Ақтау полицейлері 12 миллион теңге тұратын есірткі заттарды тәркіледі. Яғни 2 300-ге жуық бір реттік дозалы есірткі әлеуетті тұтынушыларына жеткен жоқ, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Маңғыстау облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
10 сәуір күні Маңғыстау облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Ақтау қаласының аумағында жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізді. Жедел-іздестіру шарасы барысында қаладағы пәтердің бірінде тұратын 1997 жылғы екі жас азамат ұсталды.
Ұсталғандардан өзімен бірге және тұрғылықты жері бойынша жалпы салмағы 460 грамм синтетикалық "мефедрон" есірткі заты, электрондық таразы, 30 дана пластикалық ыдыс бетбелгілері (закладки), 2 рулон лейкопластырь және бетбелгілерді(закладки) дәнекерлеуге арналған құрал табылып, алынды.
"Қолда бар жедел ақпарат бойынша "мефедрон" синтетикалық есірткісінің ірі партиясы "Telegram” әлеуметтік желісіндегі интернет-дүкен арқылы әлеуетті тұтынушыларға одан әрі байланыссыз өткізу мақсатында Ақтау қаласының аумағында бетбелгілер(закладки) салуға арналған болатын. Ұсталған екі адамға қатысты Қазақстан Республикасы ҚК-нің 297-бабының 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қылмыстық іс бойынша екі айыпталушы ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 128-бабы тәртібінде ұсталып, Ақтау қаласы ПБ уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сот-медициналық сараптама тағайындалды", - делінген хабарламада.
Қажетті жедел-тергеу іс-әрекеттері жүргізіліп жатыр.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА