Жаңаөзендік «Жалын» жоғарғы лигаға өтті
[ 2019 ] 7 наурыз, 07:32 | Жастар беті
Биыл «Жайдарманның» жоғарғы лигасына Жаңаөзен қаласының «Жалын» командасы қосылды. Таяуда ғана Маусымашар ойындарына қатысып келген жалындық Әбу Жолым, Берік Сұңғатов, Нұрлыбай Жұмағалиев және Райымбек Ералиевпен жолығып, команданың алдағы ойындарға дайындығымен танысқан соң, қазақ КВН-нің төңірегінде әңгіме өрбіттік.
- Ең алдымен, сіздерді жоғарғы лигаға өтуіңізбен құттықтаймын! Әңгімемізді команданың құрылуы, жайдарманға қашан және қалай келгеніңіз жайында бастасақ.
Нұрлыбай: - Негізі «Жалын» командасы 2013 жылы құрылды. Одан бері ойыншылар «Кешью»-дің құрамы секілді сан рет ауысты. Жігіттер үйленіп, жұмысқа тұрып, кетіп қалып жатты. Ал команданың қазіргі құрамы 2017 жылы жасақталды.
Әбу: - Оған дейін әрқайсымыз әр лигада ойнап жүрдік. Біз Берік екеуміз «Маңғыстау» құрамасы болып Ақтөбеде орталық лигада ойнадық. 2013 жылы республикалық маусымашар ойындарына қатысу үшін Нұрлыбай мені өзінің командасына шақырды. Кейін Берікті қатарымызға қостық. Содан Арман, Райымбек, Нұрсағын деген жігіттер қосылды. Қазір командада 8 жігіт. Тағы екі ойыншы қосылады. Былтыр премьер лигада өнер көрсетіп, жартылай финалдан ауылға қайтқан едік, биыл, міне, 5 жыл дегенде табан ет, маңдай тердің арқасында жоғарғы лигаға өтіп отырмыз. Ендігі жерде барымызды саламыз.
- Биылғы маусымда қанша команда өнер көрсетпек? Топта кімдер бар? Жоғарғы лигада өнер көрсетудің шарттары қандай? Ол үшін міндетті түрде премьер лигада ойнау қажет пе?
- Осы уақытқа дейін жоғарғы лигада 20 команда ойнап келген екен. Биыл ережелерге өзгеріс еніп, 4 топта барлығы 24 команда ойнамақ. Біздің топта былтырғы финалистер - ақтөбелік «Фемида», қызылордалық «Қоғалы көл», Алматыдан «Юсуф Мироғлының қарындастары», «Аялдама», «Тұран Астана» деген командалар бар. Лигадағы барлық команда бөліп-жарары жоқ мықты. Айта кететін қуанышты бір жайт – биылғы маусымда маңғыстаулық 3 бірдей команданың өнер көрсетуі. Олар - «Боранқұл», «Өзенмұнайгаз» және біз, «Жалын». Бұл Маңғыстау КВН-нің тарихында болмаған оқиға. Ал, жайдарманның тәртібіне келер болсақ, лигалар аймақтық, орталық, премьер, ашық және жоғарғы болып бөлінеді. Біз осы сатылардың бәрінен өттік. Бірақ қатып қалған ереже жоқ. Жылдың басында маусымашар фестиваліне елдің әр түкпірінен 300-ге жуық команда жиналады. 4 күн бойына редакция алқасы оларды тексереді. Жолдама сол жердегі ойынға қарап бөлінеді.
- Қазақша КВН лигасы қалыптасқалы бері республикалық ойындарға шыққан маңғыстаулық командаларды бір қолдың саусағымен санап алуға болады. Ақтаулық «Барыстар» мен өзіміздің «Мұнай тамшыларынан» қанша жыл кейін шығып тұрған команда мына сіздер мен «Боранқұл» ғана. Қалай ойлайсыздар неге?
- Мүмкін өңірдің менталитеті әзілге келе бермейтіндігінен болар. Қарап отырсақ, бізде сатириктер де, әзіл театрлары да жоқ екен. Тағы бір себеп, бәлкім, бізде жаңағы өзіңіз айтып отырғандай, еліктейтін аға буынның көп болмауынан шығар. Биыл енді, бұйырса, бұл олқылықтың орны толады деген, біздерге қарап көптеген жас буынның жайдарман ойнауға қызығушылығы артады деген сенімдеміз.
