Ерекше қорғалатын «Қаракөл көлі» табиғи аумағы күл-қоқысқа толған. Табиғи аумақтың тек қағаз жүзінде ғана «қорғалғаны» болмаса, іс жүзінде көңіл көншітерліктей ештеңе жоқ. Соның салдарынан төбе болып үйілген тұрмыстық қалдықтар, шашырап жатқан пластикалық бөтелке мен шыны ыдыс көп. Тіпті аң аулау мылтығына пайдаланған гильзалар да табылған.
Ал қоқысқа толы «Қаракөл көлді» көрген экобелсенділер экологиялық заңнаманың сақталуын қамтамасыз ете алмай отырған шенділерді жылы орнынан жылжытып, жауапқа тартуды жөн көріп отыр. Бұл туралы «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы алаңында «Республикалық маңызы бар Қарақия-Қаракөл зоологиялық табиғи қаумалы Қаракөл сулы-батпақты көліндегі табиғат қорғау заңнамасын сақтау мәселелері» тақырыбында өткен дөңгелек үстелде айтылды.
Жасыратыны жоқ, бұл проблема 2004 жылдан бері бар. Қоғам белсенділері мәселені қанша көтерсе де әлі түйіні шешілер емес. Десе де экобелсенділер тек сенбілік жұмыстарын жүргізіп ғана ерекше аймақты қорғап отыр.
«Соңғы 17 жыл ішінде 100-ден аса сенбілік өтті. «Парктер шеруі» халықаралық экологиялық акциясы аясында тазалық жұмыстары жүргізілді. Оған «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС техникалық қолдау көрсеткен. Себебі кәсіпорын осы сулы-батпақты жерді пайдаланушысы. Ал жыл сайын Дүниежүзілік сулы-батпақты жерлер күні, Биоалуантүрлілік күні немесе Қоршаған ортаны қорғау күніне орай дөңгелек үстелдер өткіземіз. Онда экобелсенділер Қаракөлдегі проблемаларды айтып қана қоймай, түйіні тарқамаған мәселелерді шешу жолдарын ұсынады», - дейді Әділбек Қозыбақов.
Экобелсенділер өзара шешім тапқанымен тиісті мекеме тарапынан жауапкершілік болмаса – бәрі бекер. Бұл туралы Ақтау қаласындағы химия-биологиялық бағыттағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің экологиялық үйлестірушісі Бақытгүл Жақсылықова пікір білдірді.
«2015 жылдан бері оқушылар Қаракөлде ұйымдастырылған түрлі іс-шараларға қатысады. Бұл «Парктер шеруі» сенбіліктері, халықаралық қысқы құстар санағы, көл құстарына маусымдық бақылау жүргізу және «PASCO» портативті зертханасын қолдана отырып су, топырақ және ауа сынамаларын жүйелі түрде талдау шараларынан қалған емес. Соған қарамастан көл жағалауы тез ластанып жатқанына таңқаламыз. Біздің түйген ойымыз – жауапты органдар тарапынан нақты бақылау жоқтың қасы. Жасы үлкендер тарапынан осындай немқұрайлық байқалады. Онда жас ұрпақтың бойында табиғатқа деген сүйіспеншілікті қалай оята аламыз?» - дейді ол.
Бұл сауалға жауапты мекеме мамандары мардымды жауап бермеді. Себебі Орман және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы мен Үстірт қорығының басшылары аталған дөңгелек үстелге келмеді. Есесіне қол астында істейтін қызметкерді жіберген. Экобелсенділердің айтуынша, мұның өзі мәселеге салғырттық танытып отырғанының көрінісі. Ал сулы-батпақты алқапты пайдаланушы «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» бұл жиынға офлайн не онлайн да қатыспады.
«Егер бұл сулы-батпақты алқап «МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» кәсіпорнына қарасты болса, онда бұл мекеме периметрді қоршауға алып және күзет бекетін бейнежазбамен қамтамасыз етуге міндетті. Алайда бұл жұмыстар әлі күнге дейін қолға алынбаған», - дейді экологтар.
Осы ретте табиғат қорғау заңнамасының қатаң сақталуын және табиғи ресурстарды пайдаланушы кәсіпорын есебінен қоршауды қамтамасыз ету жөніндегі ұсынысты Ақтау қаласының мамандандырылған табиғат қорғау прокурорының орынбасары Мәлік Оспанов қолдады.
Қорытындылай келе, «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының директоры, «Ecojer» қауымдастығының аймақтық экологиялық кеңесінің тең төрағасы Рашит Мұстапаевтың айтуынша, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің және Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмовтың атына ұжымдық хат жолданады. Хатта «Қаракөл көлі» мәселесін шұғыл түрде шешуді, табиғат пайдаланушы есебінен ерекше қорғалатын аумақты қоршауға алуды және Үстірт қорығының күшімен тәртіпті қамтамасыз ету жөнінде талаптың орындалуын бақылауға алу көрсетіледі.
Ал жоғарыда аталған аумақтық инспекция және қорық басшылығының қызметтік лауазымдарына сай немесе сай еместігі жөніндегі мәселе алдағы уақытта көтеріледі.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Суреттер облыстық экология департаментінен алынды