Бейнеу ауданының тумасы, Қазақстанның құрметті құрылысшысы, 62 жастағы кәсіпкер, меценат Раббим Борашовтың «Қарт Каспийден Төр Алтайға» атты велосапары аяқталуға жақын, деп хабарлайды mangystaumedia.kz Бейнеу ауданы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Велошабандоз бұл сапарын 2020 жылы «Ақтау-Мұзтау» деген атпен бастаған болатын. Киелі Маңғыстаудан басталған бұл сапар Шалқар елді мекені арқылы Торғай даласына шығып, Атбасар арқылы 2021 жылы Нұр-Сұлтан қаласына жетіп тоқтаған болатын.
Биыл маусым айынан бастап жалғасқан велосапар Нұр-Сұлтан, Қарағанды-Қарқаралы арқылы Абай мен Шәкәрім тарихи-мемориалды кешеніне барып, жаңа облыс орталығы Семей қаласына аяқ басты. Содан соң Өскемен-Қатон-Қарағай бағытымен Берел қорғаны арқылы Қарақөлге жетті.
Велошабандоз 4500 шақырымды артқа тастап, сапардың соңғы мәресі Төр Алтайдың Мұзтауына да таяды. Алда 40 шақырымдай жол қалды. Велошабандоз ол жолды атпен жүруді жоспарлап отыр.
-«Ақтау-Мұзтау» велосапарының негізгі мақсаты аталардың жүрген жолымен, басқан ізімен жүріп өту. Қазақтың ұланғайыр даласын велосипедпен шарлап, жол-жөнекей киелі жерлер мен елдерге соғып, аққулы көлі мен қаңбақты шөлін өз көзіммен көру, сезіну еді. Осы арқылы ішкі туризмді дамытуға үлес қосып, қазақ даласының кереметтерін әлемге паш ету. Бұған қоса салауатты өмір салты мен тарихи мұраларымызды насихаттау. Алшақ жатқан елді-мекендерді орталыққа тас жолдармен байланыстыруды, жаңа ұрпаққа жеріміздің кеңдігі мен тарихымыздың байлығын дәріптеу секілді миссиялардан тұрады, - деді велосаяхатшы Раббим Борашов.