- Командаға әзілді кім жазады? Әзіл жазғанда неге мән бересіздер? Плагиатқа жол беріле ме?
- Команда мүшелерінің көпшілігі намаз оқып, дін жолында жүрген жігіттер. Қазір өзіңіз білесіз, ислам дініне деген үрке қараушылық көзқарас пайда болды. Мысалы, сақал қойған жігіттерді көп жағдайда қоғам қабылдай алмай жатады. Біздің мақсатымыз – осы стереотипті бұзу. Яғни, әзіл арқылы ислам діні жайында қалыптасқан қате пікірлерді жою. Командамыздың стилі де осы бағытта. Арамызда Арман деген жігіт бар. Бес уақыт намазын қаза қылмайтын, сақал қойған жігіт. Алғаш жайдарманға барғанда редакторлар оның мұндай түрмен сахнаға шығуына үзілді-кесілді қарсы болды. Бұл да жаңағы айтып отырған бүгінгі қоғамның стереотипі. Бірақ біз оларға барлығын түсіндіріп, қайта осындай жігіттерді халық алдына шығарып, олардың басқа адамдардан еш айырмашылығы жоқ екенін көрсетуіміз керек деп айтқанымыздан қайтпадық. Ақыр аяғында, міне көріп отырғаныңыздай Арман жоғарғы лигада, ұлттық арнаның эфирінде. Әзілді кім жазады дегенге келер болсақ, нақты бектілген адам жоқ. Әуелі идея пайда болады, оны ортаға саламыз, әркім өз ойын қосады, сосын ойнатып көреміз. Сәтті шықса, сахнаға алып шығамыз. Басты талабымыз - әрбір әзілдің астарында мән, халыққа берері болуы керек. Плагиат турасында айтар болсақ, бұл біздің ең мақтана алатын тұсымыз десек те болады. Осы күнге дейін басқа бір командалардың әзілін ұрлап немесе соларға ұқсап жататын сәттер бізде әлі болған жоқ.
- Кейде өз аулымымызда елді қыран-топан күлдіріп жүрген әзілдер республикаға барғанда «өтпей» қалып жататын кездер болады. Бұл әр жердің менталитетіне байланысты ма, қалай ойлайсыздар?
- Әрине, ондай жағдайлар кейде болып тұрады. Бәріміз бір қазақ болғанымызбен, әр жердің салты басқа, тұрмыс-тіршілігінде ерекшеліктер бар дегендей. Бірақ бір байқағанымыз Маңғыстаудың әзілдері Алматы, Ақтөбе қалаларында жақсы қабылданады. Ендігі жерде біз Астанада өнер көрсететін болғандықтан, елордалық аудитория қандай әзілді қабылдайды деген сұраққа жауап іздеп, анализ жасап, сол бағытта материал дайындап жатырмыз.
- Бүгінде қоғам ұсақталып кетті дегенге келісесіздер ме? Кейбір әзіл-сықақ кештерінде дөрекі, анайы, түк мағынасыз дүниелерге залдың қарқ болып күліп жатқанын көргенде көңілің құлазиды. Арзан күлкі неге өтімдірек болып тұр? Әлде біздің бүгінгі рухани өреміз осы отбасы-ошақ қасындағы әзілдерден әрі аса алмай қалды ма? Қалай ойлайсыздар?
Райымбек: - Мүмкін бұл жағдайды қазіргі әлеуметтік желілердің өте қатты дамып кеткендігімен байланыстыруға болатын шығар. Қазір «хайп қуған заман» болды. Түрлі вайнерлер бар, не болса соны әзіл етіп түсіре береді. Құнсыз дүниелер көп қаралым жинайды, демек қызығушылық бар деген сөз. Мүмкін әзілдің арзансып кетуі жастардың жаппай оларға еліктеуінен шығар деп ойлаймын.
- Бір командалар бар, бір тақырыпты айналшықтап шыға алмай қалып жататын. Дәл сол секілді бір образдан шыға алмайтын ойыншылар да жетерлік. Мысалы, кейбір командаларда бір жігіттер үнемі қыздың рөлін ойнайды, кейде асыра сілтеп жатады. Басында қызық болғанымен уақыт өте мұндай дүниелер жалықтырып жібермей ме? Түптеп келгенде, бұл команданың фишкасы ма әлде ізденістің жоқтығы ма?
