңға жуық қатерлі ісік анықталатын болса, жыл сайын 600-ге жуық бала қатерлі ісік ауруына шалдығуда. Бұл дәрігерлер қауымын алаңдататын жағдай. Қатерлі ісік алғашқы сатыларында анықталса, баланың толық жазылып кетуіне мүмкіндік бар. Егер үлкен сатыларында болса, одан жақсы нәтиже күту қиын. Ондай жағдайда дәрі-дәрмекке жұмсалатын қаржы да, уақыт та текке кеткен болуы мүмкін. Сондықтан да дәрігерлер қауымы аты «жаман» ауруды ерте анықтауға атсалысулары керек. Бізде көбіне балалар арасында он екі түрлі қатерлі ісік кездеседі. Оның ішінде лейкоздар, лимфа бездеріндегі ісіктер, ми ісіктері жиі кездеседі, - дейді республикалық педиатрия және балалар хирургиясы орталығы балалар онкология бөлімінің меңгерушісі Бахрам-Малик Жұмадуллаев.
Оқыту курсына аймақ бойынша 50-ден астам дәрігер қатысуда. Олардың арасында Таушық дәрігерлік емханасының педиатр-дәрігері Гүлзира Жамешова да бар. Тәжірибиелі дәрігер мұндай оқыту курстарының берері мол екенін алға тартады. Жыл басталғалы білікті маман екінші оқыту курсына қатысып, білімін толықтыруда.
- Бүгінгі оқыту курсынан балалар арасында кездесетін қатерлі ісікпен күресу бағытында, оны ерте анықтау мақсатында көптеген жаңа мәліметтер алдым. Бұрынғы алған білімімді толықтырдым. Қос дәрігердің де сабақ беру тәсілі бізге ұнады, дәрістері де түсінікті тілде жазылған. Тек ғана дәріс оқып ғана қоймай, жұмыс барысында кездесетін қиыншылықтарды айтып, тәжірибиелерімен бөлісіп, жан-жақты мәлімет берді. Аз ғана уақыттың ішінде біраз құнды мәліметтерге қанық болдық. Алған білімімізді енді жұмыс барысында пайдаланатын боламыз, - деді Гүлзира Жамешова. Апталық оқыту қорытындысында дәрігерлерге арнайы сертификат табысталады.
Венера МИРЛАН