Ақтауда «WorldSkills Kazakhstan» кәсіптік шеберліктің республикалық чемпионатының өңірлік кезеңі басталды. Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте жұмысшы мамандығының мәртебесін көтеріп, жастарды еңбек пен білімге баулитын жоба туралы ұйымдастырушылар тобы айтып берді. Кәсіби шеберлікті дамыту және WorldSkills қозғалысы басқармасының басшысы Әтіргүл Есдәулетованың айтуынша, «World skills» – жас мамандардың кәсіби біліктілігін арттыруға негізделген халықаралық жобасының мақсаты – жұмысшы мамандығын дәріптеу, жұмысшы мамандығының танымдылығын және қоғамдағы беделін арттыру, өндіріс орындарындағы жас мамандардың, мектеп оқушыларының, студенттердің, ата-аналардың, бизнес өкілдерінің жұмысшы мамандығына қызығушылығын арттыру. «Бұл жоба 1946 жылдан бері әлемнің 78 мемлекетінде өткізіліп келеді. 2014 жылы Қазақстанның WorldSkills International халықаралық қозғалысына енуіне байланысты, дүниежүзі елдері мойындаған аталмыш бірлескен жобаны «Кәсіпқор» Холдинг» АҚ Басқармасы төртінші жыл Қазақстанда өткізуді жоспарлап отыр», - деді кәсіби шеберлікті дамыту және WorldSkills қозғалысы басқармасының басшысы Әтіргүл Есдәулетова. Қоғамға ең қажетті маман иелерінің біліктілігін арттыруға арналған WorldSkills International кәсіптік шеберліктің халықаралық чемпионаты екі жылда 1 рет өткізіледі. Чемпионат 2015 жылы Бразилияның Сан-Пауло қаласында, 2017 жылы БАӘ, Абу-Даби қаласында өткен болса, 2019 жылы Россияның Қазан қаласында өтеді деп жоспарланған. Қазақстан кәсіптік-техникалық мамандықтың деңгейін арттыру ісінде бұл жобаға 2015 жылы тұңғыш рет қатысты. Ал 2016 жылы Астана қаласында өткізілген шараға 14 аймақтан және Астана мен Алматы қалаларынан 136 қатысушы, 15 құзыреттілік бойынша, 2017 жылы 300-дей қатысушы 30 құзыреттілік бойынша кәсіби шеберлігімен бәсекеге түссе, 2018 жылы 14 аймақ 3 қаладан 30 құзыреттілік бойынша 350-дей жастар кәсіби шеберлік сынына түсті. «Елімізде арнайы кәсіби білімі бар мамандар даярлау ісіне ерекше маңыз беріледі. Worldskills –1946 жылы құрылған халықаралық қозғалыс. Қазақстан 2014 жылы Worldskills қозғалысына мүше болып қабылданды. Worldskills республикалық чемпионаты елімізде 2015 жылдан басталып, 4 жыл қатарынан өткізіліп келеді. Осы уақыттан бері жұмысшы мамандығын дәріптеу бойынша облысымыздан өңірлік, республикалық чемпионаттар және халықаралық деңгейдегі жарыстарға біздің балаларымыз қатысып, жоғары жетістіктерге жетіп отыр», - дейді техникалық және кәсіптік білім беру бөлімінің басшысы Жания Сармурзина. Биылғы «Жастар жылы» аясында Жұмысшы мамандығының «WorldSkills Kazakhstan» кәсіптік шеберліктің республикалық чемпионатының өңірлік кезеңінің салтанатты шарасы өтті. Айтулы шара жұмысшы мамандығын дәріптеу, жұмысшы мамандығының танымдылығын және қоғамдағы беделін көтеру, өндіріс орындарындағы жас мамандардың, мектеп оқушыларының, студенттердің, ата-аналардың, бизнес өкілдерінің жұмысшы мамандығына қызығушылығын арттыру мақсатында қолға алынған. Салтанатты шараға Маңғыстау облысы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы мен бизнес қауымдастық өкілдері,жұмысшы мамандығының «WorldSkills Kazakhstan» кәсіптік шеберліктің республикалық чемпионатының өңірлік кезеңінің ұйымдастыру алқасы, сарапшы мамандар, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының басшылары мен әлеуметтік серіктес өкілдері қатысты. Еске салсақ, 2017 жылы Абу-Даби қаласында өткен 44-ші халықаралық чемпионатта Қазақстан ұттық құрамасы 75 елдің ішінен 