Биыл 20 наурыздан бастап “Ақтау-Сайын Шапағатов” маршрутына жаңа автобустарды шығару жоспарланып отыр, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Маңғыстау облысы әкімдігінің телеграм арнасында Сайын Шапағатов ауылының тұрғындары қалааралық автобустардың жағдайы нашар екенін айтып, видеоүндеу жолдады.
«Таңертеңгі 7:20-ның автобусы. Қашанғы адамдар осылай қатынайды? Қарапайым халықтың жағдайын кім жасайды? Қашан дұрыс автобустар болады? Құр сөзбен халықты алдамай, іске кім көшеді? Кім жауап береді? Осындай қатынаспен жазда да жүреміз. Әкімдер осы көлікпен қыстың суығында, жаздың шіліңгір ыстығында жүріп көрсін. Сонда ғана халықтың жағдайын түсінер еді», - дейді ауыл тұрғыны.
Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының айтуынша, “Ақтау-Сайын Шапағатов” маршрутына жеке кәсіпкер А. Сералиев қызмет көрсетеді. Басқарма тарапынан бұл тасымалдаушыға маршруттардағы автобустарды жаңарту жөнінде тиісті талап қойылған.
«Қазіргі таңда тасымалдаушы өз есебінен “Вектор Next” маркалы жаңа 5 автобус сатып алды. Бұл автобустардың қазір тиісті құжаттары мен сақтандыру полистері жасалуда, GPS құрылғылары орнатылуда. 2024 жылғы 20 наурыздан бастап “Ақтау-Сайын Шапағатов -Ақтау” маршрутына жаңа автобустарды шығару жоспарланып отыр», - деді Маңғыстау облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы.