2018 жылдың 5 қазанында ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында «2019 жыл – Жастар жылы» болып жарияланғаны белгілі. Осыған орай аудандық мәдениет үйі ғимаратында «Ел ертеңі – жастар» атауымен жастар жылының Түпқараған ауданында старт беру шарасы өтті. Шара барысында Форт-Шевченко қаласының әкімі Дощанов Мұратбек Аралбайұлы жастар жылымен аудан жастарын құттықтай отырып, Форт-Шевченко қаласының белсенді, ерікті жастарын марапаттады. Олардың қатарында мектеп мұғалімдері, балабақша тәрбиешілері, кітапханашылар мен мектеп оқушылары да бар. Сонымен қатар Форт-Шевченко қаласы жастарының атынан «Жас Отан» жастар қанатының Түпқараған ауданы бойынша бөлімше басшысы Шамқұлова Гауһар жастарға үндеу жариялады. Үндеуде Түпқарағанның белсенді жасы өзінің замандас құрбыларын ел үшін, жер үшін жастық күш-жігерлерін аянбай жұмсауға, болашаққа бағамды бағдар жасап, қазақ елінің кешегісі мен бүгінінен рухани азық алуға шақырды.
Өз тілшімізден