«Келешегіміздің келбетті, болашағымыздың баянды болуы бүгінгі жастарға тікелей байланысты. Өйткені олар – «ертеңімізді жасайтын бүгініміз». Елдің қуаты мен қозғаушы күші де – осы жастар. Сондықтан да жастардың сапалы білім мен саналы тәлім-тәрбие алып, саламатты болып өсуі – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі".
Нұрсұлтан Назарбаев
Президенттің жыл сайынғы Жолдауларының басым бағыттары жастармен тікелей байланысты болуы, кез келген мемлекеттік маңызы бар стратегиялар мен мақалаларында, сөздерінде өскелең ұрпақты тілге тиек етуі – соның айқын дәлелі. Қазір жастар арасында өз кәсібін ашып, кәсіпкерлікті жолға қойып жатқандары көптеп кездеседі. «Кәсіп - түбі нәсіп» деген нақыл сөздің сыры осында болса керек. Маңдайы терлемегеннің қазаны қайнамайды. Заман талабына орай жеке кәсібін ашып, ер азаматтармен бірдей еңбек етіп жүрген қыз-келіншектер де аз емес. Соның бірі - жыңғылдылық Айнамкөз Қалиева. Ол арнайы құрал-жабдықтармен жабдықталған шағын ғана сұлулық салонында қыз-келіншектердің шашын сәндеу, бетін әрлеу секілді жұмыстармен айналысады. Баламен үй шаруасында отырған оған жолдасы үйдің жанынан салып берген шағын ғана сұлулық салоны арманын ақиқатқа айналдырғандай болды. Еңбекке ерте араласқан оның бұл қызметпен айналысқанына бүгінде 10 жылға жуық уақыт болды. 9-шы сыныпты аяқтағаннан кейін «Әмбебап шаштаразшы» мамандығын меңгеріп, 16 жасынан бастап Ақтау қаласында жұмыс жасады. «Көш жүре түзеледі» демекші, ақырындап қолы үйреніп, қазір өз ісінің шебері. «Темірді қызған кезінде соқ» деген сөз текке айтылмаса керек-ті. Ол осы істі уақытында қолға алып, бастап кеткені үшін қуанады. «Сән әлемі күннен-күнге дамып келеді. Әрі өз ісімнің жемісін жеп отырмын. Бұл істің қиыншылықтары да жоқ емес. Әртүрлі адамдармен жұмыс жасайтын болғандықтан көптің көңілінен шығу қиын ғой. Әркімнің талғамы әртүрлі. Әрбір тұтынушымды күліп қарсы алып, күліп шығарып салуға тырысамын. Бетін әрлетуге келген қыз-келіншектердің бояндыру процесі аяқталғаннан кейінгі көңіл-күйі, қуанышы, өздерін танымай қалған сәті маған қатты ұнайды», - дейді Айнамкөз. Шоңай руының келіні Айнамкөз — екі ұл мен екі қыз өсіріп отырған үлгілі ана. Өмірдегі ұстанымы - иманды болу, артына саналы ұрпақ қалдыру. Ол Абай атамыздың «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар, қалан» және «Армансыз адам қанатсыз құспен тең» деген сөздерін ту ғып ұстайды. Ол өмірге әкеліп, бар дәмдіні аузына тосып, тәрбиелеген анасы мен қолпаштап көтеріп жүретін енесін үлгі тұтады. Үйде ата-ененің бабын тауып, бала тәрбиелеумен қоса, қолөнермен, шаш, бет әрлеумен шұғылданып жүрген Айнамкөз сегіз қырлы бір сырлы.Д.ҚОЖАБЕРГЕНҚЫЗЫ