Берік: - Бұрын бұл фишка болғаны рас. Мысалы, «Назар аудардағы» Ақболат әйелдің рөлін ерекше сомдайды. Оған жарасымды. Ал кейін Ақболатқа еліктеушілер тым көбейіп кетті. Жаңағы сіз айтып отырған асыра сілтеушілік те жоқ емес. Біз өзімізге әрдайым «Өнер қырандары» театрын үлгі тұтамыз. Ақыл-кеңес сұраймыз. Бірде театрдың әртісі Жанболат: «Кезінде командада қыздың рөлін көбіне мен ойнайтынмын. Кейін білдім, шариғат бойынша ер адам әйелдің кейпіне енбеуі керек екен» деді. Міне, осыдан кейін командамызға жедел түрде қыз алуымыз керек деп шештік. (күлді) Қыздың рөлін мүлде ойнамаймыз демейміз, әйтсе де тым әсірелемеуге тырысамыз. Жалпы, соңғы уақытта жайдарманда мұны орамал секілді немесе басқа да жай ғана бір элементпен көрсету немесе ең дұрысы, қыздың рөлін қыздың өзі ойнауы үрдіске айналып келе жатыр.
- Өздеріңізге ізбасар дайындау ойда бар ма?
- Қазір өңірімізде Жайдарман дамып, командалар көбейіп келеді. Білгенімізді үйретіп, жол сілтеп жіберген жас командалар көп болды. Мысалы, біздегі Нұрлыбай қаншама жас жігіттердің КВН-ге алғаш қадам басуына көмектесті. Мекемелер атынан шығатын командаларды дайындайды. Мысалы, қазір жоғарғы лигада Нұрлыбайдың шәкірті Нұрғали атты жігіт елордалық «Евроазиат» деген команданың сапында ойнайды. Қазір «Козырь» деген команда дайындап жатырмыз. Бұйырса облыстық маусымашар ойындарына қатысады. Міне, осылардың өзі біз үшін үлкен жетістік. Әлде де командалар шығару ойда, жоспарда бар.
- Ал, кезінде сіздерге жөн сілтегендер болды ма?
Нұрлыбай: - Жеке өзімнің жайдарманға келуіме бірден бір себепкер болған колледждегі Камшат апайым. Ал, КВН-нің не екенін үйреткен Нұрсұлтан Нұрғали деген жігіт болды. Қазір жоғарғы лигадағы «Өзенмұнайгаз» командасының капитаны. Жалпы, жайдармандағы ағаларымыз ретінде жаңаөзендік «Мұнай тамшылары» командасында ойнаған Ерлан, Райымбектерді атауға болады.
- Ұнататын командаңыз, үздік ойыншыңыз бар ма?
Әбу: - Жігіттерді білмеймін, өз басыма семейлік «Элемент» деген команда қатты ұнайды. Қазір бұл команда Ресейде А.Масляковтың жоғарғы КВН лигасында өнер көрсетіп жатыр. Жігіттердің тапқырлығына тәнті болам.
Берік: - Маған Оралдың «Грант» командасы ұнайды, оның ішінде Елжан деген жігіттің ойынын жоғары бағалаймын. Өзіміздің «Боранқұлдан» Нұрбол деген жігіт те керемет талантты.
- Жайдарманнан бөлек кім немен айналысады?
- Арман - мұнайшы, Берік - жастар орталығында бас маман, Райымбек – педагог, Нұрсағын – фотограф, Ислам – әнші, Әбу мен Нұрлыбай өнер саласында жүр.
- Жайдарман сізге не берді? Болашақты осы саламен байланыстырасыз ба?
- Танымалдылық берді, достар таптық және ой-өрісіміздің кеңеюіне жол ашты. Біздің қазіргі мақсатымыз – туған қаламыз Жаңаөзеннің абыройын асқақтатып, елге таныту. Қазақ халқы Өзеннен, Маңғыстаудан шыққан талантты жастарды көріп, сүйсінсе дейміз. Себебі, бізде көрінбей жүрген қабілетті жастар өте көп. Қазіргі бағытымыз осы. Ал кейін, жайдарманнан кетсек те, бөлінбей болашақта үлкен бір театр құрғымыз келеді. Мүмкін ол Маңғыстаудағы алғашқы әзіл-сықақ театры болар. Жігіттер киноға түсуді армандайды. Сырт көз сыншы дейді ғой. Бізге көптеген жайдарманшылар «Жалын» командасы «Өнер қырандарына», «Назар аударға» қатты ұқсайды. Жігіттердің әрқайсысында өзіне тән талант бар» деп жатады. Біз осыған марқайып қаламыз. Шындығында, жігіттердің бәрі өнерлі. Мысалы, Райымбек қара өлең оқығанда оған тең келер ешкім жоқ, Әбу домбырада ойнап, дәстүрлі әндерді нақышына келтіріп орындайды, Беріктің әртістік қабілеті, камера алдында өзін еркін ұстауы, Нұрлыбайдың тапқырлығы бір төбе, Ислам кәсіби әнші.
