2019 жылдың ақпан айында Нұрсұлтан Назарбаев Конституциялық Кеңеске жүгінді. Ол Конституцияның 42-бабының 3-тармағын Мемлекет басшысының өкілеттігін тоқтату шарттарына қатысты ресми түрде түсіндіруді сұрады.
Ал бір айдан кейін Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауында Мемлекет басшысы ретіндегі өкілеттігін өз еркімен аяқтауға ниетті екенін мәлімдеді. "Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы" Президенттің Жарлығына 2019 жылғы 9 сәуірде қол қойылды. 2019 жылғы 20 наурыздан бастап Конституцияға сәйкес, Қазақстан Республикасының президенті сол кездегі Сенаттың Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев болды. Ол ҚР Тұңғыш Президентінің сайлау мерзімі аяқталғанға дейін Елбасы болуға тиіс еді.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған тележолдауында 2019 жылдың 9 маусымында өтетін кезектен тыс сайлау туралы жариялады.
Мемлекет басшысы лауазымына жеті үміткер шықты. "Нұр Отан" партиясы қазіргі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевты сайлауға кандидат ретінде ұсынды. "Ұлы Дала Қырандары" республикалық қоғамдық бірлестігінен тең төрағасы, жазушы - Сәдібек Түгел үміткерлер қатарынан табылды. Қазақстан Кәсіподақтар федерациясы Батыс Қазақстан облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Амангелді Таспиховты, ал "Ақ жол" партиясы - Дания Еспаеваны президенттікке кандидат ретінде лайық деп таныды. Дания Еспаева Қазақстан тарихында президенттікке кандидат ретінде ұсынылған алғашқы әйел болды. "Ауыл" партиясы өз съезінде Төлеутай Рахымбековті, ал Қазақстан Коммунистік Халық партиясынан 2011 жылғы президенттік сайлауға қатысқан кандидат Жамбыл Ахметбеков ұсынылды. "Ұлт тағдыры "Біріккен ұлттық-патриоттық қозғалысы" Президенттікке кандидат ретінде Әміржан Қосановты таңдады.
Сол жылғы сайлауда Қасым-Жомарт Тоқаев жеңіске жетті. Ол дауыс беруге қатысқандардың 70,96% қолдауына ие болды. 9 миллионнан астам қазақстандық дауыс берген саяси науқанда екінші орынға Әміржан Қосанов (16.23%) тұрақтады. Ал ең аз дауыс Сәдібек Түгелге (0,92%) тиесілі.