Күннің қатты ысуына байланысты теңіз жағалауында демалушы тұрғындардың саны күрт өсуде. Осы ретте Түпқараған ауданының Төтенше жағдайлар бөлімінің мамандары суға түсу ережелерін сақтап, қауіпсіздік шараларды есте ұстауға шақырып отыр. Себебі судағы қайғылы жағдайдың басты себебі де осы қауіпсіздік ережелерді сақтамауынан болып отыр.
Судағы негізгі қауіпсіздік ережелерді есте сақтаңыздар:
- тек жабдықталған жағажайлар мен басқа да шомылуға арналған орындарда, ресми рұқсаты және құтқару қызметі бар жерлерде шомылыңыздар;
- жүзе алмасаңыз, беліңізден жоғары келетін суға кірмеңіздер;
- шомылу кезінде бір-біріңізді көзден таса қылмаңыздар;
- жағадан алыс, қойылған белгіден әрі жүзіп кетпеңіздер;
- жүзе білмесеңіз, дөңгелекті, үрлемелі матрасты пайдаланбаңыздар;
- жүзіп келе жатқан катерлер мен қайықтарға жақындамаңыздар;
- қайықтан, көпірден және кеме аялдайтын орыннан суға секірмеңіздер;
- суға көп шомылмаңыздар, аса тоңып және шаршап қалуларыңыз мүмкін;
- түнгі уақытта және мас күйлеріңізде суға шомылмаңыздар.
Сонымен қатар мамандар балаларды назардан тыс қалдырмау керек екенін айтып отыр.
«Балаларды қатаң бақылаңыздар, оларды үлкендердің бақылауынсыз қалдырмаңыздар. Балаларға тек арнайы жабдықталған орындар мен жерлерде үлкендердің қадағалауымен ғана шомылуға рұсқат етіңіздер. Балаларға үрлемелі матрацтармен, камералармен, тақтайлармен, үрлемелі ойыншықтармен жүзуге қатаң тиым салынады. Оларды жағадан жел немесе ағын алысқа алып кетуі мүмкін, ал бұл көмек көрсетуге қиындық туғызады», - дейді Түпқараған ауданының Төтенше жағдайлар бөлімі.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА