Қарақия ауданының Сенек ауылы - Қазақ ССР-нің селолық, ауылдық, поселкелік Советтерінің Жарғысының 1974 жылғы қорытындылары бойынша Маңғышылақ облысының Маңғыстау ауданындағы Аққұдық селолық Советі Қазақ ССР Министрлер Советімен ҚАЗСовпровтың ауыспалы Қызыл Туды және 2002 жылы облыстық конкурста «Халық саны 3000 адамға дейінгі елді мекендер» номинациясы бойынша ІІ-орынды жеңіп алған, Маңғыстау облысы әкімінің дипломын «Үздік поселке» (село) байқауының жеңімпазы атағына ие болған, 2017 жылы «Үлгілі ауыл» номинациясы бойынша II-орын иеленіп 7,5 млн теңгемен марапатталған іргелі ауыл. "Сенек" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, «Жасыл әлем» МКК мекемесі, Жаңаөзен қаласына су айдайтын «Түйесу» бөлімшесі бар. «Сенек» ЖШС-нде қазір 7381 қой, 58 бас жылқы малы бар. Серіктестікте 110 адам жұмыс жасайды, оның 11-і тері илеу цехында. Серіктестік цехы биыл жыл басынан бері 110 тон, 547 тері жакет, мыңдаған аса қолғап пен шұлық өндірді. 1976 жылы мамыр айында Маңғыстау ауданынан Қарақия ауданына берілген Сенек ауылдық кеңес пен кеңшар ұжымы бүгінде өркендеп дамыған, көрікті, жасыл желекті ауыл орталығына айналып отыр. Әрбір тұрғын үй аулаларында қаратал, ақтерек және жеміс-жидек ағаштары отырғызылып, 240 гектар жерге құм тоқтатуға байланысты түрлі өсімдік тұқымдары себіліп, көшеттер отырғызылып, қоршалып күтімге алынған. Село орталығында екі қатарлы «Мәдениет үйі» бой көтеріп, Елбасымыздың 100 мектеп, 100 аурухана бағдарламасына орай, «Дәрігерлік амбулатория», МКҚК «Шұғыла» балалар бақшасы ғимараттары бой көтеріп пайдалануға берілген. Көгілдір отын, 5 каналды көгілдір экран, жоғарғы кернеулі электр желісін тұрғындар күнделікті тұрмыстық жағдайларына үзбей пайдаланып отыр. Сонымен бірге ауыл орталығындағы ауыл әкімі ғимараты күрделі жөндеуден өткізіліп, жиһаздармен қамтылып, пайдаланылуға берілді. Тұрғындар жыл сайын жаңа үлгіде тұрғын үй құрылыстарын салып игіліктеріне пайдалануда. Қаракөл құнды елтірісімен, балдай тәтті балқаймақ, аңызға айналған шұбатымен танымал ауыл тұрғындарының басым көпшілігінде түрлі маркалы автокөліктері бар, әр ауладан төрт түлігін өргізіп, бай қуатты, берекелі тұрмыс құруда. Қойнауы құтқа, өрісі малға толы бұл ауыл 14-15 маусым күндері Сенек кеңшарының құрылғана 50 жыл толуына байланысты айтулы мереке өткізді. Жарты ғасыр тарихы бар ауылдың мерейтойы ошақ бәйге және тай жарыстан бастау алды. Ат спорты додасына өңіріміздің және көршілес облыстардан шабандоздар қатысты. Мерейтойдың бірінші күні 4 шақырымға созылған ошақ бәйге және 2 шақырымға созылған тай жарысы өтті. Бәйгеде жеңіске жеткен жеңімпаздарды аудан әкімі Қ.Беков, аудандық мәслихат депутаты Қ.Наурызмағанбетов аудан әкімінің Алғыс хатымен, жеңімпаз кубогімен және бағалы сыйлықтармен марапаттады. Бәйгеден кейін Сенек ауылында орталық саябақттың салтанатты ашылу рәсімі өтті. Саябақ осы ауылда туып өскен, ауылының жанашыры бола білген азаматтардың қолдауымен салынған болатын. Салтанатты ашылу рәсімінен кейін аудан басшысы бастаған қонақтар және ауыл тұрғындары жаңа саябақты аралады. Бұдан соң саябақ сыртында орналасқан дала сахнасында салтанатты жиын басталды. Алдымен аудан әкімі Қ.Беков, Қ.Наурызмағанбетов және мерейтойдың ұйымдастыру алқасының мүшесі А.Атшыбаев тұрғындарды мерекемен құттықтады. Ауыл әкімі Бауыржан Еркеғұлов ауылдың өркендеп дамуына әр жылдары үлес қосқан бір топ азаматты марапаттап, ауыл тарихында аты қалған, бұрынғы ардагер адамдарды атады. «Өзенмұнайгаз» мекемесінің өкілдері ауыл тұрғындарын құттықтап, сый-сияпат жасады. Салтанатты жиынды ауыл және аудан өнерпаздарының, елге белгілі өнер иелерінің концерті жалғастырды. https://www.youtube.com/watch?v=YeJMoY9o6kg Сенектің сеңгір көгін әнге бөлеген кеште елдің сүйікті әншісі Тұрғанбай Жайлаубаев, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, танымал шоумен, продюсер Марат Жариев және «Джахан» тобы тұрғындарға рухани тамаша кеш сыйлады. Сонымен қатар, қонақтар және ауыл тұрғындары үшін киіз үйлер қалашығы тігіліп, қызмет етті. Алаңда футболдан, қазақ күресі және қол күрестен спорттық жарыстар өтті. Мерейтойдың І бөілімі мерекелік от шашумен аяқталды. Балқан тауы бар, бархан құмды өлкені ән мен күйге, айтулы додаға, аламан бәйгеге бөлеген дүбірлі той 15 маусым күні салтанатты жалғасын тапты. Бұл күнгі салтанатты жиында ауылдың өркендеп дамуына үлес қосқан, мерейтойдың жоғары деңгейде өтуіне ат салысқан бір топ азаматты Қарақия ауданы әкімінің орынбасары Ержан Күмісқалиев аудан әкімінің Алғыс хатымен марапаттады. Аламан ат жарысы өтіп, құнан бәйге жарысты. Алдына қара салмай, шашасына шаң жұқтырмай келген жаңаөзендік тұлпардың иесіне автокөлік бұйырса, басқа да жеңімпаз жүйріктердің бапкерлері бағалы сыйлықтармен, электронды тауарлармен сыйланды. Сондай-ақ түрлі спорттық сайыстардың жеңімпаздары да дипломдармен, кубоктармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды. Қаз-қатар тігілген ақбоз үйлерде ақ дастархан жайылып, алыс-жуықтан келген қонақтарға құрмет көрсетілді. Ақ түйенің қарны жарылған арда күні ауылдың ажарын ашып, елдің берекесін тасытқан Сенектегі той сәніне салтанаты жарасып, жоғары деңгейде өтті. Тойың тойға ұлассын, құтты Сенек!
Шынар КЕНДІН,
Қарақия газетінің редакторы
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="81835,81838,81848,81830,81829,81832,81831,81837,81833,81834,81836,81849"]