Ақтауда теңіз жағалауындағы амфитеатр алаңында бас шырша шамын жағу рәсімі өтті. Іс-шара аясында тұрғындарға мерекелік концерт ұйымдастырылды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мерекелік кешке Ақтау әкімі Ұлықбек Тналиев, қала тұрғындары мен қонақтары қатысты. Жиында өнерпаздар жаңа жыл тақырыбында ән айтып, би биледі.
Айта кетейік, биыл жаңа жылдық шырша екі жерде орнатылды. Біріншісі амфитеатр алаңына қойылса, екіншісі Әбіш Кекілбаев тарихи-өлкетану мұражайының алдында.
-Іа-шара мақсаты – қала тұрғындарына мерекелік көңіл-күй сыйлау. Шыршаны безендірумен қатар, оның қасына кіші архитектуралық формалар орнатылды. Ақтау қаласының тұрғындары мен қонақтарын келе жатқан жаңа жыл мерекесімен құттықтаймын! - деді Ақтау қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Жанболат Жақыпов.
Аталған концертте викториналық сұрақтар қойылып, дұрыс жауап берген балаларға сыйлықтар үлестірілді.
-Жаңа жылды отбасылық мереке деп есептеймін. Себебі біз жыл сайын жаңа жыл мерекесін ақ дастарханымызды жайып, отбасымызбен бірге қарсы аламыз. Мерекелік іс-шара өте жоғары деңгейде өтті. Қала тұрғындарына осындай көңіл-күй сыйлаған облыс және қала әкімдігіне алғысымды білдіремін! Тұрғындарды жаңа жыл мерекесімен құттықтап, дендеріне саулық тілеймін! - деді қала тұрғыны Эльмира Тиянова.