Маңғыстау облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қолдауымен, облыстық ғылыми-әдістемелік және мәдени қызмет көрсету орталығының ұйымдастыруымен ауылдық мәдениет мекемелерінің жұмысын жандандыру мен дамыту мақсатында облыстық «Үздік ауылдық мәдениет үйі» байқауы өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Маңғыстау ауданының әкімдігіне сілтеме жасап.
Облыстық байқауға өңірдің түкпір-түкпірінен 7 мәдениет мекемесі қатысып, жыл бойы атқарған жұмыстарымен таныстырды.
Нәтижесінде Онды ауылдық мәдениет үйі ұжымы бас жүлдені жеңіп алып, 900 мың теңгелік сертификатқа ие болды. Ал 3-орын иеленген Жыңғылды мәдениет үйі ұжымына 400 мың теңге көлеміндегі сертификат табысталды.
Сондай-ақ Үштаған ауылдық мәдениет үйі алғыс хатпен марапатталып, 300 мың теңгелік сертификатқа ие болды.
«Кеше ғана Орал қаласында өткен ақын Қадыр Мырза Әлі шығармашылығына арналған аймақтық-республикалық байқаудан бас жүлде иеленіп келген жерлестердің жеңісті жүлдесін жалғастырған маңғыстаулық мәдениет саласы қызметкерлерінің еңбегі ерен. Өнерпаздардың бұл жетістігі - ауданымыздың 95 жылдық мерейтойына сый деп санаймыз»,- делінген аудан әкімдігінің хабарламасында.
Айта кетейік, Маңғыстау ауданында 12 мәдениет үйі мен клуб бар. "95 жылдыққа-95 игі іс" жобасы аясында жазда Онды, Үштаған, Ақшымырау ауылдарындағы 3 мәдениет үйі жөндеуден өткізілді. Сондай-ақ бірнеше мәдениет үйі мен клубтардың материалдық-техникалық базасы жаңартылған.