«Жалқаулық аздырады, еңбек оздырады» деген қарапайым мақал бар емес пе? Осы пікірлерді қолдайтын біраз жас арамызда жүр. Мысалы, Айтмағанбетов Амандықтың жасы небәрі 27-де болса, ал еңбекке араласқанына 6 жыл толды.
12 тамыз – Халықаралық жастар күніне орай аудан әкімінің орынбасары Т.Алтынғалиев алды 8 жылдан асқан, кейінгі толқын 1 жыл еңбек өтілі бар қарапайым жұмысшы жастардың көпшілігін арнайы қабылдады.
Слесарь жөндеуші, су құбырларын жөндеуші, сырлаушы, электр тоғын жөндеуші, монтер, жүк көлігін жүргізуші, бұрғылаушы, сұрыптаушы, өрт сөндіруші, арқандаушы шебер, механик, тағы басқалай қарапайым еңбекші болып жүрген жастар тобының біріккен кездесуінде бүгінгі жастарға үлгі боларлық көптеген әңгімелер айтылды. Бұл аталған мамандық иелерінің жастары әлі 30-ға толмаған жастарды құрайды. Бірақ еңбек етуге, қоғамға пайдасын тигізуге және өз күнкөрістері үшін де ақша табуда белсенділік танытады. Бүгінгінің талабы да сол – өзің сүйетін, қолыңнан келетін істі пайдана жарата білу емес пе? Ешбірі жұмыстарына шағым айтпады, қайта өздеріне ұнайтындықтарын жеткізді.
- Айналамыздағы барлық нәрселер адамға қажет болса, олардың көбі қарапайым жұмысшының қолымен жасалады. Елбасының өзі де бір сөзінде қарапайым қасықтың жасалу технологиясында оны балқыту, қалыпқа келтіру сияқты жұмысшы күші пайдаланылатынын айтты. Болашақта көптеген жұмысшылардың орнын бағдарлама орнатылған роботтар орындайды деп жатыр ғой. Бірақ еңбек адамының жасағанын роботтар жасай алмайды, сондықтан техникалық мамандықты оқу әрқашан сұранысқа ие болып қала бермек деді, - «Жастар ресурстық орталығының» басшысы Гүлшат Бөлтенова.
2014 жылы мемлекеттік грантпен оқып келген жастарды, 2015 жылы шетелде оқып жүрген жастарды, 2016 жылы үздік диплом иегерлерін және 2017 жылы аудандағы белсенді жастар легін арнайы қабылдаған аудан әкімі биыл өз таңдауын жұмысшы жастарға арнады. – Алғашқы кәсіптік мамандықтың тегін берілуіне көп көңіл бөлінуде. Ауданымыздағы колледждің де кәсіптік техникалық бағыты тегін оқытылады. Президент жоғары оқу орындарына бөлінген гранттардың көбін техникалық бағытта болуын тапсырды. Осы жасалып жатырған істердің өзінен-ақ бұл мамандықтардың сұранысы қоғамда жоғары екендігін білдіреді. Жастар мектеп бітіргесін өздерінің таңдағанынан да бұрын қай мамандықтың сұранысқа ие екенін анықтап алғаны жөн. Сонда кейін жұмысқа орналасуы өздеріне оңай болады, - деген аудан әкімінің орынбасары Т.Алтынғалиев жастардың баспанамен қамтылуында мемлекеттік бағдарламалар жөнінен де ақпарат берді.
- Бүгінде шағын бизнес дамыту жұмыстары жүріп жатыр. Әр адам өзіне жан-жақты жұмыс жасап үйренуі керек. Сервистік орталықтар, техникалық қызмет көрсететін пунктер, кафе-бар, болмаса мал шаруашылығы, егін егумен шұғылданамын деген жастарға ақыл-кеңесімді беруге, бағыт-бағдар көрсетуге әрдайым әзірмін. Несиелендіру үкімет тарапынан жүріп жатқанда жастар бар мүмкіндікті пайдалана алғаны жөн, - дейді аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы А.Күзембаев.
«Бүгінгінің кішісі – ертеңгінің кісісі» деген осы емес пе, кешегі оқушы бүгін жұмысшы болып, қоғамға араласып, өз орнын табуда.
Клара ҚАНСҰЛТАНОВА