Қарақия ауданындағы Құрық ауылының жастары Рамазан айында екі бірдей мұқтаж отбасыға баспана табыстады, деп хабарлайды mangystaumedia.kz аудан әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бұл жолы баспаналы болғандардың бірі — Шынар Тәжібаева.
Жалғызбасты, көп балалы ана, осыған дейін отбасында 7 адам болып тұрып келген. Жолдасы дүниеден озған соң 6 балаға тәлім-тәрбие беріп отырған батыр ана. Жанұяның осы жағдайын ескерген ауыл жастары оларға 4 бөлмелі пәтер сыйлады.
Екінші үйдің иесі - 6 баланың анасы Жадыра Өтеғалиева. Тосынсыйды естіген қос ана қайырымды жастарға ризашылықтарын білдірді.
- Қасиетті Рамазан айының соңғы күнінде күтпеген жерден тосын сыйға ие болып жатырмыз. Жасаған жақсылықтары өздеріне мың еселеніп қайтсын. Оразада тілеген тілектеріңіз қабыл болсын, - деді ауыл тұрғыны Шынар Тәжібаева
Сондай-ақ, жаңа қонысқа қажетті тұрмыстық техникалар алу үшін қаржылай сыйлық табысталды.
Салтанатты шараның соңы гір тасын көтеру, ләңгі тебу, арқан тартыс, қол күресі сынды ұлттық спорттық сайыстарға ұласып, ауызашар дастарханы да жайылды.