24-ші орыннан көрінді. Ал 2018 жылы «EuroSkills Будапешт» чемпионатында Қазақстан командасы 29 елдің ішінен 10 орын иеленді. Жыл сайын елімізде осы жобаға жоғары талаптар қойылып келеді. «WorldSkills Ақтау» өңірлік кезеңінің ашылу рәсімінде Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Нұрдәулет Қилыбайжарысқа қатысушыларды құттықтап, ізгі лебізін жеткізді. «Құрметті чемпионатқа қатысушылар, педагогтар, ата-аналар және қонақтар! «Жастар жылы» аясында өткізіліп жатқан «WorldSkills Ақтау» V-ші мерейлі өңірлік чемпионатының ашылу салтанатына қош келдіңіздер! Бұл – студент жастар арасында кәсіби шебер, үздік жұмысшы мамандарды анықтайтын маңызды шара. Жастар – қоғамның қозғаушы күші. Тұңғыш президентіміз «Жастар жылының» ашылу салтанатында сапалы техникалық және кәсіби білім беру жүйесін дамыту шешуші басымдықтардың бірі болып қалуы тиіс деп атап көрсетті. Биыл «WorldSkills Ақтау» чемпионаты облысымызда бесінші рет өткелі отыр. Сіздерді шын жүректен құттықтаймын! Осы жылдар аралығында біздің студенттер жоғары жетістіктерге жетті. Жастарымыз «WorldSkills» чемпионатының республикалық және халықаралық жарыстарында жүлделі орындар иеленіп келеді. Мәселен, Будапеште өткен EuroSkills чемпионатында Еркебұлан Сұлтанғалиев және Айбат Жалғасбаев өздерінің кәсіби біліктіліктерін көрсетіп, алтын медаль алды. 2018 жылдың қорытындысы бойынша Маңғыстау облысы жүлделі медаль көрсеткіштерінен республикада 6-орынға шықты. Биыл «WorldSkillsKazan» 45-чемпионатында ұлттық құрамада Маңғыстау облысы» «Кондитер ісі» және «Мейманхана әкімшілігі» құзыреттілігі бойынша қатысады. «WorldSkills Ақтау» қозғалысы жыл өткен сайын дамып, құзыреттілігі мен қатысушылар қатары арту үстінде. Сонымен бірге биыл бірінші рет жастарға арналған «Futureskills» және есту қабілеті нашар студенттер үшін «Deafskills» аймақтық чемпионаты өткізіледі. Кәсіптік салалар бойынша сарапшылар қатары да артқан. Бұл өз кезегінде өңірімізде жастардың жұмысшы мамандықтарына деген қызығушылығы артқанын байқатады. Сіздер әрбір сала мамандықтарын халықаралық деңгейге сай дәрежеде меңгеріп, шетелдік кадрларға бәсекелестік тудыратындай, жоғары білікті, сұранысқа ие мамандар болып шығуларыңыз керек. Кәсіби шеберліктеріңіз сынға түсетін жарыстасіздерге сәттілік тілеймін!», - дейді Нұрдәулет Игілікұлы. Кәсіптік бағыттағы жас мамандар қатарын көбейтуге жол ашатын Worldskills бағдарламасы соңғы уақытта өте сәтті іске асырылып келеді. Маңғыстау облысы бойынша техникалық делегаты Мирсат Измухамедов жоба жайында осындай пікірде. «Worldskills жұмысшы мамандығының мәртебесін көтеріп, жастарды осы салаға ынталандыруға бағытталған. Техникалық кәсіби білім салаларында бәсекеге қабілетті мамандарды даярлау – Worldskills қозғал ысының негізгі миссиясы. Бұл ұйымға әлемнің 80 елі енген. ТМД елдері қатарынан Ресей, Қазақстан, Белоруссия, Латвия және Литва, Эстония мемлекеттері мүше. Маңғыстау облысы Worldskills республикалық чемпионатына төрт жыл қатарынан қатысты. Өткен жылы аймақтық чемпионат өткізу арқылы мол тәжірибе жинадық. Жастар соңғы жылдары республикалық сайыстарда үлкен жетістіктерге жетіп, алтын, күміс, қола медальдар иеленді», - дейді Мирсат Айденұлы. Бейнеу политехникалық колледжінің тәмамдаған Еркебұлан Сұлтанғалиев «Abu Dhabi-2017» чемпионатына «Инженерлік графика CAD» құзыреттілігі бойынша қатысқан. Ол халықаралық байқаудың маңыздылығы туралы айтып, жастарды жігерлендірді. «Мен қазіргі уақытта Маңғыстау облысындағы Медиана-IT» компаниясында IT қызметтер болып істеймін. 