Сүт қатқан қызыл күрең шайды жек көретін қазақ болсайшы. Кей ғалымдар мұның денсаулыққа зиянды екенін айтып жатқанымен, атам заманнан бері ішіп келе жатқан сүйікті шайымыздан бас тартқымыз жоқ. Ал ақтаулық қаршадай қыз бала шай құрамын зерттеп, үлкен жетістікке жетіп отыр. Ақтау қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 7-сынып оқушысы Мадина Ғабдолла Санкт-Петербург қаласында өткен «Химия: ғылым және өнер» атты мектеп, гимназия, лицей оқушылары және колледж студенттеріне арналған В.Курбатов атындағы ІХ халықаралық ғылыми жобалар және олимпиада байқауында І дәрежелі дипломға ие болды. Байқаудың қорытынды кезеңіне жалпы 70 зерттеу жұмысы қорғалды. Жас зияткер «Химиядағы алғашқы қадамдар» секциясында жеңімпаз атанды. Ол қазылар алқасына «Біз ішетін шай» тақырыбындағы зерттеу жұмысын ұсынды. Мадинаның айтуынша, ол химия пәні мұғалімі Айбар Мұрзабековпен бірге күнделікті өмірде тұтынатын шай түрлерінің құрамын зерттеген. - Біз үнемі шайға қатысты «тым ащы екен», «шығымы жақсы екен» немесе «дәмі нашар екен» деген секілді әртүрлі пікірлерді естіп жатамыз. Бірақ оның құрамында не бар, қандай химиялық элементтер бар, олар қаншалықты ағзаға зиян немесе пайдалы екендігін ойланбаймыз. Сол себепті оның құрамын анықтауды жөн көрдік, - дейді ғылыми жетекші Айбар Бейбітұлы. Аталған тақырыптағы зерттеу жұмысы биылғы оқу жылының алғашқы тоқсанында басталып, бірнеше зерттеу жұмыстары жүргізілген көрінеді. - Зерттеу үшін біз шайдың 4 түрін алдық, - дейді Мадина Ғабдолла. - Олар—қара «Ассам» шайы, «Bayсe» көк шайы, «Принцесса Ява» каркаде және «Lipton» шайы. Зерттеу барысында біз кофеин мен танин мөлшерін анықтау үшін зертханалық жұмыс жүргіздік. Нәтижеде кофеин мен таниннің ең көп мөлшері қара «Ассам» шайынан анықталды. Сондай-ақ қышқылдық орта және визуальды-колметриялық сараптама да жүргіздік. Жұмыстарымызды қорытындылай келе, біз кофеге қарағанда шайды көбірек ішуді ұсынамыз. Себебі шай құрамындағы кофеин адам ағзасына сіңеді және улану қаупі төмен. Ал жоба жетекшісінің айтуынша, зертеу жұмыстары әлі де жалғасын табуы керек. - Тибеттің кейбір өңірлерінде шайды қантпен емес, тұз қосып ішеді. Болашақта біз олардың неліктен қант орнына тұз қолданатынын және оның адам ағзасына әсерін бақылаймыз, - дейді ол. Санкт-Петебург қаласындағы мемлекеттік технологиялық университет пен Д.Менделеев атындағы Ресей химиялық қоғамының Санкт-Петербург қаласындағы бөлімі халқыаралық В.Курбатов атындағы «Химия: ғылым мен өнер» атты байқау-олимпиадасын 2010 жылдан бері өткізіп келеді. Осы жолы сайыс Менделеев элементтерінің периодтық жүйесінің ашылуына 150 жыл мерейтойына орай ұйымдастырылған.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА Суреттерді Назарбаев зияткерлік мектебі ұсынды