- Ойынға барып-келу шығындарыңызға кім көмектеседі?
- Бізде ешқашан тұрақты демеуші болған емес. Реті келсе бір реттік көмек көрсетіп, демеп жіберетін кісілер болатын, бірақ жалпы алғанда осы уақытқа дейін өз шығындарымызды өзіміз көтеріп келдік. Ал, биылғы маусымнан бастап «Жалын» командасына «Өзенмұнайсервис» ЖШС толыққанды демеушілік жасайды. Бұл біз үшін ең бір қуанышты жаңалықтардың бірі болды. Ендіден былай біз осы мекеменің атынан өнер көрсетеміз. Осы сәтті пайдаланып, «Өзенмұнайсервис» ЖШС басшысы Орынбек Тарғыновқа, мекеменің жас мамандары Али Өсеров, Орынбасар Сейдов және осы іске мұрындық болған Асқар Ноғай ағаларымызға алғысымыз шексіз.
- Жайдарманмен байланысты бастан өткерген қызықты оқиғамен бөліссеңіздер.
Әбу: - Қызықты жайттар өте көп болады. Қазір мына бір оқиға есіме түсіп отыр. 2017 жыл. Маңғыстау облысының чемпионаты. Финал. Ең бірінші әзілде мен қызына келіп тұрған жігітті қуатын әкенің рөлін ойнауым керек. Қолымдағы құтыда су бар, соны себелеп жүріп әлгі баланы қуалаймын. Сөйтіп жүргенде суды көп шашып жіберген болуым керек, сахнаның қақ ортасына келгенде аяғым тайып, гүрс етіп құладым. Залдың күлгені сонша кейінгі екі әзіл ойналмай жайына қалды. Сол ойында біз чемпион болдық. Айта берсең, қызықтар көп. Бір ғана Арманды әуежай қызметкерлерінің өте ұзақ тінтіп, тексеретінінің өзі бөлек әңгіме.
- Атақты сатирик Сейіт Кенжеахметұлының "Күле білу - өмір, күлкі болу - өлім, күлдіре білу - өнер" деген сөзі бар. Ендеше әңгімемізді «Өнерлерің өрге жүзсін, чемпион болыңдар» деген тілекпен аяқтаймыз.
P.S. Соңғы кездері газет-журнал оқымайтын бүгінгі жастар үшін Жайдарман қоғамда болып жатқан өзгерістерді, жаңалықтарды әзіл-сықақ түрінде жеткізетін құрал ретінде қызмет атқаруда. Кейбір БАҚ айта алмайтын саясаттағы, қоғамдағы келеңсіздіктерді көбіне жайдарманшылардың уытты әзілдерінен көріп жатамыз. Демек, дұрыс сын айта алатын, оны астарлы әзілмен жеткізе алатын командалар да қалыптасып келе жатыр. Көптеген экс-жайдарманшылардың қазір шоу-бизнесте, өнер әлемінде жүргенін де көріп жүрміз. Бұл дегеніміз - КВН сахнасы жастар үшін үлкен өнерге, табысты болуға жол ашатын дәліз. Сол үшін де, бұл салаға қызығушылық жоғары. Біздің бар тілеріміз, бес күндік танымалдылыққа мас болып, сахнада тұрып аузына не келсе соны көкитін емес, мәдениеті мен өресі биік ұрпақ қалыптасса дейміз.
Айжан НАСЫРОВА
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="74233,74234,74235,74231"]
1337
Маңғыстау Медиа
Редакциялық пікір мақала авторлары мен оқырмандардың пікірлеріне сәйкес келмеуі мүмкін. Жазба және пікірлердегі ақпараттың дұрыстығы үшін авторлардың өздері жауапты.