2017 жылы өңірлік кезеңінен бастадым. Абу-Дабиде өткен жарысқа ұлттық құрама сапына ендім. 2018 жылы Будапеште өткен EuroSkills қатысушымын. Елімізде өткен Ұлттық чемпионаттан кейін Ресейде ұлтық құрама сапында шеберлік сынадық. «EuroSkills» байқауына дайындық кезінде Маңғыстау облысы әкімдігінің, Білім басқармасының қолдауымен, 2 студент болып Белорусь мемлекетініңМинск қаласындағы «Worldskills Belarus» чемпионатына қатысуға мүмкіндік алдық. Ол жерден де біліктілігімізді арттырып, тәжірибе алмастық. Жылдан жылға жастардың осы байқауға қатысу қарқыны күшейіп келеді және олардың білім деңгейі де халықаралық стандарттарға бейімделе түсуде. Енді осы қарқыннан қайтпауымыз керек. Өйткені әлемдік стандарт бір орында тұрмайды, оған ілесуіміз қажет.Чемпионаттан алған тәжірибемді өз қатарластарыма бөлісіп отыру қажет деп ойлаймын. Аймақтық іріктеуден өткен жерлестерім ұлттық чемпионат құрамына енеді деген үміттемін. Бәріне сәттілік тілеймін», - дейді Еркебұлан. «WorldSkills» жобасы 18-22 жас аралығындағы жастарды қамтып, еліміздің әр аймағында жүргізіліп келеді. Ал қатысушыларды «Кәсіпқор» Холдинг» АҚ Басқармасы іріктеуден өткізіп, алдын-ала дайындайды. Бүгінде білім беру ұйымдарында және мекемелерде жарыстар аяқталып, қорытындысы бойынша жеңімпаздар жұмысшы мамандығының «WorldSkills Kazakhstan» кәсіптік шеберліктің Ұлттық чемпионатының өңірлік кезеңіне қатысып, жеңімпаз атанған І орын иегері «WorldSkills Kazakhstan» кәсіптік шеберліктің Ұлттық чемпионатына жолдама алып, сайыс Астана қаласында қорытындыланбақ. Елімізде кәсіптік шеберліктің «WorldSkills Kazakhstan» республикалық чемпионатын өткізу 2019 жылғы қыркүйек айына, қорытындысы бойынша Қазақстанның құрама командасы Ресейде, Белоруссияда өтетін WorldSkills ашық чемпионаттары мен Будапешт, Венгрия қаласында өтетін EuroSkills чемпионатына қатысады деп жоспарланып отыр. Озық отандық және халықаралық тәжірибеге сүйеніп, студенттерге кәсіби бағдар беру, кәсібіне икемдеу, жұмысшы мамандықтарын дәріптеу, қазіргі және болашақ кәсіби құзыреттіліктерін игеру үшін жаңа мүмкіндіктер жасау мақсатында WorldSkills қозғалысының құрамдас бөлігі негізінде «FutureSkills Аktau» чемпионаты техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының 15-17 жас аралығындағы студенттер арасында 10 құзыреттілік бойынша өтеді. Атап айтар болсақ, «Слесарлық іс», «Компьютерлік ойындар мен мультимедиялық қосымшаларды дамыту», «Ұлттық тағамдар», «Туризм», «Аударма ісі», «Сигналдау, орталықтандыру, блоктау және автоматика жабдықтарын жөндеу, қызмет көрсету», «Дене шынықтыру және спорт», «Бейне өндірісі», «Ақпараттық кабельдік желілер» және «Мектепке дейінгі тәрбие». Сонымен қатар есту қабілеті бұзылған жастарға сапалы кәсіби білім мен жұмыспен қамтуға көмектесу де жобада қарастырылған. Ерте кәсіби бағдарлау жүйесін, оқытудың жаңа технологияларын, кереңдерді жұмысқа орналастырудың тиімді жүйесін құру мақсатында WorldSkills қозғалысының құрамдас бөлігі негізінде DeafSkills кәсіби шеберлік чемпионатын техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының студенттері арасында «Киім үлгілеу» құзыреттілігі бойынша ұйымдастырылуда. «WorldSkills Ақтау» өңірлік чемпионатына 22 колледжден 37 құзыреттілік бойынша 250-ге жуық студент қатысуда. Қатысушылардың жұмысын 350 сарапшы бағалайтын болады.
Жайық НАҒЫМАШ
Суреттерді МО білім басқармасы ұсынды
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="76530,76526,76528,76531,76527"]