Қарақия ауданында ауыл ішіндегі жолдарға орташа жөндеу жұмыстары басталды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz аудан әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жоба бойынша Мұнайшы ауылының Ақбөбек-1 шағын ауданындағы 2,8 шақырымды құрайтын автомобиль жолына орташа жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында тұрғындардың өтініші негізінде, автокөлік жолының құрылысы бойынша «Ұлттық сапа» орталығы кезекті тексеру жұмыстарын жүргізіп, жол сынамасын алды.
Сондай-ақ, аталған ауылдың Мұрагер, Жаңақұрылыс-2, Бәйтерек және Ардагер шағын аудандарына жаңадан 5 шақырымды құрайтын жолдың құрылыс-монтаж жұмыстары басталды.
Қазіргі таңда, автомобиль жолының негізгі бөлігі салынып жатыр. Құрылыс жұмыстары қараша айының соңында аяқталады деп күтілуде. Мердігер мекеме «ПромСтройМонтаж-XXI» ЖШС атқарып жатқан жұмыстар «Ауыл - ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында іске асырылуда.