Кеше Қарақия аудан әкімдігінің акт залы үздік түлектер мен олардың ата-аналарына, мектеп директорлары мен ұстаздарына толған күн болды. 2018-2019 оқу жылын аяқтауға арналған салтанатты жиында аудан әкімі Қыдырберді Беков құттықтау сөз сөйлегеннен соң, аудан көлеміндегі әр мектептен "жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар" деп танылған 18 түлекке "Алтын белгі" және 10 түлекке "Үздік аттестат" табыс етті. Олардың ата-аналарына да Алғыс хат, гүл шоқтарын табыс етіп, білімді де білікті ұл-қыз тәрбиелегені үшін алғыс айтты. Марапаттаудан кейін жас түлек, «Алтын белгі» иегері Назерке Балғабекқызына сөз кезегі берілді. Жас түлек барша замандастары атынан асырап ер жеткізген ата-аналарға, оқытып тәрбиелеген ұстаздарға және осындай жоғары деңгейде салтанатты шара өткізіп, оқимын деген жасқа рух берген аудан әкімі мен білім бөліміне алғысын жеткізіп, алдағы ҰБТ-да бар күшін салып, ауданның абыройын қорғап, ата-ананың, ұстаздың үмітін ақтап, болашақта елімізді дамытуға үлес қосатын білімді азамат болуға уәде берді. Ата-аналар атынан Бөбек әже алғыс айтты. Құрықтағы №6 мектепті "Алтын белгімен" бітірген немересі Гүлдана Аманқосқызының мектеп бітіру салтанатына арнайы Ақтаудан келген екен. - Оқимын деген ұрпаққа барлық жағдай жасалған. Бүгін немеремнің жетістігін көріп қуаныштан толқып тұрмын. "Алтын белгіні" осындай жоғары деңгейде, салтанатпен табыстау - жастарға сенім, рух береді. Әкім балама да, ұстаздарға да, немерелерім мен олардың ата-анасына да рахмет. Еліміз аман болып, ұрпақтарымыз білімімен, өнерімен таныла берсін! - деді. Салтанатты кеш Құрық мектеп-гимназиясының оқушысы, халықаралық байқаулардың жеңімпазы, әнші Балауса Сансызбайдың сазды әуенімен аяқталып, түлектер мен ата-аналар аудан басшысымен естелік суреттерге түсті. [gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="81781,81780"]