Қарақия ауданына қарасты Құланды ауылында спорт кешенінің құрылысы басталды. Жаңа ғимарат аумағы 500 шаршы метрді құрайтын болады. Бұл туралы Құланды ауылының әкімі Санат Төкенов мәлім етті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Оның айтуынша, бұған дейін ауылда спорттық нысан болған жоқ. Бұл – Құландыдағы алғашқы спорттық кешен. Онда бокс, күрес, фитнес залдары мен ашық футбол алаңы орналасады. Ғимарат бір кезекте 50-60 келушіні қабылдай алады.
«Құрылыс жұмыстарын жеке кәсіпкер Айдос Қаржаубаев өз қаражаты есебінен жүргізіп жатыр. Ол ауылымыздың өсіп-өркендеуіне белсенді атсалысып жүрген азаматтардың бірі. Нысанды осы жылдың қыркүйек айында пайдалануға беру жоспарланып отыр», - деді Санат Төкенов.
Құрылыс жұмыстары аяқталғаннан кейін 10-ға жуық ауыл тұрғыны тұрақты жұмыспен қамтылады.