«Хан-Шахар» салтанат сарайында жұмысшы мамандығының «Worldskills Kazakhstan» кәсіптік шеберліктің өңірлік конкурсының қорытынды шарасы өтті. 1–5 сәуір күндері 18–22 жас аралығындағы студенттер, колледж бітірген түлектер, жас жұмысшылар мен мамандар бәсекеге түсіп, өз біліктіліктерін байқатты. Маңғыстау облысы әкімдігінің қолдауымен өткен «WorldSkills Aktau» өңірлік чемпионатын білім басқармасы жоғары деңгейде ұйымдастырды. «WorldSkills Aktau» өңірлік чемпионаты облыстың техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары арасында 37 құзыреттілік бойынша өтті. Байқау ережесіне сәйкес әр құзыреттілік бойынша өңірлік чемпионатты өткізу алаңдары бекітілді. Сондай-ақ құзыреттіліктер бойынша сарапшылар тізімі жасақталып, олар чемпионат тапсырмалары мен алаңдарға қойылатын талаптарды талқылап, әзірледі. Байқаудың қорытынды жиынына қатысқан облыс әкімінің орынбасары Руслан Сәкеев жастарды жаңа заманға сай білімді меңгеріп, кәсіп игеруге шақырды. «Құрметті чемпионат қатысушылары, сарапшылары, қонақтары! Төрт күн бойы өткен жиынның қорытындысына да жеттік. Мен де сіздер секілді студент болдым, оқу орнында білім алдым. Кәсіптік техникалық білім сапасын көтеру бойынша бұл байқаудың қоғам үшін, біздің Маңғыстау өңірі үшін де маңыздылығы ерекше. Тұңғыш Президент– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Жастар жылын» жариялағанда жастардың білім деңгейін халықаралық деңгейге көтеру қажеттігін баса айтқан еді. Міне, бұл чемпионат осы мақсаттан шығуды көздейді. Біздің өлке жастары былтыр республикалық чемпионатта жеңімпаздар атанғанын білесіздер. Тағы бір айта кететін жайт, биыл біздің облыста қосылған «Zhas Project» жобасы аясында 14 –29 жас аралығындағы кәсіп ашамын деген жастарға 1 миллион теңгеге дейін гранттар беріледі. Осы мүмкіндікті сіздерге пайдалануға шақырамын. Бүгінгі өңірлік байқауда жобаларын ұсынған жастарға да бұл жоба үлкен мүмкіндіктер береді. Өйткені сіздер – Маңғыстаудың білімді де дарынды жастарысыздар», – деді Руслан Сәкеев. Маңғыстау облысы бойынша техникалық делегат М.Измухамедов биылғы байқаудың ерекшеліктерін атап өтті. «Аймақтық байқау ұйымдасқан түрде, жоғары деңгейде өтті. Бұған дейінгі жылдардағы конкурстарға қарағанда әлдеқайда қызықты, тартысты, бәсекеге толы болды. Жастар жарыста жоғары нәтиже көрсете білді. Әр сала бойынша сайыс өтетін алаңдар жақсы әзірленді. Салаға қатысты инфрақұрылымдық парақшаларда көрсетілген заманауи құрал-жабдықтар, биылғы сарапшылар да тыңғылықты дайындалған. Құрама команда алдағы қазан айында елордада өтетін Ұлттық чемпионатқа барады. Осы чемпионатқа сапалы дайындық жасау үшін Ресейде өтетін конкурсқа мамыр айында тәжірибе алмасу, біліктілік шыңдау үшін барады. Ал «EuroSkills» халықаралық чемпионаты 2020 жылы Австрияда, 2021 жылы Шанхайда ұйымдастырылады», – дейді делегат. «WorldSkills Aktau» өңірлік чемпионатының құзыреттіліктері бойынша чемпионатты өткізуге демеуші ретінде және алаңдармен қамтамасыз етуге 9 мекеме, кәсіпорындар, 8 колледж және 1 балабақша тартылды. Жастар үшін маңызы зор шараға Маңғыс тау облысының «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы мен бизнес қауымдастығының, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, әлеуметтік серіктестер және облысымыздың ірі кәсіп орындарының басшылары, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының басшылары, 251 конкурсант, 150 сарапшы, компатриот сарапшылар және демеушілер қатысты. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының аймақтық филиалы, «Бизнесті қаржысыз қолдау» бөлімінің басшысы Аққу Айтжанова өңірлік конкурсқа енген кәсіпкерлік бағыты бойынша жастардың бизнес жобалары туралы айтып берді. «Біздің филиал биылғы конкурсты ұйымдастыру істеріне белсене ат салысты. Оның ішінде кәсіпкерлік бағытындағы жарыстарға баса назар аудардық. Біз, мектеп оқушылары, колледж студенттері арасында бизнес идеяларға қатысты конкурс жасадық. Олар өз бизнес идеялары туралы жұмыстарын қорғады. Өте қызықты, жақсы жобалар болды. Жастардың жақсы дайындық жасағандары таңғалдырды. Оларға жетекшілік еткен мұғалімдеріне алғыс айтқым келеді. 8 колледжден қатысқан жастар кәсіпкерлік стартап бизнес жобаларын ұсынды. Бұл сегіз жоба идеяларын кәсіпкерлік саласында қолдануға болады деп айта аламын. Тек қаржылай көмек көрсетілсе болғаны», – дейді Аққу Айтжанова. Биылғы «WorldSkills Aktau» өңірлік чемпионаты 37 құзыреттілік бойынша арнайы әзірленген 18 жерде ұйымдастырылды. Сонымен қатар облысымызда алғашқы рет есту қабілеті нашар студенттерге арналған «DeafSkills» чемпионаты Ақтау технологиялық қызмет көрсету колледжі базасында өтті. Колледжішілік чемпионатқа қатысып жеңімпаз атанған 251 студент «WorldSkills Aktau» өңірлік чемпионатына қатысып, кәсіптік шеберліктерін сынады. Озық отандық және халықаралық тәжірибеге сүйеніп, студенттерге кәсіби бағдар беру, кәсібіне икемдеу, жұмысшы мамандықтарын дәріптеу, қазіргі және болашақ кәсіби құзыреттіліктерін игеру үшін жаңа мүмкіндіктер жасау мақсатында WorldSkills қозғалысының құрамдас бөлігі негізінде «FutureSkills Аktau» чемпионаты техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының 15-17 жас аралығындағы студенттер арасында 10 құзыреттілік бойынша өтті. Жиын қорытындысында барлық құзыреттілік бойынша байқауда жеңімпаз атанған жастар марапатталып, дипломдар табысталды.
Жайық НАҒЫМАШ