Ақтау қаласындағы орта мектеп оқушылары «Жас құтқарушы» клубына қабылданып жатыр. Қазіргі таңда 30-дан астам жеткіншек мүшелікке өткен. Клуб қызметі оқушылардың сабақ үлгеріміне кедергі келтірмейді. Балалар дәріс ауысымына қарай қалалық №1 өрт сөндіру бөлімшесіне келеді. Мұнда құтқарушылардың шақырту түскен мекенге бару дайындығын көреді. Арнайы техникалармен танысып, кәсіби өрт сөндіру тәсілдерінің қыр-сырын меңгереді. Бастысы отпен ойнаудың өмірге қауіпті екенін терең түсінеді. Оқу-жаттығудан соң әр оқушы алған әсерін қағазға бейнелейді. Ал үздік суреттерге клуб жетекшілігі тарапынан сыйлық беріледі. Қалалық №1 өрт сөндіру бөлімшесінің аға қызметкері Данияр Аймақов клуб жұмысының жай-жапсарын таныстырып өтті. «Балалар әдетте өрт шыққан үй жанындағы қызыл көлікті көреді. Ал мына жерде құтқарушылардың дайындығымен танысады. Үйде өрт болған жағдайда қандай әрекет жасау керектігін меңгереді. Әр жаттығуды көрген соң балалар сурет салады. Оның мағынасын түсіндіреді. Үздік жұмысқа естелік сыйлық береміз. Осы арқылы оқушылар өрт қауіпсіздігін сақтауды үйренеді», – дейді ол. Варья Абдюсь есімді оқушы клубқа барғалы алған әсерімен бөлісіп, үйреніп білгенін жеткізді. «Өрт сөндірушілер дайындыққа бар-жоғы бір минут уақыт жұмсайды екен. Себебі де түсінікті. Олар адам өмірін сақтауға асығады. Бізге әр сабақ сайын отпен ойнауға болмайтыны айтылады. Үйден шығар кезде газды сөндіріп, тұрмыстық техниканы желіден ажыратып кету керектігін үйрендім. Бұл туралы сурет те салдым», – дейді оқушы.
Жайық НАҒЫМАШ