©
Осыдан отыз жұл бұрын Чернобыльда әлем тарихындағы ең ірі апат орын алды. Адамзатқа орны толмас қасірет әкелген жойқын жарылыс қоршаған орта мен адам өміріне зиянын тигізіп, радиациялық ластануға алып келді. Алып атом стансасындағы апаттың зардабын залалсыздандыруға 600 мың адам қатысса, соның 32 мыңы қазақстандықтар еді. Сол бір қасіретті кезеңде зұлматты жарылыстың зардабын жоюға қатысқан маңғыстаулықтар да батырлық пен жанқиярлық танытып, өз өмірлерін қатерге тікті.
Мұрат Сәрсенғалиев Шевченко қаласындағы Каспий тау-кен металлургия комбинатының автобазасында қозғалтқышты жөндеуші болып жұмыс жасап жүргенде Чернобыльдан жеткен суық хабарды естиді. Апатты тоқтату және оның зардаптарын жоюға әскери комиссариат арқылы жер-жерден міндетті деген азаматтар, сондай-ақ әскери борышын өтеп жүрген жас жауынгерлер аттанып жатты. Денсаулығы жарамағандықтан Отан алдындағы борышын өтеуге бара алмаған ол апатты ауыздықтауға атсалысуға өз еркімен сұранып, «құтқарушылардың» қатарына алынады.
-Отбасылы, балалы-шағалы болсам да, азаматтық парызымды орындауға бекіндім. 1986 жылдың 30 тамызында Киевтегі «Голубые озера» лагеріне барып, сол кезде құрылыс жұмыстарымен айналысқан «УС - 605» басқармасында жөндеуші болып жұмысқа кірістім. Қасымда бірге жұмыстас болған Петр Горкум деген азамат болды. Алғашқы 20 күн атом электр стансасынан 4 шақырымда орналасқан Копачи поселкесінде бульдозер мен экскаваторларды брондау жұмысын жасадық. Жарылыс болған 4-блокты залалсыздандырып, радиацияның қаупін сейілту үшін ауыр металл қорғасын қорған бола алды. Күніне 12-14 сағат бойы қорғасын тасыдық,-дейді кейіпкеріміз. Әңгіме арасында Мұрат Рухламинұлы әлі күнге дейін сақтап қойған радиацияның мөлшерін анықтайтын дозиметрді көрсетіп, ядролық қауіпті аймақта 7,5 рентген радиациялық сәуле алғанын айтты. Естеліктерді еске түсіргенде сол бір қасіретті күндердегі көріністерді көз алдымызға келтірді.
- Мені Степногорскіден келген жауынгерлермен бірге атом электр стансасының техникаларын жөндеуге ауыстырды. Апат болған энергоблоктың өзінде 25 минут жұмыс жасап, 1,8 рентген сәуле алдым. Таңертең және кешке дозиметрдің мөлшері тексеріледі. Егер радиоактивті сәуле мөлшерден асып кетсе, жұмысшылар тынығуға жіберілетін. Зардабы өте қауіпті,түсі, иісі жоқ,көзге көрінбейтін радиацияның әсерінен өсіп тұрған бидай баданадай болған, алма шектен тыс үлкейіп кеткен. Чернобыль апатының залалы мен зардабын жоюға 1986-1992 жылдар аралығында Қазақстаннан 32 мыңнан астам, Маңғыстаудан 2500 адам жіберілді.Менімен бірге барған құтқарушылардың қатары жыл өткен сайын сиреп барады. Қасіреттің құрбандарына тағзым етіп, рухына құран бағыштаймыз. Қазіргі таңда білуімше, 224 адамның ғана көзі тірі екен. Жас болғандықтан атомның зардабын білмеппіз, кейін сезіндік. Біз барғанда жасыл желекке оранған мекенде тұрғындардың барлығы қауіпсіз аймаққа көшірілген. Қаланың бұрынғы тұрғындарынан ешкім жоқ болғанымен қасіреттің құрсауынан құтқаруға жан-жақтан келушілер жеткілікті болды. Ол кезде басымыз айналғаны болмаса,ауру-сырқау білінбеді. Апаттық жерде арнайы киім киіп, берілген тапсырманы сақтықпен орындадық. Сөйтіп, екі айға жуық уақыт дүлей апаттың зиян-залалын жоюға қатысып, қазан айының аяғында елге оралдым, - деді Мұрат Сәрсенғалиев.
Ардагердің радиоактивті қалдықтардың аса қауіптілігіне қарамастан, ғасыр апатын жоюдағы еңбегі бағаланып, Отан алдындағы борышын адал атқарғаны үшін «УС-605» басқармасының грамотасымен және Каспий тау-кен металлургия комбинатының Алғыс хатымен марапатталған. Еңбек жолын №1 автотранспорттық кәсіпорында жөндеушінің шәкірті болып бастаған Мұрат аға 20 жылдан бері «Ойл транспорт корпорейшн» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде жөндеуші болып жұмыс жасайды. Бүгінде жары Ләззатпен бірге 4 қызын қияға қондырып, отбасында 1 ұл тәрбиелеп отыр. Адамзаттың жүрегіне ауыр жара салып, орны толмас қасірет әкелген апатты ауыздықтауға қатысқан ардагер әңгіме соңында кейінгі толқын інілер аға буынның ерлігін,батылдығын үлгі тұтса екен тілегін жеткізді.
Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