Еркебұлан Сұлтанғалиев

РЕДАКЦИЯДАН: 14-19 қазан аралығында Әбу-Дабиде (БАӘ) кәсіби шеберлік бойынша WorldSkills Abu Dhabi 2017 дүниежүзілік чемпионаты өтті. Онда әлемнің түкпір-түкпірінен келген 1300-ге жуық жұмысшы жас құрылыс, IT-технология, өнер және дизайн, өнеркәсіп, қызмет көрсету саласында сайысты. Жастарға мыңнан аса сарапшы төрелік етті. 

Биыл Әбу-Дабиде студенттер мен мамандар арасында өткен әлемдегі «Ең үздік құрылысшы», «Үздік даяшы», «Үздік тігінші», «Шебер шаштараз» сияқты жұмысшы мамандар арасындағы дүниежүзілік додаға 77 мемлекеттен 1300-­ден астам шеберлер барған. Олардың арасында біздің жерлестеріміз де бар.

Біріккен Араб Әмірлігіндегі өткен қызықты да күрделі чемпионат болып өтті, қазіргі таңда білікті жұмысшы мамандарға сұраныс өте жоғары, ал қатысушылар арасындағы нағыз маман иелерін анықтау – таптырмас мүмкіндік. Ондаған мамандық түрі, жүздеген қатысушы және мыңдаған шаршы метрлік жарыс алаңы сайыстың көрігін қыздырғандай.

«Әлем чемпионаты»­ деп атының өзі айтып тұрғандай, бұл жарыс­та басқа спорт түрлері сайысынан кем түспеген. Басты мақсат – елу бір мамандық бойынша студенттер берілген тапсырманы белгілі уақыт аралығында орындап, халықаралық төрешілердің көңілінен шығу.

Осы ретте елімізде республикалық көлемде чемпионаттар ұйымдас­тырылып, үздіктер іріктелген. Осылайша бірнеше ай дайындық жұмыстары жүргізіліп, Қазақстанның атынан додаға жиырма бес адам қатысты. Оның ішінде біздің бейнеулік жерлесіміз де бар.

Бұл додаға барар жол­дың өзі жерлестерімізге оңайға соқпаған, алдарынан көптеген сынақ күтіп тұрған жерлестеріміз біраз тер төкті десек те болады. Оның дәлелі сол додаға қатысып қайтқан жерлесіміз Бейнеу политехникалық колледжінің бағдарламамен қамтамасыз етуші маманы Еркебұлан Сұлтанғалиев өз білімін ортаға салып келді.

Додаға барар жолда «Автоматты жобалаудың жүйесі» бағыты бойын­ша Еркебұлан 2017 жылы «WorldSkills Kazakhstan – 2017» облыс көлемінде өткен чемпионатта алтын алқа иегері болса, ағымдағы жылдың мамыр айында еліміздің төрі – Астана қаласында осы бағытта өткен жарыста күміс алқаның иегері болды.

Одан әрі тағы да осы жылы Ресей Федерациясы Краснодарь қаласында өткізілген «WorldSkills Russia» чемпионатында «жұмысшы мамандық» са­ласы бойынша қоладан алқа тақты.

Осындай қиын да қызықты додаларда бағын сынаған жерлесіміз Әбу­ Дабидегі 2017 жылдың 19 қазан айында өткен додаға үлкен дайындықпен барған. Еркебұлан бұл аламанда төрт модуль бойынша өнерін көрсетті машина құрастыру, металлоконструкция, шығармашылық жұмыс, кері байланыс.

Жалпы бұл жарысқа Маңғыстау облысы бойынша екі үміткер қаттысса, соның бірі Еркебұлан Сұлтанғалиев «Mechanical Engineering CAT» сертификат иегері болды. Бұл — үлкен жеңіс. Жерлесімізге табыстар тілейміз!

Жарыстың тағы бір ерекшеліктері чемпионаттың бағдарламасы мамандықтардың заман талабына сай өзгеріп отырады, яғни қолданыстан кетіп бара жатқан қызмет түрлері автоматты түрде алынып тасталады да, жаппай қолданылып жатқан робот тәрізді технологиялардың түрлері оның орнын басады.

— Бейнеу политехникалық колледжі IT­ саласы бойынша облыс көлемінде IT­ технологияның орталығы болып ашылғалы отыр. Оған біздің мүмкіншілігіміз де мол, базамыз да дайын. Соған байла­нысты заман ағымынан қалмай жаңа технологияның қыр­-сырын жетік меңгеру мақсатында 8 әріптесіміз шетелден тағылымдамадан өтті. Алдағы уақытта 2019 жылы Қазан қаласында өтетін әлем чемпионатына дайындық үстіндеміз, — дейді Бейнеу политехникалық колледжінің басшы­сы Н.Бурин.

Беркімбай ГАРАБАЕВ