©
Қазыналы өлкеміздің қойнауынан «қара алтынның» тынысы ашылған кезеңнен бері өндірістің өрісі кеңейіп,ел экономикасы еңсе тіктеді. Заманның ең қиын кезеңінде келешек ұрпақтың бақытты, бақуатты өмір сүруі үшін тер төккен, өндірісте өзіндік із қалдырған ардагер мұнайшылардың еңбегі ерен. Майталман мұнайшылар қазына байлығын халық игілігіне жаратуда табанды, тынымсыз еңбек ету арқылы ауыртпашылық мен кедергілерді еңсеріп,қиын істің қиюын келтірді. Қазақ мұнайының іргетасын қаласып, 40 жылдан астам еңбек жолын ел байлығын игерумен етене байланыстырған Өрен Сағындықовтың есімі жұртшылыққа кеңінен таныс. Бүгінде жетпістің биігіне шыққан елге сыйлы азаматты мерейтойымен құттықтап, оның өнегелі өмір жолымен етене таныстық.
Өткенге шегініс жасасақ, Өрен Сағындықұлы 1946 жылы 20 сәуірде Маңғыстау ауданының Құйбышев селосында өмірге келді.Тарихтың еншісіне кеткен 1961 жылы Маңғыстауда алғаш мұнай бұрқағы атқылап, кеннің көзі ашылғанда бозбала жігіт мұнайшылық кәсіпті игеруге мойын бұрды. Арман қуып, жолдасы Ізберген Оспановпен бірге Таушықтан Атырау асып, одан Алматы қаласына жетті. Осы жылы Алматы қаласындағы Қазақ политехникалық институтының мұнай факультетіне оқуға түсіп, бес жылдан кейін мұнай-газ кендерін игеру және механикаландыру мамандығын игеріп шықты. Елге жоғары білімді маман болып оралған жас маман еңбек жолын «Маңғышлақнефть» өндірістік бірлестігінің «Өзенмұнайгаз» басқармасында оператор жұмысшы болып бастады. Адал еңбекке ұмтылдырған ынта-ықыласының, жүктелген жұмысты межелі уақытында орындауының арқасында білімі мол маман қарапайым жұмысшыдан үлкен басшыға дейінгі баспалдақтарда беделі биіктеп, қызметте өсу мүмкіндіктеріне жол ашылды.Қазба байлықты ел кәдесіне жаратуда білімі мен білігін шыңдай жүріп, мамандықтың ыстығы мен суығына ысылған маман 1985 жылға дейін осы бірлестікте мастер, технолог, мұнай өндіру бөлімінің бастығы қызметтерін абыроймен атқарды. Нағыз қиын шақта «қара алтын» игеруде маңдай тері сіңген мұнайшы 1984 жылдың аяғында «Қаламқасмұнайгаз» өндірістік басқармасына бас инженер қызметіне ауысты.
-Мен «Қаламқасмұнайгазға» жұмысқа келгенде өндірістік басқармаға тиесілі 669 өндіруші жән 135 айдаушы ұңғыма болды. Бұрғылау жұмыстары қарқын алған кен орындарында жылына 200-250 жаңа ұңғыма пайдалануға берілді. Сондықтан да өнім өндіру көлемін арттыру және міндеттерді межелі мерзімінде орындауға бар күш-жігерімізді жұмсап, күндіз-түні жұмыс жасадық,-деді кейіпкеріміз.
Өрен Сағындықұлы бүгінде өндірісі өрге домалаған «Қаламқас» кен орнында бас маман, басқарма бастығының бірінші орынбасары,басқарма бастығы қызметтерін зор жауапкершілікпен атқара білді. Бозашы түбегінің солтүстік еңісінде орналасқан кен орнының жетістіктері айтылғанда адал еңбектің арқасында ел құрметіне бөленген майталман мұнайшы Өрен ағаның есімі қоса аталады. Өйткені, ол басқарған «Қаламқасмұнайгаз» өндірістік басқармасы 1986- 1988 жылдары мұнай мен газ өндіру көлемін 5млн.360 мың тоннаға жеткізіп, ең жоғарғы көрсеткіш көрсетті.
-Басқарманы Өрен аға басқарған тұста өндіріске озық үлгідегі технология батыл енгізіліп, қуаттылық еселене түсті. Мәселен, бір жарым жылдың ішінде құрылыс-монтаж және реттеу жұмыстарынан кейін алдын ала суды айыру қондырғысы іске қосылды.Сондай-ақ 2009 жылдың күзінде табиғи газды дайындау құрылғысы пайдалануға берілді. 2005 жылы «Қаламқас» кен орнының мұнай өндіру көрсеткіші 100 млн.тоннаға жетті. Қым-қауыт тірлікті, ұңғылар жанындағы қарбалас қызметті көрген Өрен Сағындықұлы осы кен орнының қалыптасуына, дамуына көп еңбек сіңірді.Ұжымда сыйлы, абыройлы әріптесім жас мамандарға өмірлік тәжірибесін, түйгенін, көрген-білгенін үйретуден жалықпайтын. Зейнеткерлікке шыққанмен байланысымыз үзілген жоқ. Өз саласының майталман маманы кең қолтық қара жердің қойнауындағы қара алтынның игеретін ұрпақты тәрбиелеуге атсалысып жүр,-деді «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Талғат Айдынов.
Елінің ырысына халқына несібе етуге еңбек еткен Өрен Сағындықұлы 2005 жылы Елбасы Н.Назарбаевтың Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалімен, Елбасы Н.Назарбаевтың «Алғыс хатымен», «Қазақстан мұнайына- 100 жыл»,ҚР Энергетика және минералды ресурстар министрлігінің «Өзен кенорнына 40 жыл», «Маңғыстау мұнайына-50 жыл» естелік белгісімен, «Еңбек ардагері», «Маңғыстау мұнайына-40 жыл» естелік медалімен марапатталған. 70 жылдық мерейтойына орай «Мұнай-газ саласының еңбек сіңірген қызметкері» атағын алуға ұсынылған.
Отбасылық өмірде жары Айсұлумен бірге екі ұл мен бір қыз тәрбиелеп өсірді. Әкенің таңдап алған мамандығына деген адалдығы балаларының бойына да дарыпты. Әке жолын қуып, мұнайшы деген мәртебелі мамандықты игерген балалары да осы кәсіпті нәсіп етті. Перзенттерінің жақсы азамат болып өсулеріне бар күш-жігерін салған ата-ананың үміттері ақталды. Тәртіп пен тәрбиені егіз өрген отағасы мен отанасы балаларынан 8 немере-жиен сүйді. Бейнетінің зейнетін көріп отырған Өрен аға бос уақытын немерелеріне арнайды. Немере-жиеннің қызығын көріп, шаңырақ шаттығына бөленіп отырған Өрен Сағындықұлын редакция атынан мерейлі жасымен құттықтап, денсаулық,отбасына бақ-береке тілейміз!
Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